• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Наурыз, 2021

Көздің жауын алатын кілемдер

723 рет
көрсетілді

Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейінде ашылған «Масатыдай құл­пырған...» көрмесінде кілем және тоқыма бұйымдарының саналуан түрлері келушілер назарына ұсынылды.

Еліміздің оңтүстік, солтүстік және батыс өңірлерінің дәстүріне сай тоқылған, көркемдік-тарихи маңызы жоғары қазақ кілемдері осы көрменің әрін ашып, әрбір жәдігердің тарихи маңызын айшықтай түсті. Қалпына келтірілген кілем және тоқыма бұйымдарының музей қорында ұзақ жылдар бойы сақталуының өзіндік сыры бар. Ұлттық жәдігерлерге жаңа тыныс беріп, көркемдігін қалпына келтірген музей реста­враторларының кәсіби шеберлігі отыз бес жылдық тарихы бар Қалпына келтіру бөлімінің тарихымен сабақтасып жатыр. Ұзақ уақыт осы салада еңбек еткен тә­жірибелі мамандардың тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту, қалпына келтірудің қыр-сырын, тәсілдерін игерудегі еңбегі орасан.

Музейдің қоғаммен байланыс мамандарының деректері бойынша, тарихи-мәдени артефак­тілерді қалпына келтіру жұмыстары тарихи, мәдени, музейлік маңызы бар бұйымдарды бүлінуден сақтап, ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінде музей қорында сақталып келген жәдігерлердің өміршеңдігі қалпына келтіру жұмыстарының сапасымен байланысты. Қазіргі кезде музейде кескіндеме, графика, қыш, мата бұйымдары, кілем-киіз, тағы да басқа құнды­лықтарды реставрациялау­мен айналысатын 8 біліктілігі жоғары суретші-қалпына келтіруші жұмыс істейді.

Кілемдер көрмесінің мақсаты – музей қоры негізінде қазақ халқының кілем және тоқыма бұйымдарының тіршілік қамындағы қолданысын, материалдар мен тоқылу техникасын, шаруашылық, тұрмыстық және де дәстүрлі кілем тоқу мәдениетінің алуан түрлілігін көрсету. Сонымен бірге көрмеде қазақ киіз үй жабдықтарын тамашалауға болады.

 

АЛМАТЫ