Жалпы, қазақ Сиыр жылына құтты жыл ретінде қарайды. Халық сенімінде елдің жай-күйі мен ауа райы − жыл иесінің мінезіне, болмысы мен қасиетіне байланысты құбылып отырады. Бұл жыл қандай болады? Осы ретте біз Зеңгі баба жылына көріпкелдердің жасаған болжамдарына үңіліп көрелік.
XV ғасырда өмір сүрген француздың атақты көріпкелі Нострадамус 2021 жылы, Сиыр жылы «теңізде үлкен шайқас болып, қызыл өрттен жануарлар көп зардап шегеді» деп ескертіпті. Мұны мамандар болашақтағы табиғи апаттарды білдіреді, деп болжайды. Цунами, жанартаудың атқылаулары және теңіз бетіндегі өрт болуы ықтималдылығын да жоққа шығармайды. Нострадамус, сонымен қатар жаңа сауда-саттық мүмкіндіктерінің ашылуы туралы айтады. Қолөнершілердің өніміне сұраныс артатынын болжайды. Жақсылық пен жанашырлық қарым-қатынас та басты орын алатын көрінеді. Адамдар бірін-бірі тыңдап, келіссөздер жүргізуге мәжбүр болады, деп болжаған.
Ал белгілі болгар көріпкелі Ванга 2021 жылдың бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін екенін болжапты: табиғи апаттар, дағдарыстар және кейбір елдердегі өзекті мәселелер. Жағалаудағы қалалар үлкен толқын астында қалады, адамдар қорқынышпен өмір сүреді. Сейсмикалық және жанартау белсенділігі күшейеді дегенді де атап өткен.
Ал, біздің қазақтың осыдан 5 ғасыр бұрын өмір сүріп, «Шипагерлік баян» кітабын жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да Сиыр жылына қатысты өз болжамын жасап кеткен екен. Сиырды «маңғаз» деп атаған емші бабамыз: «Бұл жылдағылар − сусағыш, тамақсау, зілсіз, кексіз қаракеті біртоға, көмпіс, оңайлықпен сөз өтпейтін, тілге азбайтын, иісалмас болғанымен, жау тиіскенде айғай-аттанын естісе, не қан көрсе болғаны − намысы қозып, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бірі қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бірауызды, қаратұяғынан хәл кеткенше айқасатын, қауқарлы-қауқарсыздығына қарамайтын әрі өздерін және жастарын аялауға құштарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын, досқа адал, ақ пейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін, тек өлім ғана айыратын, ер көңілді сабаздар болып келеді» деп сипаттапты. Осыған қарағанда, Сиыр жылы туғандардың көбі елі үшін өгіз қара күшін салатын көпшіл азаматтар болады деп тұспалдасақ, теріс болмайтын секілді.
Кейбір болжаушылар «Сиыр жылы тарихта көбінде ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарға толы болған. Сондықтан биыл апаттар молайып, экономикаға қатты әсер етуі мүмкін» десе, астрологтардың кейбірі бұл пікірмен келіспей, «Сиыр жылы молшылық жылы болады. Қазақ халқы Сиыр жылын жақсылыққа балаған» деген уәж айтады. «Сиыр жылы жаңбырлы болады, астық бітік шығып, молшылыққа кенелтеді», «Сиыр жылы мөшке сиырдай молшылықтың жылы болады» деп те айтылады. Ел ішінде «сиыр мүйізін төсесе, жылдың басында сақылдаған сары аяз болады да, көктемдегі «отамалы», «сары атан-зауза» (амал аттары) кезінде қарлы боран соғып, мал төлдеп жатқан кезде апат болуы да мүмкін» деп қарайтын есепші қариялар да жоқ емес. Халқымызда Сиыр жылы туған сәбилердің мінезі біртоға, көнбіс келеді деген көзқарас, «Сиыр жылы туғандар сиыр бауыздамайды» деген тыйым бар.
Соңғы кездері ел ішінде «Мәшһүр Жүсіп айтқан Сиыр жылы келді» деген шағын бейнежазба тарап жүр. Мұнда өзінің қайтыс болатын мезгілін 10 жыл бұрын болжаған көріпкел әулие «Сиыр жылынан бастап Қазақ халқы нағыз бай-бақытты заманға жетеді» деп болжаған екен. Бұған дейін айтқандарының көбі айнымай келген әулиенің осы сөзін алға тартып, «келе жатқан жыл қазақ еліне үлкен жақсылық, көл-көсір молшылық әкеледі» деп қуанып жүрген отандастарымыз көп. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Лайым, солай болып, Сиыр жылының қазаққа сыйлар сыйы көп болсын, уайым-қайғы жоқ болсын. Алла тағала індетке дауа, жерімізге көз алартқан көрші елдерге тәупиық берсін деп тілейік.
Біз, қазақ халқы, ешқашан жақсылықтан күдер үзбеген елміз. Жақсы болады деген Тышқан жылында жамандық келсе, қиын саналып келген Сиыр жылында бәрі керісінше болып жатса деген үміт те жоқ емес. Сондықтан бұлт артынан күн шығады демекші, биылғы пандемиядан шаршаған ел келген жылда індеттен құтылып, жаймашуақ күн кешіп, көп жақсылықтарға кенелсін деп тілейміз!
Әкім ҚОЖАҰЛЫ