Еліміздегі Жер реформасы жөніндегі комиссияның тарихы 2016 жылдан бастау алады. Биыл сол жұмыс қайта жанданып, екінші кезеңге қадам басып отыр. Сондықтан қоғамда туындаған даулы мәселелердің шешімін табуға негізделген мұндай алаңдардың пайда болғанын әрқашан қолдаймын. Маңызды мәселелер жабық есік жағдайында емес, халықпен келісіле, талқылана отырып шешілгені жөн.
Әрине Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылғанын жақсы білеміз. Қолдайтын да, сынап-мінейтін де сөздерді құлағымыз шалып жатты. Алайда кез келген жұмыс нәтижемен өлшенетінін ұмытпауымыз қажет. Бұл ретте аталған комиссия алға қойған міндеттердің бірқатарын атқарып үлгергенін айтқым келеді.
Бір кездері қазақ жерінің шетел азаматтарына ұзақ мерзімге жалға немесе меншікке берілу мәселесі – ел арасында дүрбелең, дау-дамай туғызғаны белгілі. Осы мәселеге біржола нүкте қойылды. Мемлекет басшысы ұсынған тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр. Бұл шешімді азаматтық қоғамның зор жетістігі деп бағалауға болады. Оған осы комиссияның жемісті жұмысы арқылы қол жеткізгеніміз анық. Нақты нәтиже деп отырғанымыз – осы.
Соған қарамастан, жерге қатысты әлі де түйіні шешілмеген түйткілді мәселелер бар. Енді Қазақстан осы жердің тағдырын қалай шешеді деген мәселе пайда болды. Мәселен, еліміз жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орынға тұрақтағанымен, халықтың тығыздығы бойынша көш соңында келеміз. 1 шаршы шақырымға 6 адамнан ғана келеді. Бұл – әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Ал жеме-жемге келгенде отандастарымызға жер жетпей жатқанын естиміз. Айналдырған 10 сотық жердің өзіне қол жеткізе алмай отырмыз. Кез келген ауылдың айналасындағы жердің бәрі бәз біреулердің қолында болып шығады. Ауылдықтар соның кесірінен жайылым таппай зар қағып жүр.
Әрине бұл Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы ғана. Сондықтан бұл отырыста ең алдымен жұмыс тәртібі, регламенті, ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ бірталай азаматтар сөз сөйлеп, 50-60-қа жуық орынды ұсыныстар айтылды. Ашық әңгіме болды. Ең бастысы, маңызды мәселелердің барлығы қоғаммен бірлесе отырып шешілетін болады.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаткер, Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі