• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 26 Наурыз, 2021

Сахна саңлақтарды сүйеді

1492 рет
көрсетілді

Театр – тектілік мекені, хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер. Мұнда кірлеген сезімдер тазарып, жабыққан көңілдер жай табар ғажайып аура бар. Ол – қасиетті сахна арқылы көрермен жүрегіне құйылар ғажайып музыка – өмір әні.Театрға бір келген көрермен бірнеше жылға азық болар рухани қазына жиып, өмірдің өзгеше нотасын сезініп қайтады. Жүрегі сағыныш пен сезімге то­лып, жаңарып, адами келбетін толықтырып шығады. Ал көрерменіне жыл он екі ай бойы рухани азық сыйлап, бар өмірін өнерге арнап, қасиетті сахнаға адал қызмет етіп келе жатқан әртістер қауымы үшін көктеммен бірге көңілге де қуа­ныш сыйлай енетін ерекше ыстық мереке бар, ол – Халықаралық театр күні.

 

Бүгінде әлем бойынша бірнеше мың театр жұмыс істеп жатыр десек, соның әрқайсысы сахнасында өмірге келген қойылымдары арқылы адамның ішкі әлемін байытады. Театрға пенде болып кірген жан адам болып тазарып шығады. Себебі сахнада өмір мен адамды байланыстыратын нәзік те нәрлі діңгек бар. Ол – махаббат!

Махаббаттан нәр алып, өнер ту­дыр­­ған актер әлемі – шын мәнінде ұлы­лық­тың бастауы. Демек, бұл күн жай ғана Халық­аралық театр күні емес,  мы­на әлем­де жаны кірлеп,  рухани шө­­лір­кеген пенденің жаны сая табар ор­тақ құн­дылығының, Мельпоменаның ме­рекесі.

Рас, әлемді жайлаған індет адам­заттың өмір сүру қалыбы мен дағдысын түбегейлі өзгерткені анық. Соның ішінде мәдени өміріміз де біршама қиындықты бастан кешті. Әсіресе соңғы бір жыл сахна өнері үшін сынға толы болғаны және рас. Әлем бойынша барлық театрлар бір­неше ай бойы жұмысын тоқтатып, көрерменінен жырақтады. Ал әртістер сахнаға қайта оралар сәтін сағына һәм тағат­сыздана күтті.

Қуантарлығы һәм шүкіршілік етер­лігі – осындай қиын жағдай­ға қара­мастан, қазақ театрлары қарқынын жо­ғалт­пады. Тіпті елордалық бас театр­ – Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­мия­лық қазақ музыкалық драма театры ұжы­мының көптен күткен арманы орын­далып, өт­кен жылдың қараша айында төл ғимаратына қадам басып, ХХХ мерей­тойлық маусымының шымыл­дығын жаңа театр сахнасында «Абай» қойы­лымымен ашып, көрерменінен сүйінші сұрады.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың­ тікелей бастамасымен, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен  Арқа төрінен бой көтерген еңселі ғимарат – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының зәулім сарайы астанамыздың салтанатын одан әрі асырып, талғампаз көрерменнің көңілін ерекше серпілткені сөзсіз.

«Бұрыннан, астанамыз Арқаға көш­­кеннен бері ойлап жүруші едім. Елор­дамызда қазақтың ең үлкен драма театры болуы керек деп. Өзі де ме­нің ойым­да­ғыдай болып әдемі са­лын­ған екен. Сіздерге де үлкен қуа­ныш әкелген шығар деп ойлаймын. Осы орданың ішінде жақсы-жақсы әртістеріміз тәрбиеленіп шығатын болсын. Үздік шығармалар орындалатын болсын. Баршаңызға осы орданың ішінде табыс тілеймін, бақыт тілеймін», деп театр ғимаратының ашы­­­луына арнайы келіп, өнер ұжымын ай­ту­лы оқиғамен құттықтаған Елбасы Нұр­­сұлтан Әбішұлының лебізі шын мә­нінде өнер мен мәдениетіне құрметпен қарап, кірпияз өнерді бағалайтын мемле­кетіміздің мерейін асырып, мәртебесін асқақ­татқаны анық.

Иә, төл сахна өнері шежіре­сіне ой жү­гір­тер болсақ, тарихын өткен ғасыр­дың алғашқы ширегінен бастайтын ұлттық қазақ театр өнері өзінің даму жолында талай тауқыметті кезеңді басынан кешті. Қазақ жерінде тыңнан түрен сала тұңғыш кәсіби театрдың ірге­сін қалап, шаңырағын көтерген талап­керлерге алғашқы талпыныс оңай болмағаны анық. Себебі тарихы сандаған ғасырлармен есептелетін әлем­дік театрдың жүріп өткен ұлан-ғайыр жолымен салыстырғанда қазақтың ұлт­тық сахна өнері сол ұлы көште аяғын апыл-тапыл басқан сәбиді елестетеді. Тари­хы әлі жүз жылға да жеткен жоқ. Бірақ соған қарамастан, қазақ даласын­да әлем театрларымен талант тайталас­тыра алар драма өнерінің ұлы мектебі қа­лыптасты. Алаш топырағына театр­дай таңғажайып әлемді тарту етіп қана қой­май, кемел келешегі үшін жанын салып ұмтылған сол кездегі жалынды жастардың тау қопарып, мұхит кешкенмен пара-пар ерен еңбегі өткеніне құрметпен қарайтын ұлтымыздың ой­лы ұрпағы үшін тағылымның қайнар бұлағы. Өнер өткелдерін тілге тиек етер кез келген жан бұл ақиқаттан, уа­­қыт­ ағзам әділ бағасын айқындап бер­ген шежіре шындықтарынан әсте айна­лып өте алмақ емес. Төл сахна өнері­міз бүгін­де қандай да бір ұшпаққа шы­ғып, биік белестерді бағындырып жатса, ол да осы тамырын тектілік пен ұлт­тық құнардан тарқатқан ұлт өнерінің ұла­ғатты жолы мен тағылымының арқа­сын­да болса керек.

Осы орайда яғни театр майтал­ман­дарының кәсіби мейрамы қарсаңында елорда көрермендері үшін соңғы бір жыл ішінде жаңалыққа айналған үздік үш­тікті анықтап көруге тырысқан едік. Нәтиже төмендегіше тізбектелді.

 

Жыл қойылымы

Өткен жылдан бастау алған қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қазақ драма театрлары репертуарынан да айтулы орын алды. Кемеңгер тұлға бейнесін сахна төріне шығаруға ұмтылған елордалық өнер ұжымдары өз сараптауларындағы сан алуан бағыт, жанрдағы ақын бейнесін көрерменмен қауыштырды. 

Атап айтсақ, астаналық Жастар театры ұсынған Жұманазар Сомжүректің «Көзімнің қарасы» музыкалық драмасы бозбала Абайдың мөлдір әлемін, болашақ ақын мен ғашығы ару Тоғжан арасындағы нәзік сезім иірімдерін шебер жеткізді. Көрерменіне де тамаша рухани қуаныш сыйлады.

Абай мен Тоғжан тақырыбын одан әрі елорданың жаңа театры Нұр-Сұлтан қаласының музыкалық балалар мен жасөспірімдер театры Мұхтар Әуезов шығармалары негізінде жасалған тың туындымен жалғады. Жаңа театрдың тұсауын кесіп, шымылдығын түрген бұл «Абай-Тоғжанның» көрерменіне айтар өз сыры мен жаңалығы мол. Қойылым сонысымен ерекше есте сақталды.

Осыдан біраз жыл бұрын қойылған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловтің талантты режиссер Фархат Молдағали сараптауында сахнаға шыққан «Жан» моноспектаклін де Абайдың көркем әлемін тануға бағытталған батыл қадам­дар­дың бірі болды деп сеніммен айта аламыз.

Десе де, бас қала театрлары ұсынған Абай әлеміне арналған қойылымдарының ішінде Әлімбек Оразбековтің режиссер­лігімен қойылған М.Әуезов қаламынан туған «Абай» трагедиясының орны бәрібір бөлек. Қ.Қуанышбаев театры жаңа ғимаратының тұсауын кескен һәм алғашқы көрермендерін қабылдап, ха­лықтан сүйінші сұраған айтулы қойы­лым шын мәнінде өнердің үлкен жаңа­лығы болғаны анық.  

 

Жыл балеті

Тышқан жылының бекзат өнер балет көрермендеріне де ұсынған жаңалығы аз емес. «Астана Опера» театрында тұсауы кесілген  «Дала үні» ұлттық ба­летінің әлемдік премьерасы талғампаз өнер­сүйер қауым үшін өнердің үлкен жаңалығына айналғаны анық. Би тілінде бейнелі бедерленген балет шын мәнінде ұлттық өнер қоржынына қосылған қо­мақты олжа десек, титтей де артық айт­қандығымыз емес.

«Дала үні» қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлерін ғана баяндап қоймай, жалпы адами құндылықтар тура­лы да сыр шертеді. Өмірдің мәнін түсінуге мүмкіндік беріп, арманды жүзеге асыруға ынталандырады. Осы­лай­ша ол мазмұнды музыкасы мен ұлт­тық нақы­шының арқасында айрықша әрі әлемнің кез келген жерінде әбден түсінікті бірегей туындыға айналды. 

Заманауи хореография тілімен жет­кізілген айтулы балетке өнердің кіл жүй­­ріктері атсалысты. Атап айтсақ, қою­шы дирижер – Абзал Мұхитдин,  либрет­то авторы – танымал қазақстандық ки­но­ре­жиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайыр­беков, хореографиялық либретто адап­тациясының авторы – Жан Франсуа Вазель, қоюшы балетмейстер – Патрик де Бана. Ал қойылымда басты рөлдерді театр примасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева, Ғалымжан Нұрмұхамет, Далер Запаров, Аделина Төлепова, Әсел Кенжебекова, Жәнібек Ахмедиев, Олжас Тарланов бастаған таланттар шоғыры кемеліне келтіре кейіптеді.

 

Жыл операсы

Опера әлеміндегі жылдың ең үздік қойылымы қатарына Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық операсын батыл қосуға болады. Премьерасы «Астана Операда»  өткен жылдың жел­тоқсан айында зор жетістікпен өткен қойы­лым шын мәнінде өнердің зор табысы болды.

«Махаббат сусыны» – италиялық сазгер Г.Доницетти шығармашылығының шыңы. Әлемдік деңгейдегі үздік шығар­маны әйгілі дирижер Алан Бөрібаев пен франциялық режиссер Арно Бернар сахна төріне алып шықты. Қойылым тобы көне операның кейіпкерлерін қазір­гіге барынша жақындатып, заманауи ерекшеліктерін һәм өзектілігін дөп тапқан. Күтпеген бетбұрыстармен қарыш­тап дамитын оқиға желісі хикая­ны жан-жаққа бағыттады. Бас кейіп­кер Неморино (Жан Тапин, Дамир Сәдуақасов) дәулетті ару Адинаға (Сал­танат Ахметова, Альфия Каримова) ғашық, бірақ сезімін білдіруден қорқақ­тайды. Адина да сержант Белькореге (Талғат Мұсабаев, Талғат Ғалеев) тұр­мыс­қа шыға жаздағанына қарамастан, шын мәнінде Немориноны жақсы көреді. Шым-шытырық жағдайдың түйінін дүмше емші Дулькарама (Бауыржан Әндер­жанов, Евгений Чайников) сәтті шешеді.

Спектакль өте үйлесімді әрі өзекті тақырыпты арқау еткен һәм қойылымның көркемдік кілті дөп табылған. Ғажайып-эликсир бар-жоғы фарс болғанымен, оқиға барлығы үшін бақытты да баянды аяқталады.

P.S. Өнер әсемдігімен һәм өзектілігімен өзекті. Сахнада жасаған бейнелерімен өмір сүріп, сол арқылы көрерменін кемелдендіретін, саф таза сұлулықтан  нәр алып, өрісті өнер тудыратын актер әлемі –  шын мәнінде ұлылықтың бастауы, ерен еңбектің шыңы. Ендеше, мыңдаған жылдар бойы адамзат жанын рухани кемелдендіріп келе жатқан, аса мәртебелі театр өнерінің майталмандары, баршаңызды төл мерекеңізбен құттықтаймыз!