Еліміздің көршілес Қытай және Ресей мемлекеттерімен шектесіп жатқан шығыс өңіріндегі шекараның ұзындығы 2 мың шақырымнан асады.
Алакөлдің тұсынан басталған шекара сызығы Зайсан асып, Алтайдың өрін, төрін басып өтеді. Мұндай нулы, таулы жерді кірпік қақпай күзету де оңай шаруа емес шығар. Ел іргесінде жүрген сарбаздардың жағдайын білейік деп, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Шекара қызметі департаментіне хабарласқанбыз.
Шекарашылар жұмысының шет жағасын күздің күні түкпірдегі Шындығатайға барған сапарымызда да байқағанбыз. Оңай емес көрінді. Келімді-кетімді туристердің төлқұжатын тексеріп, журналға тіркейді, жүріп-тұрудың ережесін тақ-тұқ етіп түсіндіреді. Қонақтардың ішінде аң-құсқа көз салған қаскөйлер де жоқемес. Сондықтан сарбаздар олардан да көзжазбайды.
Раджан Батырханов атындағы застава соңғы елді мекеннен 50 шақырым қашықтықта жатыр. Елудің өзі 500 шақырымға пара-пар. Жолдың ең қиыны – «Опасный» аталып кеткен қауіпті учаске. Буырқанған Бұқтырманы жағалай жатқанжолдың төбесінен төнген шағыл тас жаздың жаңбырында ағып, үнемі жолды жауып қалады. Оны тазалауға заставаның сарбаздары жұмылдырылады. Өйткені бұл жолдың өзге ешкімге аса қажеті жоқ. Сау етіп аққан шағылды көшкіннің жолды жауып қалғаны түк емес, тазаланады. Ал сарбаздардың көлігіне құласа, кім жауап бермек? Құдай сақтасын! Оны бір деп қойыңыз. Екіншіден, шығыстағы шекара бөлімшелерінің тарихы сонау ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан басталған. Яғни заставалардың іргесі де сол кезде қаланған болатын. Одан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Застава ғимараттарының көбі тозды, жөндеу қажет.
– Шығыс шекарасының соңғы шебінде орналасқан Раджан Батырханов атындағы шекара бөлімшесіне баратын жолдың жағдайымәз емес. Көктем, жаз мезгілінде жолға тасқұлап, жолды жауып қалады. Ал қыста жолдың үстіне су жайылып, мұз қатады. Жолдың кеңдігі– төрт-бес метр ғана. Шекарашылардың қозғалысына қауіп төндіретіні шындық. Мәселені шешу үшін жол жылда техника көмегімен тазартылады. Азық-түлік, жемшөп, жанар-жағармай күзде жеткізіледі. Сақталу мерзімі бар азық-түлік өнімдері ғана қауіпті аймаққа дейін жеткізіліп, әрі қарай шекарашылар өздері алып кетеді. Кейбір жағдайда тікұшақтың көмегіне жүгінеміз. Аталған жолдағы қауіптің алдын алу үшін Катонқарағай ауданының басшылығы да көмек көрсетуге дайын, – дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Алдажұманов.
Оның айтуынша, шығыстағы бірқатар шекара бөлімшесі күрделі жөндеуден өткізілмекші. Олардың қатарында Р. Батырханов атындағы шекара бөлімшесі де бар. Одан бөлек, шекара бөлімдерін жаңа техника құралдарымен, байланыстың заманауи түрлерімен жабдықтау жоспарланыпты.
Айта кетерлігі, Шекара қызметінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесіне толықтай теңестірілген заманға сай құрылым құрылған. Ол шекара күзетін барынша күшейтуге мүмкіндік береді. Күшейте отырып, туризмнің, халықаралық сауда-саттықтың дамуына да қолайлы жағдай жасалады.
Ел іргесін қорғап жүрген шекарадағы әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы қалай? Бұл сұрақты да аталған департамент басшылығына төтесінен қойдық. Олардың айтуынша, жалақыдан бөлек, әлеуметтік төлемдер, тұрғынүй төлемдері төленеді. Әскери қызметшілерге ақшалай үлес, қызметтік жалақы әскери атақтарына, қызметтің ерекше шарттарына байланысты белгіленеді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық әскери қызметшілер арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған тұрғын үймен қамтамасыз ету моделіне өткен. Бұл басты әлеуметтік мәселе еді. Бүгінде 13 мыңнан астам әскери қызметші жеке тұрғын үй шоттарына аударылатын тұрғын үй төлемдерін алып отыр.
– 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық санаттағы әскери қызметшілерге ақшалай жәрдемақы орта есеппен 75 пайызға өсті. Қызметтің ерекше жағдайлары үшін қосылатын үстемеақы 25-35 пайызға көтерілді. Сержанттық және қатардағы құрамның лауазымдары бойынша да төлем назардан тыс қалмады. Зейнетақымен қамтамасыз етуге келетін болсақ, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілер толықтай зейнетақымен қамтамасыз етуге ауыстырылды. Яғни әскери қызметшінің әскерден босатылғаннан кейін бірден зейнетақыны толық көлемде алуына мүмкіндік берілді. Сондай-ақ зейнеткерлік жасына (63 жас) жеткеннен кейін БЖЗҚ-да әскери қызметшілер 2016 жылға дейін қалған зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейіналуға құқылы, – деді Шекара қызметі директорының орынбасары, полковник Төлеужан Жүнісов.
Иә, әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдай жан-жақты қарастырылған. Тіпті отбасы мүшелеріне дейін медициналық қолдау әскери медициналық мекемелерде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Әскерилер науқастанып қалса, әскери міндеттерін орындау кезінде жарақат алса, санаторийлерге жіберіледі. Әскери қызметтен босатылған және 20 жыл еңбек өтілі бар әскери қызметшілерге әскери медициналық мекемелерде медициналық көмек тегін көрсетіледі. Ал еңбек өтілі 25 жыл болған әскери қызметшілерге курорттық емделу тегін. Бұғанқоса, әскери қызметшілердің балалары балабақшаларға, мектептерге кезектен тыс орналасады.
Полковник Төлеужан Жүнісовтің айтуынша, Шекара қызметінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар да бар.
– Біз былтыр күзде Отан алдындағы борышымызды атқару үшін салтанатты түрде «Өрел» шекара бөлімшесіне аттандық. Соданбері әскердегі өміріміз жалғасып келеді. Әскери өмір жігіттерді ширатты. Борышымызды абыроймен атқаруға тырысамыз, – деді «Өрел» шекара бөлімінің әскери қызметшісі Жарас Жасұланұлы.
Шекарада сарбаздарға артылған міндет те, жауапкершілік те аз емес. Қырағылық қажет. Әлемді жайлаған COVID-19 індеті кезінде ел іргесін бұрынғыдан ерекше жағдайда қорғауғатура келген. Одан бөлек, ұсақ-түйек қылмыстарда орын алмай тұрмайды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменттің шекара нарядтары жалпы салмағы 1633,23 грамм есірткі заттарды тасымалдаудың 10-нан аса фактісінің жолын кескен. Тыйым салынған контрабандалық тауарларды тасымалдаудың 8 фактісі, 22 ұрланған автокөлік әшкереленді. Бір жыл ішіндеғана Шығыс Қазақстанда 8 мемлекеттік шекараны, 66 мемлекет сызығы режімін, 411 шекара режімін бұзушы ұсталды. 149 адамның Қазақстан Республикасына келу тәртібін бұзғандығы анықталды.
Жалпы, шекара қызметінде кадр тапшылығы жоқ болғанымен, былтырғы құрылымдық өзгерістерге байланысты қосымша бос лауазымдар пайда болған. Атап айтсақ, келісімшарт негізінде медицина қызметкерлері, ветеринарлар, жүргізушілер, кинолог, аспаз, өртсөндіруші, слесарь, тракторшы, дәнекерлеуші сынды мамандар жетіспейді.