Ел газеті «Egemen Qazaqstan» өзінің жылдағы дәстүрі бойынша жас журналистерге арналған «Үміт» конкурсын жариялайды. Бас басылым бәйгесінің биылғы сыйлығы «Тәуелсіздік – тұғырым» деген тақырыпқа арналып отыр. Азаттықтың арайлап атқан ақ таңымен бірге өмірге де, өнерге де талпыныс жасаған жастардан жаңа сөз күтеміз.
Қатысушыларға сәттілік тілейміз.
Редакциядан
«Egemen Qazaqstan» газетінің жас журналистерге арналған «Үміт» конкурсына қатысу
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1.1. Байқауды ұйымдастырушы – «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ. Орналасқан мекенжайы: Нұр-Сұлтан қаласы, 010000, «Егемен Қазақстан» газеті көшесі 5/13.
1.2. Конкурстың мақсаты – жас журналистерді кәсіби тұрғыдан ынталандыру, олардың кәсіби біліктіліктерін көтеру.
1.3. «Үміт» конкурсы жылына 1 рет, журналистердің кәсіби мерекесіне орай – 7-10 сәуір аралығында жарияланады.
1.4. Конкурсқа 18 бен 35 жас аралығындағы журналистер қатыса алады.
1.5. Үміткерлердің материалдары конкурс жарияланған күннен бастап, 1 ай мерзім ішінде қабылданады.
1.6. Конкурстың тақырыбы жыл сайын өзгеріп тұрады және оны «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ редакция алқасы бекітеді.
1.7. Конкурсқа келіп түскен материалдарды «Egemen Qazaqstan» газетінің редакция алқасынан құралған комиссия (бұдан әрі – конкурстық комиссия) бағалайды.
2. Конкурсқа қатысу шарты
2.1. Конкурсқа «Egemen Qazaqstan» газетінде және Egemen.kz сайтында жарияланған хабарландыруда ұсынылған тақырыпқа сәйкес келетін тақырып аясында жазылған және «Үміт» конкурсына» деген айдар қойылған материалдар қабылданады.
«Үміт» сыйлығы биыл «Тәуелсіздік – тұғырым» деген тақырып аясында соңғы отыз жылдың ең елеулі кезеңдерін қозғауы тиіс.
2.2. Конкурсқа арналған материалдар Times New Roman 14 шрифтімен 1,5 интервалында жазылып, көлемі 3,5 беттен аспауға тиіс. Сапалы суреттерімен жіберілсе, құба-құп.
2.3. Конкурсқа жіберілген материалдар мен суреттер бұрын басқа басылымдарда жарияланбаған болуы керек. Бұл орайдағы жауапкершілік авторға жүктеледі.
2.4. Конкурсқа арналған материалдар info@egemen.kz электронды байланыс желісіне «Үміт» конкурсына» деген айдармен жіберілуі қажет.
3. Конкурс қорытындысы
3.1. Конкурстық комиссия конкурс қорытындысын материал қабылдау аяқталған күннен бастап, 1 (бір) апта ішінде шығаруға міндетті.
3.2. Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес, 1, 2, 3-орындар жүлделі орын ретінде белгіленеді. Олардың әрқайсысына: 1-орынға – 300 000 теңге, 2-орынға – 200 000 теңге, 3-орынға – 150 000 теңге ақшалай сыйлық және арнайы кәдесыйлар тапсырылады;
Қосымша ынталандыру сыйлығы Конкурстық комиссияның ұсынысымен тағайындалуы мүмкін.
3.3. Конкурс жеңімпаздары журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында марапатталады.
Марапаттау рәсімі өтетін орын қосымша жарияланады.