Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында фотосуретші Дмитрий Ругистің «Қасиетті Ұлытау» атты фотокөрмесі ұйымдастырылды. Келушілер назарына автордың «Ұлытау» Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында бірнеше жыл қатарынан түсірілген туындылары ұсынылды.
Дмитрий Ругис Ұлытауды аты аңызға айналған өлке ғана емес, табиғаты таңғажайып атырап деп те есептейді.
– Бұл аймақтың табиғаты әралуандығымен таңдай қақтырады. Солтүстігіндегі көлдерде қоқиқаз ұя салады. Оңтүстігінде – Бетпақдала құмдары. Солтүстік-Батысында таңғажайып Ақжар борлы таулары, өзеннің терең арналары бар. Орта тұсында таулар тізбегі орын тепкен. Бұл даланың әйгілі тауларының бірі Әулиетау әлемге танымал Арарат, Кайлас, Килиманджаро сияқты алыптармен теңесе алады, – дейді ол.
Дмитрий Ругисті Ұлытаумен белгілі фотограф Ерболат Шадрахов таныстырған екен. Осы жерде ол жергілікті мұражай-қорықтың директоры Бақтияр Қожахметовпен кездесіп, екеуінің арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнаған.
Аталған қорықта мұражай фотографы болып қызмет ете жүріп ол National Geographic Qazaqstan, «Ветер странствий» және «Вокруг света» газет-журналдарына арнап мақалалар жаза бастаған. Nomad Explorer компаниясының басшысы Марғұлан Сейсембаймен танысып, бүкіл Қазақстан бойынша ұйымдастырылған экспедицияларға қатысты.
Қазіргі таңда Дмитрий Ругис өте табысты фотосуретші. Оның фотосуреттері «Жезкиік», «Оңтүстіктің аңыздары», «Памир трактісі» фотоальбомдарын шығаруға негіз болған. Бүгінде бұл еңбектерге деген сұраныс өте жоғары. Жақында шебердің «Киелі Ұлытау» фотожазбасы баспадан шықты.
Фотосуретшінің Ұлытауды мекен еткен адамдарға деген құрметі зор. Олардың қонақжайлығын, тіпті күнделікті киімдеріндегі қазақы ою-өрнектерінің ерекшеліктеріне дейін аузынан тастамай айтып отырады.
– Дәл осы үшін туристер бұл аймаққа келеді. Оларға соншалықты жайлылықтың қажеті де жоқ. Саяхатшылар біздің заманымызға жеткен ежелгі дәстүрлер мен қолөнерді көргісі келеді. Ұлттық нақышты сезініп, тарих пен тамаша сұлу табиғаттың тылсымына шомуды қалайды. Жалпы Ұлытаудың болашағы зор, – дейді фотосуретші.
Алдағы уақытта Дмитрий Ругис еліміздің бірегей және тарихи маңызы бар жерлерінің фотосуреттер мұрағатын жинағысы келеді. Өзі әлі болып көрмеген Жоңғар Алатауына баруды армандайды.
Дмитрий Ругистің фотография өнерімен айналысқанына он жылдай болған. Бүгінде ол белгісіз әуесқой фотографтан National Geographic Qazaqstan журналы мен Nomad Explorer саяхатшылар бірлестігінің танымал бейнографы, өлкетанушысы және фотосуретшісіне айналды. Қазір ол TEFA Eurasiaphoto шығармашылық бірлестігін басқарады және Қазақ Географиялық қоғамының белсенді мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ