• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Сәуір, 2021

Вакциналау иммунитетті қалыптастырады

337 рет
көрсетілді

Президент пәрмен бермесе пәруайсыз отыра беретініміз неліктен екен деп ойлайсыз кейде. Өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиялық ахуал жөнінде өткізген кеңесте Денсаулық сақтау министрлігіне қарата біраз сын айтқаны белгілі.

Ел Президенті қазіргі қалыптасқан күрделі жағдай бүкіл қоғамды алаң­датып отырғанын, атқарушы органдар­дың жұмы­сына азаматтардың көңілі толмайты­нын әр сөзін нығарлай жеткізді. Тіпті ахуал оңалмаса кадрлық шешімдер қабыл­дайтынын да жасырған жоқ. «Ауыр жол атанды сынайды, ауыр іс адамды сынайды» деген – осы. Әрине, ауыртпалық күллі әлем жұртшылығына түсіп отыр. Десе де, дүниенің дертті дидарын күні бұрын көріп, қам жасаған қайсыбір елдер локдауннан шығып, пандемияның зардабын жеңілдетуге қол жеткізгені рас. Мемлекет басшысы мысалға алған Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай Халық Республикасы, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінде пандемия алдымен шарпитын туризм, сауда-саттық, қызмет көрсету сияқты салалардың қайта жандануы Қазақстанға да коронавируспен күрестің даңғыл жолын көрсетіп бергендей. Бұл – халық­ты вакциналау.

Қазақстанда қисық істің қиығы қашып тұратынын көрсеткен былтырғы дәрі-дәрмек тапшылығы биыл вакциналау науқанында қайта көрініс таппаса екен дейсіз. Өйткені өткен апта­дағы кеңесте Президент соңғы екі айда халық­тың 0,1 пайызына жетпейтін бөлі­гіне ғана екпе егілгенін айтты. Ал қатерлі вирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кем дегенде халықтың 60 пайызында екпе болуы тиіс. Бұл өте маңызды науқанның мем­лекетте кешеуілдеп жатқанын ғана емес, алдағы уақытта вакцинамен қамта­масыз ету үшін шет мемлекеттермен экономикалық тұрғыдан тиімсіз шарттарға қол қоюға тура келетінін көрсетеді. Осы мәсе­лелер­ді назарға салған Мемлекет басшы­сының қадау-қадау тапсырмалары Үкімет пен атқарушы биліктің қалғып кеткен санасын түртіп оятқандай болды.

– Мен барлық азаматтары­мыз­ды вакцина салдыруға шақы­рамын. Бұл өзіңізді, ата-ана­ла­ры­ңыз бен жақын­да­рың­ыз­ды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың саулығына алаң кө­ңілмен.

Осы пайымға қазық байлаған қазақстандықтардың вакцинаға егілуі соңғы күндерде қарқын ала бас­тағаны қуантады. Мәсе­лен, елдегі ең ірі мегаполис са­­на­­латын Алматы қала­сы ко­ро­­­навирусқа қарсы жап­пай вак­ци­налауға дайын еке­нін мә­лім­де­ді. Аталған қалаға төрт траншпен 50 мың вакцина алынған. Екі күнде шаһарда 17 мың­нан астам тұрғынға вакцина салынды. Жалпы, алматылық медицина мекемелері тәулігіне 11 мың адамға дейін екпе жасауға қабілетті көрінеді. Ал елдегі ең үлкен өңірлер санатына жататын Ақтөбе облысында жаппай вакциналау 10 сәуірден соң бас­­талуы мүмкін. Қазір аталған өңір ірі көлемдегі вакцинаның жет­­кізілуін күтіп отыр. Әзірге об­лысқа 6300 дана вакцина ғана әкелінген. Қалған өңірлер де соңғы күндері вакциналау қар­қы­нын жеделдетуді қолға ала бас­та­ғанын байқауға болады.

Осы орайда әлеуметтік желі қолданушыларының да вакцина алу арқылы өзінің де, өзгенің де өмірін сақтап қалуға болатыны туралы жазбалары жиі жариялана бастағаны қоғамдық бел­сен­ділікке қозғау салатынын айта кеткен ләзім. Айталық, пав­ло­дар­лық инфекционист-дәрі­гер Зарина Ескендірова «Мен не себепті вакцина салдырдым?» деген жазбасында былай дейді: «Біріншіден, жұқпалы аурумен ауыратын науқастармен бай­ла­ныста боламын. Бұл – менің жұмысым, сондықтан қорғаныш киімі ауру жұқ­тыр­майды деген кепілдік жоқ. Екіншіден, маусым айында өзім де ауырдым, енді екінші рет ауырғым келмейді. Ауырғаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптаспауы мүмкін, ал вакцинадан кейін тұрақты им­мунитет қалыптасады. Үшін­ші­ден, ата-ана, туған-туыс­тар­ға ауру жұқтыратын вирус та­сы­­малдау­шысы болғым кел­мейді. Олармен де қарым-қаты­нас­та болғандықтан, қауіпсіздігін ойлауым керек. Төртіншіден, Спутник V вакцинасына сенемін. Оның клиникалық сынақтан қалай өткені туралы танымал The Lancet журналына жарияланған. Оны әлемдегі 45 мемлекет қолданып жатыр, бұл – танымалдық жа­ғы­нан AstraZeneca-дан кейінгі вак­цина».

Ал Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов: «Жексенбі күні болғанына қа­ра­мас­тан, тұрғындарға жаппай вакцина егу басталды. Қорқыныш сезіміне қарамастан мен де вакцина ектірдім. Вакцина жасатып жатқан жастар, кезекте тұрғандар көп. Дәрігерлер мен медбикелер, психологтер кім қорқып тұрғанын байқап қояды. Тамағымызды мұқият қарап, дене қызуы, қан қысымын өлшеп, денсаулыққа қатысты басқа да сұрақтар қойды. Аллергиямыз бар-жоғын сұ­ра­ды. Екпе салғаннан кейін 30 минут отырасың және қандай күйде отырғаныңды қағазға түсі­ріп бересің. №9 емхана басшы­лы­ғының екпе егу бойынша тәжірибесі бар. Олар жағдайды бақылауда ұстап отыр», деп жазса, мұғалім Алмас Күнғожин де өзі­не COVID-19-ға қарсы екпе­ салғызғанын жеткізді. Ол өзі­нің Facebook парақшасына: «Бұл вакцинаны салдыруға көп­те­­ген күмәнданушылармен бірге қар­­сылардың бар екенін біле­мін. Алайда инфекцияны жұқ­тырудың жанама әсерлері мен салдарын салыстыра келе, ғы­лы­ми қауымдастық, Батыс және Шығыс елдерінің коронави­рус­пен күрестегі тәжірибесіне сенім білдірдім. Қазіргі жағдайда бізге бұл індетті жеңуге тек жаппай вакциналау ғана мүмкіндік бе­ре алады деп ойлаймын», деп жазды.

Ең бастысы, вакциналау мемлекеттің қолдауымен тегін және ерікті түрде жүргізіледі. Соңғы күндері де коронавирус белгілері бар пневмониядан адам өлімі тіркеліп жатқанын ескерсек, ендігі дені сау азаматтарға вакциналаудан басын алып қашудың жөні жоқ.