• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2021

Қарағандылықтар жаппай егуге қамдануда

218 рет
көрсетілді

Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова ұсынған мәліметке сай, өңірде бүгінге дейін ресейлік Спутник V вакцинасының бірінші компонентімен 11 207 адам, ал екіншісімен 5 634 адам егіліпті.

Жалпы, облыста вакциналау сынды аса жауапты шаруамен 30 кабинеттен тұратын 14 орталық айналысады. Олар Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шах­тин­ск, Балқаш және Жезқазған қала­ла­рында жұмыс істеп тұр. Кейінде Қар­­қа­ралы ауданындағы орта­лық аурухана жанынан тағы бір орталық ашылды.

Алдағы уақытта 35 вакциналау орта­лығы іске қосыл­мақ­шы. Мұнда әрқай­сы­ның өткізу қабілеті тәулігіне 70-80 адамды құрайтын 115 егу каби­неті болады.

Қарағанды облысы 1 сәуір­де аталған вак­ци­на­ның бірінші компонентінің 7 600 дозасын алған. Эпи­де­мио­ло­гиялық жағдай ескеріле оты­рып, бірінші кезекте бұл партиямен медициналық және әлеу­мет­тік мекемелердің тәуекел топ­қа жататын қызметкерлері мен сон­дағ­ы адамдарды вак­ци­на­лау­ға шешім қабыл­да­нып­ты.

– Осы аптаның соңына қарай Қара­ған­ды фарма­цев­ти­ка­лық кешенінде өнді­рілетін Спутник V вакцинасының тағы 40 мың дозасы жеткізілуі тиіс. Сәуір айында тағы да кезекті партиясын аламыз, – дейді Б.Төлегенова.

Қоғамдық денсаулық сақ­тау қызметі­ні­ң басшысы тұр­ғын­дарды жаппай вакциналау сәуір айының ортасында басталатынын айтады. Осы орайда ірі сауда үйлерінде вак­ци­налау орталықтарын ашу ұйғарылған. Бұл жылжымалы бекеттер емес, толыққанды құрылымдар болмақшы. Онда дәрігерлік және егу каби­нет­тері, вакцинадан кейін­гі бақылау және шұғыл көмек аймақтары болады. Олардың бәрі стационарлық меди­ци­налық тоңазытқыштармен және барлық қажетті жаб­дық­­­тар­мен қамтамасыз еті­ле­ді. Қа­зіргі уақытта бұл орта­лық­тар­дың жұмысын үйлес­тіру санитарлық-эпидемия­лық қызметпен бірге пысық­талу үстінде.

Коронавирусқа қарсы вакцина алу ерікті және тегін екенін айта кеткен жөн. Ба­ла­лар мен 18 жасқа дейінгі жас­өспі­рім­дер­ге вакциналау жүргізілмейді. Ал басқа жас­та­ғы адамдарға шектеу жоқ.

Екпе салдыруға ниет біл­дір­ген тұр­ғындар алдымен өздері тіркелген ем­ха­на­ға барып, күту тізіміне жазылуы керек. Егер белгілі бір адам қандай да бір себептермен белгіленген күні вакциналауға келе алмаса, ол міндетті түрде бұл тура­лы хабарлауы тиіс. Өйткені әрбір доза қатаң есепте тұрады. Мысалы, келе ал­ма­ған әлгі адамның кезегі басқаға ауыс­тырылады.

Қоғамдық денсаулық сақ­тау қыз­ме­ті­нің басшысы Б.Төлегенова вакци­на­лау­дың пандемияны тоқтатудың жал­ғыз ғана тәсілі екенін, бұл маңызды шаруаға тұр­ғын­дардың үлкен жа­уап­кер­шілікпен және түсініс­тікпен қараулары керек­тігін айтады.

Еске сала кететін бір жайт, қазіргі уа­қыт­та мамандар жасанды иммунитеттің болғаны абзал деген ұйғарымды жақтап жүр. Мысалы, Спутник V вакцинасын жасап шығарған Н.Гамалея атындағы ұлт­тық зерттеу орталығының ғалым­да­ры өздері жариялаған ма­қа­лаларда им­му­нитеттің қа­лып­тасу үдерісі екі жылға дейін созылатынын мәлім етті.

Соңғы тәулік бойынша жеткен мәлі­мет­­терге сай, Қара­ғанды облысында 144 адам коронавирус инфекциясын жұқ­ты­рып­ты. Ал кешегі ұсы­нылған ақпарат бойынша, 89 науқас аурудан жазылып шыққан.

 

Қарағанды облысы