Биыл облыс орталығында салынатын Мүгедек балалар мен ересектерді оңалтуға қызмет көрсететін өңірлік көпбейінді орталықтың арнайы жобасы әзірленген. Қала әкімдігінің мәліметінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп қолға алатын орталықта ерекше балалардың аналарына психологиялық кеңес кабинеттері, еңбек терапиясы, балаларға арналған бассейн жасалуы мүмкін.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмира Жүсіпованың айтуынша, мақсат – өмірлік қиын жағдайға тап болған жандардың мұқтаждықтарына барынша сергек қарап, көмек қолын созу. Бұл күндері өңірдегі 1 739 нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бейімдеу жұмыстарын жасағаны туралы құжаттарын алды. Енді қалған 349 нысанды бейімдеу жұмыстары жалғасуда. Мүгедек жандар, балалар, жасөспірімдер қоғамда өзін емін-еркін сезінуі үшін әрбір нысандағы бейімдеу жұмысы өте қажет.
Биыл өңірдегі ерекше қажеттіліктері бар жандарды әлеуметтік оңалтуға 1,9 млрд теңге бөлініпті. Ата-анаға немесе қамқоршыға берілетін жолдама құнының 50 пайызын өтеу үшін қалалар мен аудандар осы мақсатқа 40 АЕК беруге дайын.
Дегенмен ерекше жандардың мұқтаждықтарына барынша адамгершілік тұрғысынан қарайтындар қатары әлі де сирек. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында айтып, әлеуметтік салаға жауапты құрылым қызметкерлерінің өз жұмысын талапқа сай атқара алмай отырғанын сөз етті. Яғни ерекше күтімге мұқтаж жандарды қолдаудың және оларға барынша қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын жеткізіп, оны мемлекеттің әлеуметтік саладағы басты міндеттерінің бірі екені айтылды.
Мысалы, облыстық әкімдіктің қабылдау бөлімі арқылы келіп түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандарға тиесілі болса, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың атына осы жылдың өткен екі айы арасында әлеуметтік қолдау алу мәселелеріне байланысты 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Шағымданғандар негізінен мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін дұрыс атқармайтынына, қағазбастылыққа реніштерін жеткізген.
«Кішіпейілдік пен адами қарым-қатынасты ұмытпау керек. Мұндай өтініштерге үлкен жауапкершілікпен қарау керек», деді мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне арналған кезекті жиында облыс әкімі.
Сонда бұл қызметкерлер Үкіметте «Әлеуметтік кодекс» тұжырымдамасының әзірленіп жатқанынан, әлеуметтік бағдарламалар қызметі құрылатынын, елімізде әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қайта жаңғырту мәселелері өзгеретіні, яғни мемлекет көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға басымдық беретіні жайлы жаңашылдықтарға мән бермеген сияқты.
Үлгі боларлық мысал, облыстық «Қызыл Жарты ай» қоғамының басшысы Гүлнәр Исақанованың айтуынша, қоғам мүшелері шетелдік демеушілердің көмегімен Павлодар қаласындағы төрт, Екібастұздағы екі және Ақсу қаласындағы бір оңалту орталығына барып, ондағы өмірлік қиын жағдайдағы 120 балаға, 220 ересек адамға жылы көрпелер, төсек-орын жабдықтарын және балалар киімдерін апарған.
Басқарманың мәліметінше, өңірдегі әлеуметтік осал топтар санатында 80 мыңнан астам адам бар. Олардың үштен бірі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Биылдан бастап әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізіліп, қолданыстағы кейбір төлемдердің мөлшері ұлғайтылуда. Мысалы, жалғызбасты және жалғыз тұратын I, II және III топтағы мүгедектердің әлеуметтік төлем мөлшеріне, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен аз қамтылған отбасыларға өтемақы енгізілді. Жалғызбасты 500 мүгедекке берілетін ай сайынғы төлем мөлшері үш есеге ұлғайтылып, 1 235 аз қамтылған отбасына ай сайынғы өтемақы берілмек.
Сонымен қатар тұңғыш балалары туғанда мұндай отбасыларға 20 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлем тағайындалады. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен жүкті әйелдер жүктілік есебіне 12 аптаға дейінгі мерзімде тіркелген жағдайда белгіленген бірыңғай төлем мөлшері – 20 АЕК.
«Бірақ кейбір мәселелерді министрлік арқылы емес, жергілікті жердегі денсаулық сақтау, әлеуметтік сала бойынша қызмет жасайтын басқармалар еш дәлелсіз-ақ жасауға болады. Мысалы, емханаға барғанда арнайы құжаттарды көрсетуге, дәрігерге кезексіз жүгінуге бола ма деп сұрау қажет. Осындай дәлелдеуді қажет етпейтін қажетсіз шектеулер болмас үшін барлық емханада кабинеттердің есіктеріне «Мүгедектігі бар жандар, балалар қабылдауға кезексіз кіреді» деген тақтайша ілу керек», дейді ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналары.
Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер порталында берілетін жаялықтардың сапасының нашарлығы және ерекше қажеттіліктері бар балаларын емханаларға алып барудың қиындықтарын қала әкімі Ержан Иманслям бастаған денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының және Nur Otan партиясының өкілдерімен кездескен балалардың аналары айтып берді. Қоғам белсендісі Елена Юрченконың айтуынша, облысқа сыйымдылығы 500 адамнан артық болатын оңалту орталығы қажет. Жалпы, ауруханалардың екінші қабаттарында мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасау, ауруханаға жатқызу кезінде ерекше баланы ата-анасының бірімен тегін алып жүру, санаторлық-курорттық емдеу, жағалауда, өзен айлағында, құтқару стансасында, жағажайларда арбамен жүрушілерге арналған пандустар орнату қажет.
«Қазір орталықтың нақты жобасы бар, жер де бөлінуде. Облыс орталығындағы Малайсары батыр көшесі, 52 мекенжайында құрылыс салынбақ. Орталық күніне 150-ге жуық мүгедек балаларды қабылдай алады. Ашылуы 2022 жылға жоспарланған», деді қала әкімі.
Ал облыс орталығында Мүгедек балалар мен ересектерге арналған көп бейінді қазіргі заманғы оңалту орталығын салу жайы жылдар бойы айтылып келеді. Өңірде 3 мыңға жуық мүгедек бала бар, бұл балаларға арналған оңалту және санаторлық-курорттық орындар да жеткіліксіз. Әрине, жаңа орталық жұмысының негізгі бағыттары медициналық көмек, ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту және сауықтыру екені түсінікті.
Ашылуы 2022 жылға жоспарланған орталық – өңір үшін өте қажетті жоба. Тағдыры талайлы, өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж жандардың асыға күтіп жүргендерін де ойлайық.
Павлодар облысы