Әлемдік ғылым апталығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова және елордадағы NIS-тің химия пәні мұғалімі Динара Бейсембаева Nobel Fest алаңында COVID-19-дан кейін білім берудегі жаһандық трендтер жайында айтып өтті, деп хабарлайды Еgemen.kz.
«Ковидтен кейінгі әлемде білім берудің болашағын құру» пленарлық сессиясында экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының білім беру жөніндегі директоры, ЭЫДҰ-ның Париждегі штаб-пәтерінен PISA тең құрылтайшысы Андреас Шляйхер, сондай-ақ Күләш Шәмшидинова мен Нұр-Сұлтандағы Nobel Fest бас студиясынан BCPD бас атқарушы директорының міндетін атқарушы Эльмира Обри спикерлер болды. Дәстүрлі білім беруді трансформациялау, стандартталған тесттер мен креативтіліктің үйлесімділігі, жоғары оқу орны дипломының жетістікке баламасыз жол ретіндегі өзектілігі, жиырма бірінші ғасырдың диверсиялық сын-қатерлері, цифрлық дәуірдің басты кәсіптері – онлайн диалогта EdTrends стратегиялық басымдықтары талқыланды.
Сарапшыларға арналған арнайы сұхбатында Күләш Ноғатайқызы барлық елдердің ғалымдары мен педагогтарын біріктіретін өзекті сұрақтарға жауап берді: цифрлық дәуірдегі мұғалімнің миссиясы, балалардың эмоционалдық интеллектісі мен психологиялық саулығы, заманауи мектептегі инклюзивтілік, қашықтан форматтағы болашақ білім. Локдаун кезеңіндегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі Nobel Fest қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.
«Қазақстан мұғалімі – 2020» ұлттық сыйлығының Гран-при иегері, Global Teacher Prize сыйлығының амбассадоры Динара Бейсембаева «NIS-те оқу процесін қашықтан ұйымдастыру» сұранысқа ие тақырыпты жалғастырды. «Жаңашыл мұғалімдер: жаңа білім беру шешімдерін қалай құру керек» тақырыбындағы ашық пікірталаста Динара Токтаркановна қосымша инфрақұрылымды қажет етпейтін инновациялық білім беру шешімдерінің нақты мысалдарын ұсынды.
Онлайн апта аясындағы екі басты оқиға – бүгінде аяқталып үлгерген Екінші Нобель фестивалі Central Asia Nobel Fest және Қазақстан мен Орталық Азия университеттеріне арналған Нобель Дәрістерінің апталығы болып табылады. II Нобель фестивалі – ТМД елдеріндегі ең ірі ғылыми-көпшілік іс-шараларының бірі. Фестиваль «Болашақты құру» ұранымен өтеді. Фестиваль бағдарламасы үш негізгі бағыт бойынша технологиялар мен инновацияларды дамытуға бағытталған: мүмкіндіктер экономикасы; болашақ индустриясы; EdTrends (білім беру үрдістері). Нобель фестивалін ұйымдастырушы – Инклюзивті Даму Қоры. Фестиваль 8 Нобель сыйлығы иегерін, 9 Breakthrough Prize лауреатын, бірқатар танымал сарапшыларды, соның ішінде Google-дің ғаламдық білім беру көшбасшысы Дженни Магиера, Ford Motors әлемдік трендтердің жетекшісі Шерил Конелли, Bloom Energy вице-президенті Венкат Венкатарман сияқты халықаралық сарапшылар қатысады.
Әлемдік ғылым аптасы аясында қатысушылар Нобель сыйлығының лауреаттарымен, технологиялық компаниялардың жетекшілерімен және әлемдік деңгейдегі ғалымдармен ұйымдастырылатын дәрістерге, семинарларға және интерактивті пікірталастарға тегін қол жеткізе алады.