Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапхана Қазақстан – Швеция Корольдігіндегі елшілігімен бірлесіп, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Ұлт мақтаныштары» атты онлайн форматта халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Қазақстан мен Швеция Корольдігінің шығармашылық зиялы қауым өкілдерін біріктірген іс-шара жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың әлемдік әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін зерттеу және олардың өмірі мен шығармашылығының аспектілерін зерделеу мақсатында ұйымдастырылды.
Әдеби жиынға Қазақстан – Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Сергей Нұртаев, Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының өкілдері Регина Шепетя-Ларссон, Динара Сабденова, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанұлы, Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы Светлана Ананьева қатысты.
Екі елдің шығармашылық интеллигенция өкілдерінің басын қосқан шараның рухани һәм әдеби маңызы зор екенін атап өткен Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Сергей Нұртаев: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мерекесін тойлауда тұжырымдамалық тәсілдердің маңыздылығына тоқталды. Яғни Наурыз қарсаңындағы әр іс-шара халықтың мәдени-рухани үлесі үшін түрлі маңызға ие болуы керек. Ұлтымыздың импровизатор ақыны Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаев қазақ руханиятына орасан зор еңбек сіңірді. Бүгінгі жастардың осындай көрнекті ақындардың шығармашылығына қызығып, құрмет көрсетіп жатқанына өте қуаныштымын. Сондай-ақ жас авторларға жаңа тыныс, жаңа табыс тілеймін», деді.
Ал Уәлихан Қалижанұлы Жамбылдың жеке тұлғасына тоқталып, ақынның ұлттық брендке айналатынын айтты. «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесі аса зор құбылыс. Ол эпик ақын, айтыс ақыны әрі азаматтық өлеңдердің ақыны. Ұлыны ұлы ғана таниды: Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Роллан сәлем салған. Тарих доңғалағы кері кетпейді. Тәуелсіз Қазақстанда Жамбыл бабамыз ұлттық брендке айнала береді. Жамбыл поэзиясы – шыншыл поэзия. Өмірді өлеңмен өрнектеген ақын қазақ тұрмысының, қазақ қоғамының әділетсіз болмысын әшкерелеген өлеңдері оның атын шығарды», деді ол.