Алматылықтар вакциналауға түсіністікпен қарай бастады. Өткен демалыс күндері вакциналау пункттері қаладағы 70 емханада, 31 сауда орталығы мен ірі мәдени, білім беру және спорт мекемелерінде орналастырылды. Жалпы, Алматыда 250-ге жуық пункт ашылмақ. Екпе жасайтын бекеттердің жұмысына 2 250 маман, дәрігер резиденттердің ішінен 1 200 ерікті тартылады. Қосымша мобильді жылжымалы пункттер құрылды.
Ең бастысы, КВИ-ге қарсы ерікті жаппай вакциналаудың бекітілген жоспарына сәйкес, суық тізбекті сақтау үшін мұздатқыштармен жабдықтауға ерекше назар аударылып отыр. Біз бұған дейін де Алматыда індеттің күрт өршуіне мутацияланған штамдардың пайда болуы (Оңтүстік Африка, Бразилия және британдық) септесіп отырғанын жеткізгенбіз. Мәселен, өткен аптада мегаполис зертханаларында 113 сынаманың мутация ықтималдығына зерттеулер жүргізіліп, 63 сынамада мутацияның жоғары ықтималдығы анықталды, ол қала бойынша орта есеппен 56 пайызды құрады. 113 сынаманың 31-інен британдық штамм анықталды, ол 71 пайызды құрайды. Сонымен қатар мутацияланған штамдарда инкубация кезеңі қысқарғаны байқалады. Бұл 1 жасқа дейінгі балаларға да қауіп төндіріп тұр.
Вакциналаудың 250 пункті ашылады
Қоғамдық денсаулық басқармасы ашылатын вакциналау пункттерін қажетті медициналық жабдықтармен және мамандармен қамтамасыз етеді. Ал қаржылық шығындарды есептеуді Стратегия және бюджет басқармасы жүзеге асырады. Бұдан өзге, бизнес қауымдастық тасымалдау, сақтау, үй-жай беру және вакциналау пункттерін ұйымдастыруға тегін қолдау көрсетеді.
Жұма күні қалаға коронавирус инфекциясына қарсы 21 850 доза вакцинаның жеткізілгені мәлім болды. Сәуір-мамыр аралығында Алматы вакцинаның қосымша 750 мың дозасын алады.
Қала әкімі Б.Сағынтаев жалпы вакциналаудың қалыпты өмір салтына оралуға және карантиндік шектеулерді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік беретінін айтты. Вакцина – аурудың алдын алудың ең сенімді әрі барынша тиімді шарасы, яғни вакцина емдемейді, қорғайды.
Медициналық ақпараттық жүйе пайдаланылды
Бастапқыда медицина қызметкерлері, мектеп, интернат мұғалімдері, әлеуметтік мекемелер және полиция қызметкерлері індетке қарсы егілгені белгілі. Бұл санаттағы мамандарды вакциналау аяқталып келеді. Қалада 2 сәуірден бастап созылмалы аурулары бар диспансерлік топтағы пациенттер вакцина ала бастады.
Эпидемиологтер сырқаты бар алматылықтардың отандық вакцинаның 2 200 дозасын алғанын және онымен сәтті жұмыс істеп жатқанын айтты. Мамандар вакцинаны квинки ісінуі бар, жүкті және бала емізетін адамдарға жасауға болмайтынын ескертіп отыр. Вакциналауға 18 жасқа дейінгі балалар жіберілмейді. Сонымен бірге коронавирусқа қарсы вакцинаны 63 жастан асқан адамдарға жасауға рұқсат етіледі.
Дәрігерлер вакцинаның үш күн ішінде теріс әсері болуы мүмкін екенін, оның асқыну емес екенін жеткізді. Бұл – қалтырау, дененің сырқырауы, дене температурасының аздап көтерілуі.
– Біздің деректеріміз бойынша, екпе салдырғандардың 25-30 %-да осы белгілер байқалуда. Қалғандарынан шағымдану болған жоқ. Ауыр белгілері де тіркелген жоқ, – дейді дәрігер.
Халыққа екпе жүргізу 2 сәуірден басталды, оған дейін созылмалы аурулары бар науқастарға медициналық ақпараттық жүйе арқылы шақыру жіберілген болатын. Екі күнде 1 300 адам егілді. Вакцина салдырғандар қатарында қазақстандықтар ғана емес, тұрғылықты мекен-жайы мен тіркелген медициналық ұйымдарына қарамастан, шетелдік азаматтар да бар. Дәрігерлер вакциналауға қатысты тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап бере отырып, екпе екі компонентті болғандықтан, екі екпенің арасындағы айырмашылық 21 күнді құрайтынын еске салып отыр. Үзілісті 7 күнге дейін үзуге рұқсат етіледі. Пациент ауырып қалған жағдайда, 60 күнге дейін үзіліс жасау мүмкіндігі бар. Вакцина алғаннан кейін иммунитет екінші компонентті алғаннан кейін 42 күн өткен соң қалыптасады.
АЛМАТЫ