• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Наурыз, 2021

Азия отқа оранбаса екен

374 рет
көрсетілді

АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты әскери қолбасшысы қызметінен кетіп жатқан адмирал Филип Дэвидсон 9 наурызда өткен сенат комитетінің жиыны барысында Қытайдың алдымыздағы алты жыл ішінде Тайваньға шабуыл жасап, ол елді жаулап алуды көздеп отырғаны жайлы айтқан болатын.

Ал оның орнына жаңа қолбасшы болып тағайындалып жатқан адмирал Джон Акуилино 23 наурызда мұндай оймен келіспейтінін білдіріп: «Бұл проблема біз үшін көп адам ойлап жүргеннен де жа­қы­нырақ деп ойлаймын» деп, Қы­тай­дың Тай­ваньға одан да ертерек әскери шабуыл жа­сауы мүмкін екенін айтты.

Жаңа қолбасшының бұл сөзіне Қытайға қарсы қатаң саясатты қолдайтын саясаткер ретінде белгілі сенатор Том Коттон араласып, Ресей 2014 жылғы ақпан айында Сочи Олимпиадалық ойындары аяқтала сала, Қырымды өзіне қосып алғанын тілге тиек етіп, ал Қытайда келесі жылғы ақпан айында Бейжің Олимпиадасы болатынын алға тартып, Қытайдың Тайваньды келесі жылы-ақ тартып алуға талпыныс жасауы әбден мүмкін екенін меңзеді.

Әскери қолбасшы сенатордың бұл сө­зіне нақты пікір білдіруден қалыс қал­ға­нымен, жеке пікірін жасырмайтын қатар­да­ғы саясаттанушылар мен сарапшылар деңгейінде емес, жоғары деңгейдегі әс­ке­ри тұлғалар мен саясаткерлердің сенат коми­тетінің ресми жиыны барысында жуық арада Азияда соғыс басталуы ық­ти­мал екенін ашық айтып жатқаны әлемді алаң­датпауы мүмкін емес.

Ресейлік БАҚ-та жоғарыда аталған АҚШ сенатының екі жиыны жайлы, жиын­дар барысында айтылған мәселелер жа­­йында жаңалық ретінде ақпарат жария­ла­н­­­ғанымен, сенатор Коттонның көтерген мә­­се­лесі жайында, жалпы Тайвань тақы­ры­­­бы туралы нақты ештеңе айтыла қойған жоқ.

Ал Жапонияның ең ірі бұқаралық ақ­парат құралының бірі болып табылатын «Санкэй Шимбун» газеті жоғарыда атал­ған саясаткерлердің сөздеріне сілте­ме жасай отырып, бұл мәселеге арна­йы тоқталды: «АҚШ-тың әскери сала­ға қатысты мамандары арасында Ресей­дің 2014 жылғы ақпан айында Сочи Олим­пиада­сы аяқтала сала Қырымды жау­лап ал­ғанын үлгі тұтып, Қытай да келесі жылғы ақпан айына жоспарланған Бей­жің Олим­пиадасынан кейінгі көктем мез­гі­лін­де Тайваньға шабуыл жасау қаупі бар екені айтыла бастады» деп жазды. Оның үстіне, адмирал Акуилиноның Тайваньға қарсы Қытайдың әскери шабуыл жасауы ықтимал мезгілге байланысты: «Ауа райы мен климаттық жағдайды ескерсек, әскери тұрғыдан көктем айлары ыңғайлырақ» деген сөзіне жапондық журналистер көп көңіл аударғанын байқадық.

Ал жоғарыда аталған АҚШ сена­тын­­­дағы жиындардан бірнеше күн ғана бұ­рын, яғни 5 наурызда әйгілі амери­ка­лық «Pew Research Center» зерт­теу ор­та­лығы жүргізген қоғамдық сауал­да­ма­ның нәтижесі бойынша бүгінгі таң­да америкалық он азаматтың тоғызы (89%) Қытайды «бәсекелес ел» немесе «жау ел» деп қабылдайтыны белгілі болып отыр. Ал АҚШ пен ҚХР-дың қарым-қатынастарын температуралық көрсеткішпен есептеп көру мақсатында қойылатын сұраққа берілген жауаптар бойынша қазіргі америкалық қоғамда екі елдің арасы «салқын» деп есептейтіндер мен «өте салқын» деп ойлайтындардың саны 2018 жылмен салыстырғанда күрт көбейіп отыр (46%-67% және 23%-47%). Екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің маңыздылығына қатысты қойылған сұрақтарға берілген жауаптар да оңды болмаса, Қытайдағы саяси-әлеуметтік мәселелер мен адам құқық­та­рына байланысты, сондай-ақ ҚХР бас­шылығына деген сенімге қатысты қойылған сұрақтарға берілген жауаптардан да көп нәрсе аңғаруға болады. Сауалдамаға қатысқан азаматтардың жартысынан астамы (52%) Қытайдың әскери күшінің ұлғаюы өте үлкен проблема деп жауап бергені де оған дәлел болып отыр.

АҚШ-та өткен осы сауалдаманың нәти­жесі жайлы да сол күні-ақ барлық дер­лік ірі жапондық ақпараттық агент­тік­тері жарыса жазып жатты. Себебі Жапония АҚШ-тың Азиядағы ең жақын саяси-әскери одақтасы болса, бұл елдің бүгінгі таң­дағы ең үлкен саяси қарсыласы – Қы­тай екені белгілі. Сауда-экономикалық тұрғыдан Жапония мен көрші жатқан Қытайдың қарым-қатынасы өзара тиімді бол­ғандықтан, Токио Вашингтонға ұқсап қытайлық компаниялар мен ресми тұл­ға­ла­рына қарсы саяси немесе эконо­ми­калық санк­циялар жариялап отыр­ма­ғанымен, жалпы АҚШ саясатын қол­дауға мәжбүр.

Америка тарапының қысымымен Жа­пония үкіметі Қытайда жұмыс істеп жат­қан жапондық ірі өндірістік ком­па­ния­­лардың ол елден кетіп, Жапонияға қай­та оралуына жағдай жасауды ұйғарып, кө­шіп-қонуға қажетті қаражаттың көп бөлігін үкіметтік қолдау ретінде төлеп беруге дейін дайын екенін мәлімдеген болатын. Кейбір компаниялар үкіметтің айтқанына құлақ асып жатса, көптеген ірі компаниялардың басшылары Қытай нарығынан бұлайша оңай кете салуға болмайтынын айтып отыр. Жапония үкіметіне қарасты сыртқы сауда ұйымының (JETRO) өткен жылғы қыркүйек айында жүргізген сауалдамасының нәтижесі көрсеткендей, Қытайда жұмыс істеп жүрген жапондық компаниялардың аз бөлігі ғана (тек 7,2%) ол елден кетуді қарастырып отырған болса, бұл көрсеткіш көбеймек түгіл, алдыңғы жылмен салыстырғанда (9,2%) керісінше төмен­деп кеткен.

Жапондық ірі компаниялардың мұн­дай ойларының астарында ең бірінші үл­кен нарық факторының жатқаны анық. Мысалы, сонау 1980-жылдары жапо­ния­лық компаниялар арасынан ең алғаш Қытайға инвестиция құйып, зауыт салып, өз өнімін шығара бастаған Panasonic компаниясының қазіргі таңдағы осы елдегі табысы 16 млрд долларға же­тіп, компанияның жалпы табысының төрттен бір бөлігін құрап отыр. Олай болса, бұл компания мұндай нарықтан, мұн­дай бизнес көзінен қалай оңай бас тартсын?! Осыған байланысты Panasonic компаниясының жергілікті басшысы Тецуро Хомма: «Қытай сияқты үлкен нарықсыз жапондық өндіріс компания­лары ғаламдық деңгейде аман қалуы екіталай деп ойлаймын. Қытай қазір күллі әлемнің компанияларын өзіне тартып отырғандықтан, бұл елде өте қатаң бәсекелестік орта орнап отыр. Сондықтан Қытай нарығында болу деген әлемдік бәсекелестікке жол ашу деген сөз» дейді бел­гі­лі жапондық Nikkei ақпараттық агент­­тігіне берген сұхбатында.

Тұрмыстық электроника өнімдерін шығаратын компания үшін ғана емес, Toyota сияқты көлік шығаратын жапондық ірі трансұлттық компаниялар мен өндіріс және өңдеу салаларындағы тағы да басқа жүздеген жапондық компания үшін Қытай нарығы ең маңызды сауда-экономикалық факторға айналып отыр. Ал нарығы мен экономикасы дамыған сайын Қытай мемлекеті жапон бағытында да саяси тұрғыдан күрт өзгеріп, күшейіп келе жатыр. Егер жиырма бірінші ғасырдың басында Қытай экономикасы Жапониядан төрт есе кем болса, небәрі он жылдан кейін оны басып озды. Одан тағы он жыл өткен қазіргі таңда Қытайдың экономикасы керісінше жапон экономикасынан үш есе көп деңгейге жетіп отыр. Әлемдегі екінші және үшінші экономика ретінде екі елдің бір-біріне деген сауда-экономикалық және техника-технологиялық өзара тәуелділігі күннен-күнге тереңдей түсуде.

Ал енді екінші жағынан Жапония мен Қытай арасында тарихи мәселелер мен шешілмеген жер дауы бар. Әсіресе, Сэнкаку (қытайша «Дяодао») аралдары – екі елдің мемлекетаралық байла­ныс­тарының басты проблемасы. Қытай «тарихи әділеттікті орнату мақсатында» аралдарды тартып алам дегенді меңзеп, оларға жақын жерлерге өзінің әскери кемелерін жіберуді жиілетіп жіберсе, Жапония үкіметі: «Сэнкаку аралдары тарихи тұрғыдан да, халықаралық құқық тұрғысынан да Жапонияға тиесілі, өз жеріміз ретінде пайдаланып отырған аралдар болғандықтан, бұл мәселеге байланысты Қытай мемлекетімен шешілмеген мәселе жоқ бізде» дегенді қайталап келеді. Жапония үкіметі аталған аралдарды Қы­тай теңіз әскерінен қорғау мақсатында өз әс­керін күшейтіп, кемелер санын көбей­ту­ге талпынып отыр. Дегенмен, әсіресе әскери күш тұрғысынан Жапония қазіргі Қытайға қарсылас бола алмайтыны анық. Міне, сондықтан да Жапонияның АҚШ-қа әскери және саяси тұрғыдан тәуелділік дең­гейі одан әрі өспесе, жақын арада тө­мен­демейді.

Ал АҚШ үшін Қытайдың жалпы Тынық мұхит өңірі мен әсіресе, газ және басқа да түрлі минералды ресурстарға бай Шығыс-Қытай теңізінде көрші мемлекеттерге күш көрсетіп отырғаны дәл осы аймақтағы одақтас елдерді қорғау тұрғысынан маңызды саяси мәселе болып отыр. Мәселен, сөз басында айтылғандай, егер коммунистік Қытай Тайваньды әскери күштің көмегімен өзіне бағындыруға бел буса, АҚШ ондайға жол бермеуге тырысып бағатыны сөзсіз. Олай істемесе, яғни Қытай көздегеніне қол жеткізіп, діттегенін орындай алса, онда АҚШ-тың Тайвань алдында ғана емес, аймақтағы одақтастары болып табылатын Оңтүстік Корея, Филиппин, әсіресе Жапония сияқты мемлекеттер алдында саяси абыройына нұқсан келіп, жалпы әлем елдері арасында беделі төмендеп кетері сөзсіз.

Ондай жағдайдың қалыптасуына АҚШ сияқты алып елдің басшылығы жол бере қоймас, тіпті Жапонияның өзі де қарап қалмас десек, онда әскери қақтығыстан басқа қандай жол бар, міне, дәл осы сұрақ бүгінгі таңда ғаламдық деңгейдегі ең маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Жақында ғана Аляс­када өткен АҚШ пен ҚХР арасында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің нәти­же­сі екі мемлекет арасындағы сауда-эконо­ми­ка­лық соғыстың саяси соғысқа айналып отырғанын көрсетсе, екі ел арасындағы саяси салқындық жуық арада жыли қояды дегенге сену қиын. Сондықтан АҚШ-пен саяси тұрғыдан, ал Қытаймен сауда-экономикалық тұрғыдан жақсы қатынаста болуға мәжбүр болып отырған Жапония үшін сындарлы кезең туып отыр. Азияда өрт шығып кетуі әбден мүмкін заман туғанда Жапония үкіметінің сыртқы саясаты мен дипломатиясына дәл бүгінгідей әлем­дік деңгейде үміт артылмаған еді десек, артық айтпаған болар едік. Осы тұр­ғы­дан келесі айға жоспарланып отырған Жапонияның премьер-министрі Ёшихидэ Суганың АҚШ-қа ресми сапары мен президент Джо Байден арасындағы келіс­сөздер тек екі ел үшін ғана емес, халық­аралық қоғамдастық деңгейінде маңыз­ды саяси іс-шара болғалы тұр десек, қателес­пей­міз.

Әлем коронавирус індетімен алысып жатқан тұста жанкүйерсіз болса да биыл Жапонияда жазғы Олимпиадалық ойындар өтсе, келесі жылы Қытайда қысқы Олимпиадалық ойындар өтеді. Ол ойындардың қалай, қандай деңгейде өтетіні де осы алып елдердің саясаты мен өзара саяси-дипломатиялық қарым-қатынастарына байланысты болып отыр. Ең бастысы, Олимпиада ойындары саяси ойынға айналып, Олимпиаданың оты Азия елдері арасындағы үлкен отқа айналып кетпесе екен деп тілейік...

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы, халықаралық қатынастар саласы бойынша PhD докторы,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін