• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 06 Сәуір, 2021

Қытайдың кезекті бесжылдық жоспары

861 рет
көрсетілді

ЛОНДОН. Қытайдың заң шы­ғару­шы органы Бүкілқытайлық халықтық конгрестің биылғы жиы­ны – кейінгі кезеңдегі маңызды оқиғаның бірі. Қазіргі таңда Қытай сыртқы саясатта қиын жағдайға тап келіп отыр. Яғни елдің саяси қуғын-сүргіні мен мәжбүрлі дипломатиясына қарсы мемлекеттердің саны күннен-күнге артып келеді. Сондықтан экономикалық даму моделіне тиісті өзгертулер енгізу бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бүгінде Қытай көшбасшылары «орта таптың табыс тұзағы» деп аталатын ұғымды айтудан қанша жерден басын алып қашқанымен, олардың бұл қауіптен құтылуға кіріскені айдан анық аңғарылады.

Осы мәселені шешу үшін Қытай реті бойынша 14-ші «Бес жылдық жоспарына» сенім артып отыр. Бұл кейінгі кездесуде ресми түрде қолдау тапты. Сондай-ақ жиын барысында жоспардың Қытайдың ұзақ мерзімді бас жоспары – 2035 жылы ЭЫДҰ деңгейіндегі жан басындағы табысы бар «жаңғыртылған социалистік елге» айналуға қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Әдетте «Бес жылдық жоспар» туралы әңгіме болғанда ойға өндірістік міндеттер мен көмір, темір, астыққа берілетін квота оралады. Бірақ Қытай мұндай құжатты жа­рияламағанына 20 жылдан асты. 140 беттен асқан 14-құжатқа жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, кәсіп­орын­дар­дың, мекемелердің және азамат­тардың мінез-құлқын қалып­тастыруға арналған экономикалық, әлеуметтік, техно­логия­лық және экологиялық мақсат­тар мен міндеттердің кең жиынтығы енген.

Айта кетерлігі, құжатта астық өндірі­сінің міндеттері қамтылған. Бірақ бұл эко­номика мен ұлттық қауіпсіздік ара­­сын­дағы байланыстың өсіп келе жат­­қан­дығын көрсететін жан-жақты стра­те­гияның бір бөлігі ғана.

Қытай басшысы Си Цзиньпин ұлттық қауіпсіздік мәселесіне жетілдірілген қарулы күштер (мұны Қытай алдағы он­жылдықта жүзеге асырмақ) және ішкі әлеуметтік тұрақтылық (бұл Си көш­бас­шылығының негізі) қана емес, сондай-ақ азық-түлік, табиғи ресурстар, сауда-саттық, өндіріс-жеткізу тізбегі және технология секілді салаларды да жатқызады.

Сондықтан жаңа «Бес жылдық жос­парда» әскери шығындар ғана емес, астық өндірісі, зерттеу мен дамуға инвес­тиция және цифрлы саланы дамыту ба­ғыт­тары міндетті мақсаттар ретінде қа­рас­­тырылады. Оған қоса, жасанды ин­тел­лект, кванттық есептеу, жартылай өт­­­кіз­гіштер, неврология және генетика, ға­рыш, теңіз және полярлық барлау сияқ­ты алдыңғы қатарлы секторларға да Қытай басшылығы үлкен екпін түсіріп отыр.

Қоршаған орта бойынша жоспарда көміртегі газын, өнім бірлігіне энергия сыйымдылығын азайту да басты мақсат ретінде көрсетілген. Алайда мұнда ай­тыл­ған мақсатқа ұмтылыстың аз екенін ескерсек, Қытайдың бұған дейін уәде берген 2030 жылға қарай парникті газдарды шығарудың шекті мөлшеріне жетіп, 2060 жылға таман нөлдік деңгейге түсіру жөніндегі міндеттемесін орындауға шамасы келетініне күмән туады.

«Бес жылдық жоспарға» алғаш рет ішкі жалпы өнімнің айтылған кезеңдегі өсімі енген жоқ. Оның орнына билік жыл сайынғы өсімді «қажет болса сәй­кесінше шекте» сақтап қалуға уәде берді. Премьер-министр Ли Кэцянның айтуынша, 2021 жылы бұл 6 пайыздан жоғары болмақ. Сонымен қатар құжатта басқа да экономикалық салаларда міндетті емес мақсаттарды орындау да көзделген.

Қытай өзінің «екі айналымды стратегиясын» жүзеге асыруға ден қояды. Соған сәйкес ол сыртқы сұранысқа тәуел­ділікті төмендетіп, өзіне сенім арту­ды жо­ғарылатпақ. Үкімет экспортқа бас­а назар аударуды жалғастыра отырып, сонымен бірге импортты алмастыру­ды күшейтеді. Әсіресе америкалық компа­ния­лардың үлесі бар салаларда өндірістік-жеткізу тізбегін күшейтуді енгізеді. Ең бастысы, Қытай өзі өндіретін тауарлардың ішкі тұтынуын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл стратегияның негізінде ұлттық қауіп­сіздік мәселелері жатқаны сөзсіз.

Қытай билігі басқа да маңызды салаларда реформа жасауды жоспарлап отыр. Бірақ олардың жүзеге асуы неғай­был. Мысалы, билік ауылды жан­дандыруға ықпал етіп, теңсіздікке қарсы тұрғысы келеді. Әйтсе де, табыс пен байлықты қайта бөлу, салық реформасы және жұмыс күшінің мобильді болуына кедергі келтіретін елдегі бытыраңқы және жеткіліксіз әлеуметтік әл-ауқат жүйесін күрделі түрде қайта құру секілді маңызды шешімдер қабылдаған жоқ. Сонымен қатар қызмет көрсету салаларын қамтыған жаңа ережелер жоқ.

Қытай билігі шешуді жоспарлап отыр­ған теңсіздіктің негізгі фактор­лары­ның бірі – үй шаруашылығын тіркеу жү­йесі (hukou). Адамдарды «туған жер­іне» тіркеуді міндеттеу арқылы бұл жүйе әдетте еңбек мигранттарының білім, денсаулық сақтау және басқа да әлеу­мет­тік қызметтерге қол жеткізуін тежеді. Жаңа бесжылдық жоспарда шағын және орта қалалардағы шектеулерді жоюға немесе жеңілдетуге, ірі қалаларда балдық жүйе енгізу қарастырылған.

Бірақ бұрын шығындардың көптігі мен қарсылықтың күшеюі hukou реформасын жүзеге асыруға кедергі келтірген. Енді жаңа шектеулер бұған дейін алынып тасталғандардың орнын ауыстырады. Бұл жолы қалай болатынын уақыт көрсетеді.

Қытай билігі сонымен қатар халықтың қартаюынан пайда болған экономика­лық қиындықты жою үшін «тиісті туу коэф­фициентін» енгізгісі келеді. Заңда көрсетілген зейнеткерлік жасты «кезең-кезеңмен» көтеру туралы ұсыныстар да бар. Бұл екі реформа әлдеқашан аяқталған. Бірақ оларды жүзеге асырудың егжей-тегжейлі жоспары жоқ.

Сайып келгенде, Қытай билігі озық технологияларға сүйенуге бағытталған 1,4 триллион долларлық ғылыми-технологиялық стратегияға басымдық бермекші. Осындай технологиялардың өзегін құрайтын жартылай өткізгіштер бұл мақсатқа жету үшін өте маңызды.

Бұл салада Қытайдың позициясы мық­ты емес. Қазіргі таңда отандық өн­діріс арқылы елдегі жартылай өткізгіш­терге қажеттіліктің 16 пайызы ғана қана­ғат­тандырылып отыр. Оның өзінде сапасы төмен. Ал импорттың деңгейі шикі мұнай импортынан да асып түседі. АҚШ-тың Қытайға қарсы жасаған санкциялары, экспорттық бақылау және инвестиция­ларды бақылау секілді экономикалық қысым науқаны ел билігін қатты алаң­датып отыр.

Қытайдың проблемасы мынада. Әлем­­дегі жетекші өндіруші ел болғанымен, не­гізгі бөлшектер, материалдар және ал­дыңғы қатарлы технологиялар секілді негіз­гі бағыттарда әлсіз. Бұрынғы Ин­дуст­­рия және ақпараттық технологиялар министрі Миао Вэй жақында атап өткендей, бұл кемшілік елдің «ұлы державаның» өндірістік экономикасы болуынан кем дегенде 30 жыл артта қалғанын білдіреді.

Жартылай өткізгіштерді өзінде шыға­руға ұмтылу Қытайдың үлкен мақсат­тар­ға жету қабілетінің маңызды сынағы десек, қателеспейміз. Елдің жетістігі бас­шы­лардың авторитаризм, жоғарыдан төмен ди­рективалар мен әлеуметтік бақы­лау кем­шілігін қаншалықты мойындайты­нына байланысты. Си мемлекетінің бас­қару стилінде маңызды саналатын бұл тәсілдер коронавирус дағдарысын тоқ­та­туда тиімділігін көрсетті. Цифрлы және ақ­параттық экономиканың маңызы арт­қан кезеңде Қытайды дамыту үшін алға басу­дың бір ғана жолы бар: ашық­тық, ашық­тық және институционалды икемділік.

 

Джордж МАГНУС,

Оксфорд университетінің Қытай орталығы мен Лондонның SOAS университетінің ғылыми қызметкері, «Қызыл Тулар: Сидің Қытайы неге қауіп төндіреді?» кітабының авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org