Коронадағдарыс былтыр ел экономикасын айтарлықтай теңселтті. Сондықтан дағдарысқа қарсы шаралар қабылданды. Бұл салықтық жүктемені төмендетуге және қаржыландыруды арттыруға бағытталды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, былтыр бизнес саласына ерекше назар аударылды. Мәселен, 2020 жылы енгізілген мораторийдің нәтижесінде бизнес субъектілерін тексеру 4,6 есе азайған. Оның ішінде шағын және микробизнесті тексеру 7 есе кеміді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін субсидиялау 7 млрд теңгеге артты. Сондай-ақ салалық шектеулер алынып тасталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге көбейген. Субсидиялау мерзімі 10 жылға дейін ұзартылып, тауар мен көрсетілетін қызмет тізбесі кеңейтілген. Кепілдік беру құралы жақсартылғанын да атап өткен жөн.
– Бизнес-ахуалды жақсарту үшін заңнамалық түзетулердің 8 топтамасы қабылданды. Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing business рейтингінде үш сатыға көтеріліп, 192 мемлекеттің ішінен 25-орынға ие болды. «Қабылданған шаралар 2020 жылы ішкі жалпы өнім құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесінің 30,5 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етті, – деді Әсет Ерғалиев министрліктің алқа отырысында.
Ведомство басшысының айтуынша, былтыр мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және бәсекелестікті дамыту шаралары қабылданды. Жекешелендірудің 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталып, 736 ұйымды бәсекелі ортаға шығаруды көздейтін 2025 жылға дейінгі жаңа жоспар әзірленді. Бұл ретте, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14,9 пайызға қысқарған.
– Тарифтік саясатта тұрғындарға арналған тарифтердің өсуін тежеу бойынша жұмыстар атқарылды. Осы жылдың басында тұрғындарға арналған тарифтің өсуі тежелді. Оның ішінде, сумен жабдықтау 0,34 пайызға, жылумен жабдықтау 3,75 пайызға, су бұру 1,37 пайызға және электрмен жабдықтау 3,92 пайызға төмендеді. Бұдан бөлек 2020 жылы төтенше жағдай мен карантин кезінде тұрғындарға арналған тарифтер орташа есеппен 7,4 пайызға азайды. Нәтижесінде, халықтың 1 млрд теңгесі үнемделді, – деді министр.
Инвестиция тарту да кенжелеп қалған жоқ. 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін 1,5 трлн теңгеге 863 мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобасы жасалған. Былтыр жобалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 86 пайызға өскен.
– Ірі қалалардың төңірегіндегі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасты. 23 млрд теңгеге 49 жоба іске асырылды. 112 шақырым автожол, 1 мың шақырым инженерлік желі, 11 әлеуметтік нысан салынды. 19 моноқала мен 7 шағын қалада 670 жұмыс орны құрылып, 200 шақырым жол мен инженерлік желі жаңғыртылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 90 млрд теңгеге 986 жоба жүзеге асырылды. «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша өткен жылы 8,8 мың маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 5 мыңы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді Ә.Ерғалиев.
2020 жылы салық заңнамасына бизнесті қолдау мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның бірі – мүлік салығын төлеуден босату. Жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығын төлемейтін болды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын сату мен импорттау үшін қосымша құн салығы мөлшерлемесі 12 пайыздан 8 пайызға төмендетілді.