Көптен күткен Рамазан да келіп жетті. Бұл Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай.
Өйткені мұнда жан мен тәнді рухани тазартатын Ораза құлшылығы орындалады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» деп айтқан. Биылғы Оразаның ерекшелігі – пандемиялық ахуалға тап келіп отыр. Сондықтан қасиетті айда жасалатын діни жоралғылар төңірегінде туындап отырған сұрақтарға дұрыс жауап алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына жолығып, көпшілікті толғандырып жүрген сауалға жауап алдық.
– Ассалаумағалейкум мүфти хазірет, күллі мұсылманға парыз етілген һәм ішінде Ораза құлшылығы бар Рамазан айы да келіп жетті. Өзіңізге және барша Пайғамбар (с.ғ.с) үмбеттеріне құтты болсын айтамыз. Осы орайда, аталған құлшылықтың мұсылман баласы үшін үкімі қандай және маңызы жайлы айтып берсеңіз?
– Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінде Оразаның үкімі жайлы: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз болғандай Ораза парыз етілді. Әрине, сақсынарсыңдар...» дейді. Осы аяттағы «сақсынарсыңдар» деген сөзге айрықша тоқталғым келеді. Бірде әйгілі сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тақуалық туралы сұраған кісілерге былай дейді: «Сіздер өміріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?». Сонда қасындағы адамдар: «Иә, өттік», деп жауап берді. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тағы да: «Олай болса, сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» деп сұрады. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», деп жауап берді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», деп түсіндіріп берген екен.
Ораза құлшылығының мәні де осында. Ауыз бекіткен адамның санасында «Осы ісім Оразамды бұзып жібермей ме?» деген сауал әрдайым жаңғырып тұрады. Тіпті Ораза ұстаған жан біреуді ренжітіп алудан сақтанып, сауаптан құр қалмауға тырысады.
Әдеткі күнде біреудің әдепсіз әрекетінің «қарымтасын» беруге асығып тұратын жан қасиетті Рамазан айында өзге адам дауыс көтеріп, шектен шығып жатса да «мен ораза едім» деп мәселені тақуалық жолмен шешеді. Өйткені Рамазанда «мен оразамын» деп айту – сүннет амал, яғни Пайғамбар жолы. Ардақты Пайғамбарымыз: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған «Мен оразамын» десін» деп өсиет еткен.
Тақуалық – арнайы іздеп, уақыт-сәтін күтіп жасайтын амал емес. Алладан қорқу, күнәдан сақтану күнделікті тіршілігімізде, жұмысымыз бен отбасымызда, кез келген қоғамдық ортада көрініс табуы тиіс. Ал Ораза айы тақуалықты ту ететін орайлы сәт.
Ауыз бекітіп жүргеніміздің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әбубәкір Кердерінің:
«Мұсылман болсаң – іждәт қыл,
Иман, руза, намазға.
Ағайын болсаң, тату бол,
Әуес болма аразға!» деп жырлайды.
Аузы берік адам бойындағы күш-қуатын өнбес дауды қуып, бос нәрсеге жұмсамайды. Нәпсі-қалауы «жуасып» қалған жан жамандықтан қашық жүреді. Қу нәпсі адамды аздыратын амалға жетелегенмен, ақылды мұсылман нәпсі қалауына ермейді. Ал қалауға ерік берген пенде оның «құлына» айналмақ. Нәпсіні тәрбиелеудің төте жолы – аштық, яғни Ораза ұстау.
Оразаның мүміндер өміріндегі маңызы ерекше. Бұл айда мұсылман баласының ниеті мен амалы үйлесіп, жақсылыққа ұмтылады. Ізгі ғұламалардың бірі «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол айтпақшы, Рамазан – рухани азық жинайтын берекелі ай. Пенде ораза кезінде өзінде бар нығметтің берекесін сезінеді, қадіріне жетеді.
– Биылғы Ораза пандемиялық жағдайға тап келгендіктен, парыз-сүннет құлшылықтарды жасауда қандай өзгерістер бар және орындалуы жайлы не үкім айтасыз?
– Біз еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, жұқпалы коронавирус індетінің алдын алу және одан сақтану үшін құлшылық жасау мәселесін үш аймаққа, яғни «жасыл», «сары», «қызыл» деп бөлдік. «Жасыл» аймақтағы мешіттерде тарауық намазында қысқа сүрелер оқылады. Ал ауа райы қолайлы, мысалы оңтүстік аймақтарда оқылатын тарауық намазы мүмкіндігінше мешіт ауласында өткізіледі. Тарауық намазы рұқсат етілген мешіттерде Құран хатымды бір парадан асырмай оқу туралы имамдарға тиісті тапсырма берілді. Жамағат намазы кезінде арақашықтық сақталады. Бұған қатысты арнайы пәтуа шыққан. Осы ретте жасы үлкен кісілерге, денсаулығы нашар адамдарға жəне жас балаларға намаздарын үйлерінде оқуға кеңес береміз. Мешітке бетпердемен келу міндетті.
Ал «қызыл» аймақтағы мешіттерде, өкінішке қарай, жамағатпен намаз оқылмайды. Мешітте белгіленген орындарда жеке құлшылық жасалады. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынына көзіміз жетті. Осы ретте барша отандастарымды ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын!
– Ауызашар деп қалдыңыз, Ораза құлшылығында әдеттегідей «ауызашар» әдебі бар. Осы мәселеге байланысты не айтасыз?
– Әрине, ораза кезінде ауызашар беріп, сауап алуға тырысамыз. Алайда пандемиялық жағдайда жақындарымызға зиян тигізбей, олардың өміріне қауіп төндірмей, жұқпалы дертті таратпауға үлес қосу – бүгінгі күннің маңызды әрі үлкен сауапты ісінің бірі. Сауап алам деп біреудің обалына қалып жүрмейік дегім келеді. Қазіргі жағдай барынша сақтану қажеттігін ұқтырып отыр. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №68 қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінде еске алу рәсімдеріне рұқсат берілгеніне қарамастан, ауызашарды мүмкіндігінше отбасы ортасында өткізуді ұсынамыз.
Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандарға айтарым: ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болатынын қаперлеріңізге саламын. Діни басқарма Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып, қайырымдылық іс-шараларын жоспарлы түрде жүзеге асырады. Барша қауымды игі іске үлес қосуға шақырамын!
– Өткен жылдары ораза кезінде ауыл-үйді аралап «жарапазан» айтушыларды көріп қалдық... Бұл әрекет дінде бар ма, әлде дәстүр ме?
– Жарапазан сөзі «Жа-Рамазан», яғни араб тіліндегі «Рамазан келді» деген сөзден шығады. Жарапазан жырының мазмұнында Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтылады. Жарапазан жыры исламнан бұрын пайда болған деген тұжырым бар. Осындай тұжырым айтқан ғалымның бірі – Халел Досмұхамедұлы. Ол: «Бұл жырлар жартылай діни сипатты: жарапазаншылар өз өлеңдерінде шариғатқа иек арта отырып, қайыр-садақа, сый сұрайды» деп жазған. Ал Ахмет Байтұрсынов: «Жарапазан – рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады» деген.
Ақын-жазушыларымыз дінді, адамгершілікті өлең-жырмен насихаттаған. Мұхтар Әуезов: «Қазақ ортасына Ісләм дінінің тарауына көбіне қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір» деп жазады.
Жарапазан – қасиетті Рамазан айының келгенін хабарлайтын, халықты ізгілікке үндейтін жыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін жарапазан жырын жатқа айтушылар арасында арнайы сайыстар ұйымдастырып, жер-жерде байқаулар өткізіп, осы игі дәстүрдің бұқаралық сипат алуы үшін бірнеше жобаны жүзеге асырды. Жарапазан айту дінімізде болмағанымен, дәстүрімізде бар жақсы үрдістің, жақсы ғұрыптың бірі.
Қазақша «ғұрып» сөзі «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.
Айтайын дегенім, жарапазан жыры да көңілге орныққан, халқымызға үйреншікті болған, адамдар арасында көп айтылатын жақсы дағдымыздың бірі. Сондықтан осы дағдыны қайта жаңғыртып, оның жаңа заманауи үлгісін қолданысқа енгізуіміз керек деп есептеймін.
– Жалпы, мұсылман жамағаты арасында «Ораза сауап айы» деген ұғым бар. Осының нақты шариғи жолы және мінсіз дұрыс орындалуы жайлы айтып берсеңіз?
– Алла Тағала «Фуссилат» сүресінің 34-аятында: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді» деп баяндайды.
«Мұсылман» деген сөз «мойынсұнушы» деген мағынаны білдіреді. Демек, мұсылман баласы әр ісінде Алланың әміріне мойынсұнады. Тіпті, біреу жаман ниетпен дөрекілік танытса, оған көркем түрде жауап береді. Біреу ауыз бекіткен мұсылманға тіл тигізсе немесе онымен араздасқысы келсе оған «мен оразамын» деп жауап береді. Жоғарыда айтқанымдай, аузы берік адам әрбір теріс нәрседен сақтанып, әр амалын адамгершілік таразысымен өлшейді.
«Ораза сауабы» деген іздеп жүріп, орайын күтіп алатын нығмет емес. Егер кез келген жағдайды, сындарлы сәтті сабырмен қабылдап, қайырын Құдайдан күтетін болсақ, ораза ұстаған адамның әр сәті сауапқа толы. Демек, Оразаның әр сәті сауап. Әбубәкір Кердерінің «Мұсылман болсаң – іждәт қыл» дейтіні сондықтан. Әр іске ыждаһат, дұрыс ниет керек. Ниет пен сөз түзелмей, амал түзелмейді. «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Міне, көркем мінез дегеніміз осы. Көркем мінезді мұсылман айналасына ислам құндылықтарын паш етеді.
– Рамазан айында «Қадір түні» бар. Осы қасиетті түннің құлшылық үкімі жайлы айтып өтсеңіз?
– Алла Тағала жылдардың ішінен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген жылды берекелі етіп қойды. Айлардың ішінде Рамазан –қасиетті ай. Күндердің ішінде жұма, арапа күндерінің қасиеті ерекше. Ал Жаратқан Жаббар Иеміз түндердің ішінен Қадір кешінің қадірі мен қасиетін, дәрежесі мен сауабын арттырып қойған.
Иісі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Қадір кешінің әрбір сәтін құлшылықпен, дұғамен, Құран оқумен, т.б. Аллаға ұнамды сауапты амалдармен өткізетініміз сондықтан.
Қадір түнінің негізгі қасиеті – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелейтін Құран Кәрімнің түсуінде. Алла Тағала бұл туралы былай баяндайды: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істі атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», деген.
Бұл түнде Жаратқанға шынайы жалбарынған пенделердің тілектері қабыл етіліп, тағдыры жазылып, ризық-несібесі бекітіледі. Кейбір ғұламалар қасиетті Қадір кешінде кімдердің қажылыққа баратыны белгілі болады деген. Демек, әр адамға қатысты үкім шығарылатын түнді барынша сауапты амалға арнағанымыз абзал.
Осы ретте Қадір түнінде жасайтын қайырлы амалдарға тоқтала кетейін. Ең бастысы, мұсылман баласы бұл кешті иманмен, Аллаға деген мықты сеніммен, сауабын үміт ете отырып өткізуі тиіс. Намаз, Құран оқып, дұға жасап, Алладан кешірім сұрап, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, уағыз-насихат тыңдап өткізуге аса мән беру керек. Сонымен қатар алдын ала Қадір түнінің қасиеті туралы оқып-біліп алған жөн. Өйткені бұл кештің мәні мен маңызын, дәрежесі мен мәртебесін, сауабы мен қасиетін түсінген адам оның берекетінен әсте мақұрым қалмауға тырысады.
– Мүфти хазіреті, биылғы Ораза құлшылығы қарсаңында еліміз көлемінде жұқпалы індет коронавирусқа қарсы екпе салдыру науқаны жүріп жатыр. Осы мәселеде мұсылмандар арасында әртүрлі пікір бар. Еліміздің дін басшысы ретінде сіз не айтасыз?
– Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты», деген. Халқымызда: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», деген нақыл бар. Сол үшін кез келген адам емделудің және аурудың алдын алу жолдарын қарастыруы тиіс.
Арнайы медицина мамандары қазіргі таңда әлемге қауіп төндірген коронавирус індетінің алдын алу үшін вакцинациялаудың адам денсаулығын сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі екенін айтуда. Ал шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Алайда екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі.
Сөз соңында айтарым, Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп етіп, адамзатты жұқпалы індеттен сақтағай. Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамыз бен жасаған әрбір жақсы амалымыз қабыл болғай. Әмин!