• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Сәуір, 2021

Кесенеден кешенге дейін: Жошы хан тарихи-мәдени нысанының құрылысы биыл аяқталады

1232 рет
көрсетілді

Қарағанды облысы бойынша «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан басты жобаның бірі және бірегейі – Жошы хан кесенесі маңындағы тарихи-мәдени кешеннің құрылысы. 

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Ұлытауға ар­найы келіп, халықаралық «Ұлы­тау-2019» туристік форумында сөз сөйлегенінде былай деген еді: «Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қала­ған Жошы ханның есімін ұлық­тауды міндетті түрде қолға алуы­мыз қажет. Оның тарихи тұл­ғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңыз­­ды міндет. Ұлытау – халықаралық дең­гейдегі этнографиялық ту­ризм­нің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясын­да басталуы қажет». Міне, Прези­денттің осындай парасатты пікі­рінен кейін, үлкен іске қозғау са­лы­нып, соның нәтижесінде жо­ға­рыда айтылған ірі жобаның тұсауы кесілген болатын.

Нақтырақ айтқанда, Жошы хан тарихи-мәдени кешені­нің құры­лысы Мемлекет басшы­сы­ның «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылы­ғы мен өркендеуінің негізі» ат­ты Қазақстан халқына Жолдауын­да айтылған міндеттерді жүзе­ге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 31 желтоқсанындағы №1059 Қаулысымен бекітілген «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығын дайындау және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар» жоспарына енді.

Тарихи-мәдени кешеннің құрылысы 2020 жылдың шілде айында басталды. Қарқынды түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде құрылыстың 90%-ға жуығы аяқталған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, ауланы абаттандыру, көгалдандыру және инженерлік сыртқы желілерді қосу жұмыстары жүргізілуде.

Кешен құрылысымен мер­ді­гер компания – «Самға» ЖШС-і айналысып жүр. Құры­лыс жұ­мыстары жүріп жат­қан кешеннің аумағы өте ауқым­ды: ол 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, 1,8 мың шаршы метр аумақта көрме залы, асхана, 20 орындық қонақүй мен намазхана сияқты бөлімдер орналасқан.

Жоспар бойынша кешеннің құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталуы тиіс болатын. Алайда, құрылысшылар кешенді биыл салып бітіреміз деген ниетте.

Мердігер компания «Самға» ЖШС-нің өкілі Ұлан Наурызбаев құ­рылыс материалдарының жет­кі­зілуі, жұмыс кестесінің қа­таң сақ­талынуы және жұмыс­кер­­лер­дің еңбекақыларын дер кезін­де алуы бойынша алаңда­тарлық еш­қан­дай мәселе жоқты­ғын айтады.

– Құрылыс жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» бо­йынша осы күнге дейін 100 адам тартылды. Мұндағы орташа жалақы көлемі 140-150 мың тең­ге көлемінде. Қазір ғимараттың сырт­қы құрылыс жұмыстарының 75-80 пайызы орындалды, – дейді ол.

Кешендегі жылыту жүйесі электр қуаты арқылы жұмыс іс­тей­тін болады. Қазіргі уақытта ны­санды электр желісіне қосу мә­се­лесі толығымен шешілген. Та­ғы­ бір айта кететін жағымды жа­ңа­лық – бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Жошы хан кесенесіне реставрация жұмыстары жүргізілуде.

Тарихи-мәдени кешеннің құрылысы толығымен аяқталып, ол пайдалануға берілгенде біздің алдымыздан мынадай көрініс шығатын болады: үлкен дәлі­з­дің кіреберісіне монитор қойылады, оның көмегімен кесенеге келушілер кешеннің ішкі мазмұнымен және Жошы хан кесенесінің тарихымен таныса алады. Барлық мәлімет үш тілде – қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде ұсынылатын болады. Холдың ортасында «Бәйтерек» ағашы орналастырылады. 3D форматындағы жеке бөлмеде ежелгі қала жобасы көрініс тап­пақшы.

Тарихи-мәдени кешеннің ауласында тақта отырған Жошы хан ескерткіші орнатылған. Биік­тігі бес метр болатын бұл мү­сін­нің авторы – Қазақ­стан Сурет­шілер одағының мүше­сі Ғазиз Ешкенов. Ескерт­кіш ма­ңын­да тақырып­тық тұр­­ғы­да безендірілген шатыр болады. Шатыр кілемдер­мен және әшекейлермен көм­керіледі, сонымен қатар су­ретке түсу­шілерге арналып сим­волика­лық тақ орнату да жос­парланған. Тақтың алды­на Кетбұқаның балауыз мүсіні мен кешен аумағында «Ақсақ құлан» шағын сәулет нысандары мен күймелер, тулар, тутұғырлар қойылады.

Кешен ғимаратының техни­калық жағына да толық­қан­ды көңіл бөлінген. Атап айт­сақ, экспозициялар мен демон­стра­цияларға арналған залдар, намазхана, тамақ ішетін буфет-шайхана, қызметкерлердің тұруына арналған бөлмелер, кешенге келуші саяхатшы қауым мен қонақтарға арналған демалыс бөлмелері болады.

Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова аталған кешеннің негізгі мақ­саты мен міндеті – қазақ халқы­ның қалыптасу тарихының маңыз­ды кезеңдерінің біріне тұрғын­дардың қызығушылығын арттыру үшін келушілерді тарту екендігін айтады.

– Жобаны жүзеге асыру бары­сында Қазақстан халқы Жез­қазған қаласының ғана емес, Ұлы­тау ауданының да тарихи нысандарын аралауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бұл нысан Жезқазған өңірі мен еліміздің баға жетпес мәдени мұрасын на­си­хаттауға да игі ықпалын ти­гізе­ді деген сенімдеміз, – дейді З.Ақылбекова.

Тарихи нысандарға барар жолда келушілер үшін негізгі демалыс орны – Жошы хан кешені мен оның аумағында орналасатын этноауыл болады. Сонымен қатар, қолөнершілерге ұлттық нақышта кәдесыйлар сататын орындар ашу жоспарланған. Ғалымдармен бірлесе отырып, «Ұлық Ұлыс» экспозициясы әзірлену үстінде.

Экскурсиядан басқа, келу­ші қауымның бос уақы­тын мә­дени іс-шаралар арқылы тиім­ді, әрі белсенді өткізу жос­пар­да бар. Демалыс орындары ретін­де Жезқазған қала­сын­­дағы қо­нақ үйлер мен мә­дени нысандар ұсынылады. Сонымен қатар, мар­шрутқа Жезқазған қаласын­дағы тарихи-археологиялық және Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейлерді қосу, қаланың көрікті жерлерімен танысу ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары туристік кластерді дамыту аясында келушілерді қызықтыру үшін туристік фирмалармен бірлескен жұмыс ұйымдастырылатынын да атап өтті. Жоспар бойынша туристер ағыны жылына үш мыңнан астам адам болады деген болжам бар.

Қорыта айтқанда, Жошы хан­ның тарихи-мәдени кеше­нін жақын маңдағы әртүрлі дәуірлерге жататын ескерткіш­терді, ең бірінші кезекте Алтын Орда тарихын зерттеу үшін, сондай-ақ отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен тарихи тақырып бойынша ғылыми конференциялар өткізу үшін ғылыми база ретінде пайдалануға болады. Бұдан бөлек, студенттер мен оқушылардың тарих пәндерін және оқу практикаларын осы керемет тарихи-мәдени кешенде ұйымдастыру да жоспарда бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл игі бас­тама тек қана Жезқазған-Ұлытау аймағы үшін ғана маңызды емес, ол Қазақстанды күллі әлемге танытатын бірегей жоба болады деген сенім бар.

Сөз соңында айта кететін тағы бір жағымды жаңалық – Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құ­рылысы биыл аяқталып, оның салтанатты ашылуы алдағы айлардың бірінде өтеді деп жоспарланған.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы