• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Наурыз, 2021

Амалбек Тшанов: Майшам жарығымен жұмыс істеген кездер де болған

2220 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылын елмен бірге жүріп өткен тегеурінді тұлғалар қатарындағы Амалбек Тшановтың есімін ел шежіресі аттап өте алмасы ақиқат. Бөлек талапшылдығымен, тәуекелшілдігімен егемендіктің елең-алаңында билікке келіп, саясатқа араласқан азаматтың аз уақытта атқарған ілкімді істері қай кезде де менмұндалап тұра бермек.

Жүсіп Баласағұнның: «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» дейтін тәмсілі осындай қайраткерлерге қарата айтылғаны даусыз.

Сөз басында кемел шақтағы Амалбек Қозыбақұлын алдымен бүгінгінің оқырманына Шымкент қаласының әкімі, екі рет Жоғарғы Кеңестің, екі рет Парламент Мәжілісінің депутаты, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрі, Жамбыл облысының әкімі сынды аса жауапты қызметтерді атқарғанын айта кету керек.

Ең қызығы, бір кездегі КСРО спорт шеберіне, Бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысына жазмыш қайтадан сүйікті ісіне оралуды бұйыртқан екен.

Бұл күндері Амалбек Қозыбақұлы Алматыдағы «Республикалық спорт колледжі» РМҚК директоры. Қарамағындағы 500 баланың ішінде болашақ спорт майталмандары – Олимпиада, әлем чемпиондары жүрмесіне кім кепіл?!

Дегенмен, 1991 жылғы Тұңғыш Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі болған тұлғамен әңгімені әріден бастадық.

– Тәуелсіз­дігі­міздің бедерінде би­ліктің атынан ауып түсіп қалмай келе жатқандар жет­кілікті. Әкімдік қызмет Шымкентте бар болғаны екі жылға жуық, Жам­был облысын екі жылдан астам ғана бас­қарсаңыз да әлі күнге дейін «Амалбек Тша­нов» деген аттың өшпей, елдің аға­лап, алдыңызды кеспей, сыйлап, іздеп жүретінінің сырын өзіңіз де талай рет па­расат таразысында безбендеген боларсыз?

– Шен мен шекпен, лауазымды қызмет, қиындық пен қуаныштардың, тіпті өмірдің өзі де өткінші екендігіне шүбә жоқ. Негізгі мамандығым инженер-құрылысшы болса да, музыкаға бейім, спортты сүйетін бала Амалбекті, кейін өндірістік салада жүрген мені пешенедегі жазу кездейсоқ – үлкен саясатқа, басшылық қызметтерге алып келді. Ешқандай партияның атын жамылмай-ақ, еңбектенгенімді көрген елдің қолдауымен төрт рет депутат болыппын. Қазір оң-солымызды парықтайтын жасқа келдік. Өз басым қателеспедім, кіршіксіз ғұмыр кештім, қиянат көрмедім дей алмаймын. Адам періште емес. Кейде сөзден, кейде істен жаңыласың. Бірақ ел айтпай тұрмайды. Сіздің сұрағыңызға өзім де өмірде көрмеген, әлеуметтік желіден көзім шалған бір тараздықтың сөзін келтірейін.

«Еркінбек Серікбайдың постына салған фотоға қарап отырып, Тараз қаласының тұрғыны ретінде Жамбыл облысының бұрынғы әкімі А.Тшанов туралы өте жоғары пікірдемін. Облыстың әкімдерінің ішінде небәрі екі жыл жұмыс істесе де осы әкім ғана жұрттың аузында жағымды, жақсы пікір қалдырды. Тшанов мырзаның облыс әкімі лауазымына келуімен қала мен облысқа алғаш рет жан бітіп, қайта құру саясатынан 1996 жылға дейінгі кезеңде қалғып кеткен жұрт ұйқысынан оянғандай болды», деп жазған Серік Қалымбетов деген азамат әрі қарай менің әкімдіктен кеткеніме өкініш білдіріп, барлық әкімдер сияқты менің де қызмет барысында жіберген кемшіліктерім мен қателіктерім болуы мүмкіндігін,  бірақ шын мәнінде ел игілігіне жұмыс істеп, қысқа мерзімде жамбылдықтардың жүрегін жаулаған, қала мен облыс тұрғындарының нағыз қошеметіне бөленіп, көпті мойындатқан басқа әкімді көрмегенін айтыпты.

– Сұхбатымыз осылай басталған соң сұрайын, «Тшановқа Жамбыл облы­сында мүмкіндік бермеді. Небәрі екі жылдық билік. Соның өзінде дендропарк, ипподром салдыруды бастады. Бірақ бізде өмірде жемісі бар ағашқа тас пен таяқ көп лақтырылады...». Бұл сөзді Шерхан Мұртазадан қиып алып отырмын, аға... Сіз биліктен кет­кеніңізге емес, бастаған іс­теріңізді аяқ­тай алмағаныңызға көбі­рек өкінетін сияқтысыз?

– Қол қусырып қарап отыра алмайтын, айналысатын ісі бар адам кез келген қиындықты еңсере алады. Әйтпесе, үлкен лауазымды қызметтен кенеттен, қиянаттан кеткен небір атпал азаматтардың осыны көтере алмай, өмірден өтіп кеткенін де білемін. Бұл сауал алдымнан ылғи көлденең шығады. Барлық кезде де айтып келемін. Әке-шешем мені әу баста кресломен, тек әкім болсын, депутат болсын деп туған жоқ. Қарапайым ғана отбасында, жалаң аяқ, жалаң бас қарабайыр күн кешіп, еңбекпен көзімізді ашып, жетілдік. Әкеміз қаршадайымыздан таңғы бесте тұрғызып, тауға қамыс оруға алып кететін.

Өкініштісі сол, Жамбыл облысында ауқымды бағдарлама жасап алып, оны орындауға құлшына кірісіп кеткен болатынбыз. Мен елді түсініп, ел мені түсініп дегендей, білек сыбанып жұмыс істеп жүрген ке­зімізде бәрін бел ортадан тоқтатуға ту­ра келді. Облысқа әкім болып келгенде ол қызметтің де басы-аяғы болатынын білгенмін. Бірақ барды бар, жоқты жоқ деп, ойымды бүкпесіз айтатын, басшылық қызметке өндірістен келген маған «сая­сат дәлізіндегі» ойындарды меңгеру бұйырмапты. Егер дұрыс жұмыс істесең, бәрі дұрыс болады деген ойымның дұрыс еместігін де кеш түсіндім.

– Есесіне осы екі жылдың ішінде Тараздың көне атын қайтарып, шаһар­дың кіреберісіне «Тараз қақпасын» орнатып үлгердіңіз. Сол 90-жылдардың бел ортасындағы қаңыраған кезеңдерде тәулікпен санаспай жұмыс істеп, жам­былдықтар арасында «Тшановтың майшамы» деген аңыз іспетті сөз қалыпты.

– Сенсеңіз, әкім болып тағайын­дал­ғаннан кейін алғашқы бір ай бойы майшамның жарығымен отырып, жұмыс істедік. Таң­ғы 6-да орынбасарларым мен жетекші бөлімдердің басшылары аудандарды шарқ ұрып, аралап кетеді. Кеш бата әкімшілікте жиналады. Содан түнгі 2-ге дейін майшамды, қолшамды айнала отырып, бүгін, ертең тындырылуы тиіс­ті істерді талқылаймыз. Осы бір айда Өз­бекстан мен Жамбылдағы механикалық зауыттың арасында үзіліп қалған әріп­тестік байланыс­тарды қайта орнаттым. Қанша дегенмен де бұрын өндірісте тә­жірибе жинағаным бар. Өзбекстанға ке­ректі он-сан түрлі механикалық құрал-жабдықтарды уақтылы жіберткізіп, есесіне келісімшарт­ты қайта бекемдеп, бір айдың ішінде Жамбылға «көгілдір отынды» алаулатып алып келдік. Осының бәрі менің тікелей қадағалауымда болды. Көп ұзамай электр жарығы да жетті. Елдің сондағы қуанғанын көрсеңіз. Бұл – менің ең бірінші жеңісім еді. Ол газ мен облыстан кеткенше өшкен жоқ. Өзім туып-өскен өлкені басып өтіп, Жамбыл облысына тоқтаусыз беріліп жатты. Ол кезде көрші Оңтүстік Қазақстанның орталық қаласында екі жылдай газ болмады.

– Сол 90-жылдардағы халықтың басына түскен ортақ тауқымет – нәпақа іздеп қалаға ағылған адамдар, мықты мамандардың мұқтаждықтан сауда-саттыққа кетуі... Кәдімгі көп қабатты үй­лер­дің ауласына от жағып, нан пісір­ген­дер болды. Осының бәрі тез ұмы­тыл­ғаны өкінішті... Дегенмен, дәл осы кезде сіз Тұңғыш Президенттің командасына келіп, Шымкент қаласына тағайындалған тұңғыш әкім едіңіз?

–  Оған дейін мен «Югстройконструк­ция» тресінің бас директоры едім. Треске қарасты 3 комбинат, 2 зауыт болды.

Әкімдер тағайындалғанға дейін қаланы Қалалық кеңес басқарушы еді. Оған дейін қазіргі үшінші мегаполистің халқы, тіпті қазақ халқы, тіпті әкімдердің өзі әкімшіліктік жүйені онша түсіне қойған жоқ. Әкімшілік жүйе дегеніміз – тікелей Президенттік би­лікті іске асыру болатын. Өйткені бар­лық әкім Елба­сының командасында болды. Елба­сымыздың ұстанып отырған саясатын елге түсіндіретін де, қазіргі заң­дардың орындалуына ықпал ететін, халық пен Президентті жақындастыратын да, ха­лық­тың әл-ауқатының жақсаруына ті­келей ықпал ететін де әкімдер еді. Бар­лық нәрсе жаппай жекешеленіп жатқан шақтағы адам айтқысыз заңсыздықтар мен келеңсіздіктерді болдырмау да әкім­дерге жүктелген еді. Елде әкімдерге сен­беушілік те, күдік, оған қоса жаңа жүйені жатырқаушылар легі көп болды. Осындай қоғамдағы екіұдай ойдың тоғысында, екі дайға бөлініп жүрген халықтың ортасында жұмыс істеп, Елбасының саясатын елге жеткізу, ең бастысы, әкімдік бас­қа­рудың орнығуына барлық күш-жігерді жұмсау, қала берді осының бәрін халықтың жүрегіне сіңдіру оңай болған жоқ. «Тық деген тауыққа тиеді», дегендей бұрынғы тәртіппен жүріп-тұрып қалған, енді қандай түйткіл болса да бәрін әкімдерден көретін жүйеде жұмыс істеу – тозаққа түсуден кем болған жоқ.

«Ел басқардым дегенше, өртке кірдім дегейсің, Уайым-мұң жүгінен төрт бүгілдім дегейсің», дегенді Жүсіп Баласағұн осындайда айтқан шығар.

– Тұңғыш Президент сайлауында президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі болдыңыз ғой?

– Қайта құру жылдарында мен жетек­шілік еткен «Югстройконструкция» құ­рылыс-өндіріс бірлестігінің ұжымы мені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсынған болатын. Оның алдында бір­лестікте бір оқиға болып, ұжымым мені қорғап қалғаны бар. Сол жағдай да маған ұжымыма сүйенуге сенім берді. Бір мандатқа 11 кандидатурадан келді. Екінші турда мен барынша көп дауыс жинап, депу­таттыққа өттім. Боямасыз айтайын, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің құрамы мықты болды. Қайсысын алсаң да сен тұр, мен айтайын дейтіндей, саясатта салмағы бар, тәжірибелі таны­мал тұлғалар еді. Осы құрам Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі барлық ауырт­палықты мойнына ала білді. Сол жылдары Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге құжат­тармен күндіз-түні қоян-қолтық жұмыс істедік. Сол кезде барлығымыз да Нұрсұлтан Әбішұлының жұмыс істеу қа­білетіне таңғалатынбыз. Тыным жоқ, сенбі-жексенбі, демалыс дегенді білмейтіні, ұйқысы қанбайтыны көрініп тұрушы еді. Бірақ, осының барлығына қарамастан, күн аралатып Мәскеуге ұшып жүріп, көптеген мәселені шешті, сыртқы, ішкі, оған қоса халықаралық қатынастарды реттеді.

Тұңғыш Президентті сайлау оңай бол­ған жоқ. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының халық ең көп шоғырланған Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы сенімді өкілі бол­дым. Екі ай бойы жүргізген насихат жұмыстарымыз текке кетпеді. Оңтүстіктің халқы өз таңдауын жасады. Бұл жеңісіміз – менің де мансап жолымды айқындап берді. 1992 жылы Шымкент қаласының тұңғыш әкімі болып тағайындалдым. Елба­сының мендегі ұйымдастырушылық қабілетті танығанына, осындай тұлғамен тоғыстырған тағдырыма алғысым шексіз.

– Сол кездегі Шымкент барынша таза қала болды деседі. Бірақ сіздің осы қа­лаға қатысты орыстілді әріп­тес­те­­рі­мізге «Мечта у нас несколько нахальная – сделать Шымкент лучшим городом СНГ, вот так, не меньше...» деген әжуалы сөзіңіздің астарынан қаншама бітпей қалған іс, небір жобалар айғай салып тұрғандай көрінеді?

– Ойда қалған, осыны жасасақ деген тірліктер ақиқатында көп еді. Аумалы-төкпелі аса қиын жылдарда қай саланы алсаңыз да мәселе қордаланып тұрған заман. Қаржы жоқ. Соған қарамастан, әке-шешесі жұмысы жоқтықтан, талай баланың аштықтан құлап, тіпті тақта алдында талып түсетінін естіп, көзбен де көрдік. Ақ­шадан қанша қысылып тұрсақ та, 1-4 сынып оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ, зейнеткерлерге саяжайларына барып көкөніс, жемістерін отырғызуға барып тұру үшін көлік ұйымдастыруға тура келді. Қала тұрғындары қысқа қам жасап, мұның да пайдасын көрді. Қай салада болсын, қаржыға деген зәрулік қолға алатын істерімізге кедергі келтіріп тұрса да, қала тазалығын жоғары деңгейге жеткіздік. Мысалы, сол кезде көшеге су себетін 70 шақты машина бар екен. Олар жұмысына жүрдім-бардым қарап, жеке мүдделеріне жұмыс істеп келген. Қаржы тапшылығынан сол машиналардың 50 пайызын қысқартып, тек жарамдыларын қалдырып, қатаң жұмыс кестесін жасатып, көше-көшелерге су сеуіп тұруын қадағаладық. Жауын жауып тұрған кездің өзінде көше жуып жүрген көліктерді көрген жұрт: «Қала әкімінің бұл не істе­гені?» деп күстаналаған кезі болды. Жаңбыр асфальт жолды жібітеді. Ал сол кезде судың қысымымен жолды шайып өтсе, көшелер айнадай тазарып шыға келетін.

Қала тіршілігінде менің жаныма бат­қаны – ауыз суы тапшы, жылу мен газ тартылмаған «Нахаловка» деп аталатын шеткі аймақтың тұрғындары тұрмыстың тауқыметін қатты тартып жатыр екен. Сол ауылдарға қатынайтын асфальт жол салғызып, мектеп тұрғызып, газ бен суын тартқызып, дәрігерлік амбулатория ашуға күш салдық. Адам көп жүретін орталық көшелердің бойындағы аялдамаларда күн ыстықта су ішетін 50-ге тарта фонтан ор­наттық. Ал мұны халық ұмытпайды екен.

Менің Шымкентте орындалмай қалған арманым – қаланың бас жоспарын заман талабына сай етіп, қайта жасауды бастаған едім, сол бітпей қалды. Ұлыбританияға барған бір сапарымда көрген, көшелерді абаттандыру, көгалдандырудың бір үлгісін Шымкентте қолдануға енді кіріскенбіз. Қаланың орталығын кесіп өтетін, бұрыннан аңғары бар Янгичек өзенінен су ағызу үшін 2 шақырымдай бөлігін қоқыстан тазартып, терең қазып та қойған болатынбыз. Ол да аяқсыз қалды...

– Бірі қалжыңдап, бірі қияңқы тіл­мен тістелеген «Дровосек» деген ла­қап атты қай кезде жамап үлгердіңіз?

– Шымкентті басқарған аз уақытта талай тәуекелге бардым. Республика даң­ғылының ортасындағы ебедейсіз қара­ағаштарды кесіп, жолды кеңейтіп, орнына сәндік қылқан жапырақты көшеттер отырғызғаным үшін сол кездегі облыс әкімі Марс Үркімбаевтан да талай мәрте ескерту алдым. Газет, телевизия «Тшанов ағаштарды отап қоймай жатыр» деп шулатып жатты. Шыдадым. Кейін Жамбыл облысында да соны жалғастырдым. Сол тал-дарақтар қазір көз тартады. Бірақ, ол кезде жалқаулар ғана егетін, күтіп-баптауды қажет етпейтін, жел тұрғанда құлап, электр, телефон сымдарын үзіп, көліктердің үстіне құлап жатқан қисық-қыңыр өсетін атына сай қараағаштар қаланың сәні емес екендігін бәрі бірден түсіне қойған жоқ. Кейін жұрт бұл көшенің адам танымастай өзгергенін көрген кезде ғана ризашылығын білдірді.

– Тәуелсіздіктің тұңғыш әкімдерінің бірі болған Тшановтың тағы қандай өкініші бар?

– Сол кезден бастап жан-жағына құла­шын жая бастаған қала аумағында мыңдаған адамға 8 сотықтан жер телімі тегін берілді. Оған қоса қалалық су, энергетика басқармасы сияқты мекемелерге жүздеген жер телімін бердік. Осы арқылы шағын аудандарға инфрақұрылымдарын шешу жолдарын таптық. Бірақ неге бірден 10 сотықтан бермедік деп өкініп қаламын. Оңтүстікте бау-бақшасыз отыратын адам жоқтың қасы, артық екі сотығы болса да, еңбек еткен адам жерді еміп отырады.

– Айтпақшы, кезінде сізді екі шешең, екі тегің бар деп коммунистік партиядан қудалаған да екен. Ең қызығы, «визитка» жасатқаныңыз үшін аудандық партия комитеті алдында жауап беруге тура келіпті.

– «Екі шешең» дегенді түсінікті болу үшін қысқаша айтайын. Біз бір кіндіктен 4 ұл, 4 қыз өрдік. Соғыс жылдарында бесінші болып туған баламын. Әкемнің ағасы Тшан соғысқа кетіп, артынан қара қағаз келгенде анам Ортайдың аяғы ауыр екен. 31 жасында жесір қалған Күлдардың қасіретіне шыдамаған анам құрсағында жатқан мені абысынына беруге сөз береді. Сол уәдесінде тұрып, екі анама да еркелеп өстім. Күлдар шешемнің бойындағы адами қасиеттердің көбі маған жұқты.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген рас екен. Бала күнімде өзімнің анам Ортай мені берерін беріп алып, қызғанғандай, Күлдар анама «Министрдің шешесі ғой, бұл бізді менсінбейді» деуші еді. Сол айтқаны маңдайыма тура бұйырып, шешем өмірден озып бара жатқан күндерде Елбасы екі адамды депутаттар арасынан суырып алып, мені Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрі етіп тағайындады.

Ал әркімге аты-жөнімді қағазға шимайлап отырмайын деп, визитка жасатқаным үшін Еңбекші аудандық партия комитеті алдында «визитка жасататындай сен кім едің?» деп, ісімді бюрода қарады. Қазір керісінше, тілдей өзіңді таныстыратын қағазың болмағаны әбес.

– «Тегінде бар теңелер» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған болар. Бірақ кісінің бойында рухани байлықтың дәні болмаса да екі аяғын тең баса алмас. Өнерге жақын болғаныңыз, талант­­тар­ды қолдағаныңыз, Шәмші Қал­дая­қов фестивалін халықаралық дең­гейде өткізіп, тіпті басына кесене орна­тып жүр­геніңіз де музыкаға деген құш­тар­лығыңыз болар?

– Бала күнімде музыкаға бейім болып, домбыра, баян тартып, мектептің көр­кемөнерпаздар үйірмесін басқарып жү­ретінмін. Консерваторияға оқуға түсіп, му­зы­кант болғым келді. Мектеп бітірген соң кон­серваторияға баратынымды айтып едім, Жамалбек ағам «Шарманкаңды арқалап, қаңғып жүресің бе, одан да заман­ға сай мамандық игер, технологиялық инс­ти­тутқа бар, инженер боласың» деп кеңес берді.

Кейін басымнан бақ тайғандай болып, дұшпаным түгіл, айналамда жүргендер сатқындық жасап, жұмыссыз, қызметсіз қалған күндерімде неге осы музыкант болып, өнердің айналасында жүре бермедім, деген де өкініш болды.

Шымкенттен әкімдік қызметтен боса­тылған соң 4 ай жұмыссыз қалдым. Дұш­пан түгіл, досым, ағайынбыз дегендер теріс айналып, есігімді ашпай, өзімді ха­лық жауын­дай сезіндім. Артынша ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайландым. Бірақ сол 4 ай менің санамды төңкеріп кеткендей болды.

Дәл осы оқиға Жамбыл облысынан әкімдіктен кеткен соң тағы да қайталанды. 1 жыл 9 ай ешкімге керексіз болып, жұмыс­сыз қалған кезімде халық мені тағы да қолдады. 1999 жылы Парламент сайлауында бірінші турда көп дауыс жинап, Мәжіліске депутат болдым.

Ал Ш.Қалдаяқов фестиваліне келсек, 90-жылдары «Азия даусы» фестивалінің дүрілдеп тұрған кезі. Сол кезде маған ұлттық негізі бар өнер фестивалін неге ұйымдастырмасқа деген ой келді. Әрбір қазақ Шәмшінің әндерін шырқап өсті. Содан 1992 жылы қазанда Шымкент Ш.Қалдаяқов атындағы тұңғыш фестиваль­ды өткіздік. Мен әкімдіктен кеткен соң, ол да ұмыт болды. Бірақ Жамбыл облысына келген соң, араға төрт жыл салып, қайта қолға алдық. Халықаралық деңгейде өткенін кезінде БАҚ өкілдері көп жазды.

– Жаһанды жайлаған індет біздің ден­саулығымыз ішкен-жегенімізге де бай­­ланысты екенін көрсетіп кетті ғой, аға?

– Дұрыс айтасыз. Қай кезде де та­мақ қауіпсіздігі – мемлекетіміздегі ең кө­кейкесті мәселесі болуы керек. Қайта құру басталғанда дүкендер қаңырап, жейтін тамақ болмаса, қазір керісінше тауарлардың түрінен сөрелер қайысады. Супермаркеттерде самсап тұрған азық-түліктің көбін жеуге болмайды. Түр­лі тамақтандыру орындарын ашып, сани­тарлық ережелері қадағаланбайтын өнім­дер дайындап, адам ағзасына қауіпті дәрілермен мал семіртіп жатқандарды, тізе берсең көп, барлығының әрекеті ұлттық қауіпсіздік қатарында, қатаң бақылауда болуы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпағымызға қайсысы зиян, қайсысы пайдалы? Ұлттың болашағы бүгінгі жеткіншіктердің денсаулығы мен тәр­биесіне тәуелді екенін тәтпіштеп тү­сіндіріп отырудың өзі артық.

– Өсіп келе жатқан ұрпақ дегеннен шығады. Қазір сіздің өндірдей екі ұлыңыз бар. Соларға қай қасиетіңіз дарыды?

– ...Жазмыш мені бұл қайғыны көтере алар ма екен деді ме, 23 жасында көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз ұлым Нұрғали жол апатынан кетіп қалды. «Өлер бала өзгеше» дегендей өкінтіп, күйретіп кетті. Құдайдан бұл қайғыны да жеңетін медет сұрадым...

Шүкір деймін, қазір менің екі ұлым, бес немерем бар. Ендігі өмірімнің тірегі де тілегім де – Нұрдәулет пен Нұрәлиімнің амандығы мен абыройлы болғанын көру.

– Тілегіңізге жетіңіз, аға!

 

Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ