Өткен аптаның соңында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Олимпия ойындарының лицензиялық турнирі аяқталды. Айтулы жарыста сары құрлықтың 25 мемлекетінен келген балуандар өзара күш сынасып, 36 жолдаманы сарапқа салды. Яғни финалға шыққан балуандардың барлығы да Токиода күш сынасу құрметіне бөленді. Алатау баурайында өнер көрсеткендер қатарында Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар да болды.
Тұрсынов Токиоға барады
Жұма күні грек-рим күресі шеберлері боз кілемге шықты. Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Олимпиаданың алғашқы жолдамалары сарапқа салынғаны белгілі. Сол жарыста 60 кило салмақтағы Мейрамбек Айнағұлов пен 77 кило салмақтағы Асхат Ділмұхамедов Күншығыс еліне сапар шегетіндердің санатына қосылған еді. Келесі іріктеу сынын Алматы қаласы қабылдады. Иә, өз елімізде өтетін жарыста қалған төрт жолдаманы иелену үшін біздің балуандар барын салады деп үміттендік. Бірақ үкілі үмітіміз ақталмады. 67 кило салмақта белдескен Мейіржан Шермаханбет шешуші сында шабысынан жаңылды. Әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атағы бар қандасымыз есімі көпшілікке беймәлім қырғызстандық балуан Марлен Асикеевтен ойсырай ұтылды. Есеп – 2:8.
97 кило салмақтағы Олжас Сырлыбай мен Оңтүстік Кореяның өкілі Сейол Ли арасындағы сайыста тең есеп тіркелді – 1:1. Ереже бойынша екі балуан тең түскен жағдайда соңғы ұпайды кім алса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Лидің бағы жанды.
Аса ауыр салмақта Георгий Цурцумия айқасты. Жасы 40-тан асқан ардагер балуанның үлкен спорттан қол үзгеніне бақандай 13 жылдың жүзі болды. 2004 жылы оның Афина Олимпиадасында күміс медальді иеленгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Одан бөлек, Цурцумияның әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлықтың төрт дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар. Арада 17 жыл өткен соң Георгий қайта Олимпия ойындарында күш сынасуды мақсат тұтты. Бірақ жалынды жастар сақа спортшыға ондай мүмкіндік бермеді. Алғашында кореялық Минсок Кимнен, көп ұзамай қытайлық Линдзе Менгтен ұтылған ол жарыс жолынан шығып қалды. Осылайша, үш балуанымыз Алаш топырағында өткен жарыста өз жанкүйерлерін қуанта алмады.
Жерлестеріміздің арасынан Нұрсұлтан Тұрсыновтың асығы алшысынан түсті. Ширек финалда ол жапониялық Масато Сумимен шеберлік байқасты. Бәсеке барысында 0:3 есебімен ұтылып жатқан қазақ жігіті екінші кезеңде жанкештілік танытып, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Жартылай финалдық сайыста да жоғарыдағы жағдай айна-қатесіз қайталанды. Үзіліске дейін Сушил Кумар қандасымыздан ұш ұпай озып тұрды. Бұл жағдай Нұрсұлтанның жігерін жасыта алған жоқ. Екінші кезеңде Үндістан өкілін төрттағаннан жұлып алған ол оңтайлы әдісін жүзеге асырды. Ақыры 9:5 есебімен жеңіске жеткен Тұрсынов Токиоға баратындардың тізіміне қосылды. Финалда қытайлық Фей Пенг боз кілемге шығудан бас тартты. Осылайша, Нұрсұлтан Олимпиада жолдамасымен қатар, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды.
Алматыдағы турнирдің қорытындысы бойынша Қырғызстаннан келген жігіттердің қанжығасы майланды. Айыр қалпақты ағайындарымыз үш жолдаманы олжаласа, Қытай, Оңтүстік Корея және Ираннан екі және Жапония, Өзбекстан және Қазақстаннан бір-бір балуан сондай құрметке бөленді.
Татьяна табандылық танытты
Сенбіде әйелдер күресінен бәсекелер өтті. Олар да 2019 жылғы әлем чемпионатында екі жолдаманы қоржынға салған еді. Бұл жолдамалардың иегерлері – Валентина Исламова (50 кило) мен Елмира Сыздықова (76 кило). Қалған қыздарымыз діттеген мақсаттарына Алматыда қол жеткізуді көздеді. Алатау баурайында ұйымдастырылған іріктеу турнирінде төрт бұрымдымыз боз кілемге шықты. Өкінішке қарай, қатарынан екі кездесуде жеңілістің кермек дәмін татқан Эмма Тисина (57 кило) мен Жәмилә Бақбергенова (68 кило) жарыс жолынан шығып қалды.
Барша жанкүйер 53 кило салмақта өнер көрсеткен Татьяна Ахметованың жанкештілігі мен табандылығына риза болды. Төрт дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар 35 жастағы ардагер спортшы тұсаукесер кездесуінде тәжікстандық Ватансултан Шакаршоеваны шаң қаптырса, іле-шала моңғолиялық Болотуя Бат Очирмен белдесті. Бәсеке барысында 0:8 есебімен ұтылып жатқан Татьяна аяғынан ауыр жарақат алғанына қарамастан қарсыласын үш рет жамбасқа салып лақтырды. Осы үш әдіс те төрешілер тарапынан төрт ұпаймен бағаланды. Нәтижесінде отандасымыз келесі айналымға өтті.
Жартылай финалда Ахметова Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Хен Джумен айқасты. Жарақаты жанына батқанына қарамастан ол Азия ойындарында үш мәрте, құрлық чемпионатында төрт рет жүлдегерлер қатарынан көрінген сақа спортшыны сан соқтырды. Сөйтіп Татьяна Ахметова көздеген мақсатына қол жеткізіп, Олимпия ойындарының жолдамасын қалтасына басты. Оның ақтық сындағы күресіне дәрігерлер рұқсат бермеді.
62 кило салмақ дәрежесіндегі Аяулым Қасымованың да жолдама алуға жақсы мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерінде кореялық Ханбит Лиден айласын асырғанымен ол моңғолиялық Цереншимедке жол берді. Ал жартылай финалда үндістандық Сонам Сонамнан ұтылды. Бір өкініштісі, екі ретінде де қазақ балуаны алғашында қарсыласынан бес-алты ұпай озып тұрды. Бірақ бәсеке бел ортадан ауғанда Аяулым білгенінен жаңылып, жеңісті уысынан шығарып алды.
Әйелдер күресінен моңғол қыздары ең көп лицензияға қол жеткізді. Олардың төртеуі Жапонияға баратындардың санатына қосылды. Қырғызстан, Үндістан, Қытайдың екі және Жапония мен Қазақстанның балуандарына бір-бір жолдамадан бұйырды.
Батырмұрзаевтың бағы жанды
Жексенбі күні еркін күрес шеберлері жарыс көрігін қыздырды. Бұған дейін біздің жігіттер төрт жолдаманы қоржынға салған еді. Олар – Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қайсанов (74 кило) және Әлішер Ерғали
(97 кило). Бапкерлердің «Қалған екі жолдама үшін кім таласады?» деген сауалға біраз бас қатыруына тура келді. Себебі жұлқынып тұрған жігіттер көп. Солардың арасынан ең мықтыларды іріктеп алу қажет. Кесімді сөзді ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев айтты. Айтулы маман 86 кило салмақта Азамат Дәулетбековті және 125 кило салмақта Юсуп Батырмұрзаевты боз кілемге шығаруды жөн көрді.
Алматыдағы жарысты екі жерлесіміз де керемет бастады. Екеуі де Оңтүстік Кореяның өкілдерін өз еліне қайтарды. Ширек финалда Азамат Квон Хек Бьонның тас-талқанын шығарды. Бәсеке бір минутқа жетпей аяқталды. Юсуп та ұзаққа созбады. Ким Донгхванды ойсырата ұту үшін оған бар-жоғы үш минут жеткілікті болды. Бірақ одан кейін Дәулетбековтің бағы байланды. Ол Ресейден қоныс аударып, Өзбекстанның туы астында өнер көрсетіп жүрген Жабраил Шәпиевтен жеңіліп, жергілікті жанкүйерлердің көңіліне селкеу түсірді. Ал Батырмұрзаев ел сенімін ақтады. Жартылай финалдық межеде Қазақ елінің намысын қорғап жүрген ноғай жігіті үндістандық Самит Самитті сан соқтырып, Токиоға баратын балуандардың тізіміне қосылды.
Сөйтіп Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің жеңіп алған жолдамаларының саны беске жетті. Отандастарымыздың арасынан әзірге тек 86 кило салмақтағы балуандар осалдық танытуда. Ал Алматыдағы турнирде Өзбекстан құрамасы тамаша өнер көрсетті. «Ала тақиялылар» төрт лицензияны өз қоржындарына салды. Иранның апайтөстерінің үшеуі Жапонияға сапар шегетіндердің санатына қосылды. Сондай-ақ Қытайдың екі және Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолияның бір-бір өкілі сондай құрметке бөленді.
Сонымен Алатау баурайында ұйымдастырылған дүбірлі дода өз мәресіне жетті. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда жалауы желбіреген әлем чемпионаты және күні кеше Алматыда аяқталған турнирді қоса алғанда, Қазақстанның балуандары барлығы 11 лицензияға иелік етті. Тарқатып айтсақ, еркін күрестен бес, грек-рим күресі мен әйелдер күресінен үш-үштен жолдаманы қоржынға салдық. Алда тағы бір іріктеу сайысы бар. Бұл жарыс 6-9 мамыр күндері Болгарияның астанасы – Софияда өтеді. Сол бәсекеден кейін биыл Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарында күш сынасатын балуандар толықтай анықталады. Соңғы сынақта Қазақ елінің өрендері төрт жылдықтың басты додасына толық құраммен бару үшін барын салады деп үміттенеміз.
АЛМАТЫ