• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Наурыз, 2021

Жастарға жол сілтеген жоба

183 рет
көрсетілді

Олжас Жақыпбаев қылшылдап тұрған жас күнінде әскери қызметте жүріп жа­рылыстан жараланды. Соның себебінен орда бұзар жасқа жетпей зейнетке шы­ғып қалды. Алайда ол қарап отыра алмады. ІІ топтағы мүгедек екеніне қа­ра­мастан, ауыл­да жаттығу залын ашты, қазір онда жастар мен жасөспірімдер те­гін жаттығып жүр. Оған осы бастамасын іске асыруға Zhasproject жобасы сеп­тігін тигізді.

Алматы облысының Кербұлақ ауда­нын­дағы Қаспан ауылында тұратын кейіпкеріміз Олжас Жақыпбаев:

«Бір күні ауыл әкімдігінің бас маманы Күншуақ Нұржан маған жастарға үлкен мүмкіндік есігін ашатын жақсы жобаның бар екенін айтып, қатысып көруді ұсынды. К.Нұржанның кәсіби кеңесімен аудан әкімдігіне бардым. Онда осы жобамен айналысатын маманнан жан-жақты ақпарат алдым. Жаныма тағы екі адамды тарттым, біреуі – ауылда балалар мен жасөспірімдерді спортқа бау­лып жүретін жаттықтырушы, екіншісі – ақпарат таратумен айналысатын маман. Жобаға қатысып, грант иелендік. Әуелде аударылған жарты млн теңгеге жаттығу залына қажетті құрал-жаб­дық­тар­ды сатып алдық. Ал ауыл әкім­ді­гі бізге орын тауып берді. Сол жерде жат­тығу залын ашып, жобаның талабы бойынша ауыл жастарына тегін жаттығу мүмкіндігін сыйладық», дейді.

О.Жақыпбаев ауыл жастарын 5 ай тегін жаттықтыру талабын ойдағыдай орын­дап бітті, алайда ол әлі де жаттығу залына келіп шынығатын жандардан ақы алмайды. Кейіпкеріміз бұл әрекетін: «Мен мұны табыс табу үшін жасамадым. Саламатты өмір салтын ұстануға, денені әрдайым шынықтырып отыруға септігін тигізетін спорт кешені жоқ ауылдағы жастарды спортқа баулып, дені сау ұлт қалыптастыруға үлес қосқым келеді. Оның үстіне 5 ай тегін жаттығу залымен жастарды қамтамасыз еткенім үшін сол уақыт аралығында ай сайын 60 мың теңге стипендия алып отырдым», деп тү­сіндірді.

Иә, бұл жоба екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, осал топтағы жас буынның қоғамға кірігіп, етене араласып, өзін жан-жақты жетілдіруге, дамытуға жағдай жасайды. Zhasproject жастар корпусын дамыту жобасын Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп қолға алған. Жоба жастардың осал топтары арасында қоғамның игілігіне жарайтын пайдалы іске үйрету бағдарламасын іске асыру бағытында өмірлік маңызы бар дағдыларды дамытуды көздейді. Осы уақытқа дейін несие тарихына, кепілзатының бар-жоғына қарамастан, жеке тұлғаларға жылына мың грант бе­ретін жалғыз жоба болды. Мұнда тек жұмыссыз, оқымайтын немесе табысы төмен, болмаса осал топқа жат­қы­зы­ла­тын жастарға басымдық берілді.

Осы жобаны тікелей іске асырумен айна­­лысатын Үйлестіру агенттігінің ақпа­­ратына сүйенсек, Zhasproject 2017 жылы қанатқақты жоба ретінде бас­­талып, 2020 жылдың соңына дейін Қазақ­стан­ның 16 облысынан 9 797 қаты­сушыны қамтыды. Жобаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар (мектеп оқушы­ларынан басқа) қатысуға мүмкіндік алды. Олар 3-тен 5 адамға дейін идеялас өкіл­дер­ден бастамашыл топ құрып, талап­тар­ға сәйкес жүзеге асыру үшін өз идеяларын ұсынды және конкурстық іріктеуден өтті. Ал ірік­теу­ден өткендер ұсынылған әлеу­мет­тік идея­ларын жүзеге асыру үшін 1 млн тең­геге дейін грант иеленді. Сондай-ақ өмірлік дағдылар мен жобаларды бас­қа­ру бойынша үш сатылы тренингтен өтті, 6 айда өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру мүм­кіндігіне ие болды. Уни­верситет түлектері үшін ай сайын 60 мың теңге, қалған барлық қатысушы үшін 40 мың теңге стипендия берілді.

Ең маңыздысы, барша қатысушы арнайы тәлімгерлерден кәсіби және тәжіри­белік бағытта қолдау алды. Жобаның же­міс­ті жүзеге асырылуы үшін әлеуметтік және бизнес жобаларда немесе жастармен жұмыс істеуде тәжірибесі бар 609 тәлімгер грант иеленушілерге білгенін үй­­ретті. Сондай тәлімгердің бірі Болат Сыздық бірнеше жобаға қатысушыға тә­­лім­­­­герлік етіп, істі үйіріп әкетуге ба­ғыт бер­ді.

«Тәлімгер жоба барысында идеяны іске асыруға жетіспей жатқан қа­жет­ті дағ­ды­ны дамытуға жол сілтейді. Мысалы, жо­баға қатысушыда білім бар болса, тә­жіри­бе жетіспей жатады. Енді бірінде екеуі де болғанымен, коммуникация жағы ақсап тұрады. Өйткені олар топпен жұмыс істейді, өнімін өткізу немесе ұсы­ну үшін белгілі бір мамандармен, болмаса тұтынушылармен байланыс орнатуға тура келеді. Осындайда тәлімгер жоба қа­ты­су­шыларына нақты қай бағытты яки қан­дай дағдыны дамыту керегін тікелей болмаса да жанама түрде түсіндіреді. Бірақ бәрін қатысушылар өздері істейді», дейді тәлімгер.

Негізгі жұмысында студенттерге дә­ріс оқитын ұзақ жылдық тәжірибесі бар педагог Б.Сыздық өзі тәлімгерлік еткен жоба қа­тысушыларының ішінде отба­­сылық бизнес ашып, ісін дөңгелетіп әкет­кен жұ­бай­ларды ерекше атап өтті. Жоба ая­сында жасаған өз өнімдерін мұқ­таж­дар­ға тегін таратқан.

«Олар жұмыс тауып, өздерінің бюд­жетін басқаруды, бизнес құруды, дұ­рыс байланыс орнатуды, бір-бірінің әлеуетін орнымен пайдалануды, жобаға жа­уап­кер­­шілікпен қарауды ғана емес, мұқ­таж жандарға жәрдемдесуді үйренді. Жоба оларға өз бизнесін ашудың алғаш­қы мектебі болды. Ең бастысы, сол қа­ты­су­шылар жоба аясында қолға алған отба­­сылық бизнесін әрі қа­рай жал­ғастырып отыр. Жоба қаты­су­шыларына бәрінен де құндысы алған құрал-жабдықтары ғана емес, осы істен жиған білімі мен тәжіри­бесі өзінде қалады», дейді Б.Сыздық.