• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Наурыз, 2021

Немеремен байланыс әйелдердің өмірін ұзартады екен

1778 рет
көрсетілді

Ғасырлар тезінен өткен қазақтың отбасылық институты құндылықтарына батыс елдері енді ден қоя бастағандай. Бірақ бізге қарапайым болып көрінген тасқа басылмаса да санамызда мөрленіп қалған заңдылықтардан батыс елдері хабарсыз тәрізді. Себебі Recreo Viral  басылымы наурыз айындағы шығарылымында жасы жетпісті алқымдап қалған әйелдерге «немерелеріңізді күтуден шаршамаңыздар, бұл тек көтеріңкі көңіл-күй ғана емес, денсаулықтарыңызды жақсартып, өмірлеріңізді 10 жылға ұзартады» деп ақылын  айтыпты, деп жазады Egemen.kz.    

Evolution and Human Behavior журналында жарияланған зерттеу Берлинде тұратын 70 және одан жоғары жастағы 500 адам туралы мәліметтерді зерттеді. Немерелерін баққан ата мен әже қарамағанға қарағанда 20 жыл ұзақ өмір сүрді деген қорытынды жасалды.

Зерттеуге  олардың жалпы білімі мен тәрбиесі үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алған адамдар емес, анда-санда немерелеріне қамқорлық жасайтын аталар мен әжелер қатысқанын атап өту маңызды. Доктор Ронан Фактордың айтуы бойынша балаларға күтім жасау мен стрессті төмендету арасында байланыс бар, сондықтан балаларға қамқорлық жасау және олармен ойнау аталар мен әжелердің денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Соңғы зерттеу қорытындысын көпшілікке жеткізуге асыққан басылым «Қарттар мен балалар арасындағы достық және сүйіспеншілік қарым-қатынас ересектерге тек физикалық белсенділікке ғана емес, сонымен бірге бақытты болуға мүмкіндік береді» деп түйіндепті зерттеуін. Мұны оқып, «бұлай жазбасаң Батыс болармысың» деген ойымызды жасыра алмай отырмын.

Біздің елде тек немересін ұзатып, шөбересін жетілдіріп, шөпшегін сүйіп отырған әжелеріміз жетеді. Жоғарыдағы зерттеуді жүргізген басылым мұны естісе,  үш ұрпақтың өкілі бірге тұратын,  үш ұрпақтан тараған кемі 100 бала бөленіп өскен қазақтың қасиетті бесігі жайлы естісе, қазақ отбасылары үшін жеке-дара зерттеу жүргізіп, бақытты өмірдің, ұзақ өмір сүрудің формуласын басқаша түзуге  келетін шығар.