Қарағанды облысында жаман тұмау жұқтырғандар саны күннен-күнге бой бермей барады. Өткен аптаның ішінде бұл көрсеткіштің екі еседей өскені бұл сөзімізге толық дәлел бола алады. Міне, жағдай осылай қалыптасқан соң, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин өңірде 12 сәуірден бастап амалдың жоқтығынан карантин режімін күшейту туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Мұны өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеген ол шешімге сай қолданылар шаралар турасында түсінік берді. Мәселен, аталған күннен бастап Қарағандыда Ashyq қанатқақты жобасы іске асырылатын нысандарды қоспағанда, облыс бойынша караоке, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, бильярд, боулинг орталықтары сияқты ойын-сауық мекемелерінің қызметіне тыйым салынды. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселер, жабық үй-жайлардағы ойын алаңдары, аттракциондарды қоса алғанда, балалардың ойын-сауық орталықтары, банкет залдары, театрлар мен кинотеатрлар, концерт залдары, цирк, мәдениет үйлері мен мәдениет сарайлары, сондай-ақ ондағы дайындықтардың, жалпы білім беретін мектептерде орналасқан секциялар мен үйірмелердің жұмысы тоқтатылды. Тек кітапханалар мен музейлерге, жалпы білім беретін мектептерде орналасқан секциялар, үйірмелерге жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Онда да олардағы келушілер саны 30 адамнан аспауы тиіс.
Сабақтан тыс уақытта оқушыларға жеке сабақтар беруге рұқсат етілмейді. Оқушыларды пандемия бойынша жағдайы нашар өңірлер мен елдерге халықаралық жарыстарға, олимпиадаларға апаруға болмайды. Облыстың мектептерінде оқыту аралас формат түрінде қала береді. Ал 6,7,8 және 10-сынып оқушыларын оқыту қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Құрама түрде бітіруші 9, 11-ші (12) сынып оқушылары санитарлық-дезинфекциялық және бетперде режімдерін сақтай отырып оқытылады. Экскурсияларға тыйым салынды. Сондай-ақ ойын-сауық және бұқаралық іс-шаралар, форумдар, конференциялар, көрмелер, жәрмеңкелер және басқа да көпшілік жиындар өткізуге тыйым әлі де жалғаса береді.
Бұдан бөлек, Ю.Залыгин Қарағанды мен серіктес қалалар арасындағы бағыттар бойынша сенбі және жексенбі күндері жолаушылар тасымалына рұқсат етілмейтінін атап өтті. Еліміздің басқа өңірлеріне және облыс ішінде тұрақты емес туристік автотасымалдарға да толық тыйым салынды. Жаттығу залдары мен фитнес-орталықтарға, бассейндерге, сұлулық салондарына бару үшін алдын ала жазылу қажет.
Ал облыс бойынша сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары, көтерме-тарату орталықтары, азық-түлік супермаркеттерін, азық-түлік павильондарын және олардағы дәріханаларды, сұлулық салондарын, химиялық тазартқыштарды қоспағанда, ауданы 2 мың шаршы метрден астам азық-түлік емес тауарлары бар дүкендер сенбі және жексенбі күндері жабық болады. Сонымен бірге фитнес-орталықтар, спорттық-сауықтыру орталықтары, тренажер залдары, спорт кешендері, сауналар, бассейндер, СПА-орталықтар, массаж салондары, азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлар, ашық ауадағы азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмысын жексенбі күндері тоқтату туралы шешім қабылданды.
Супермаркеттер мен гипермаркеттер таңғы 7.00-ден 24.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Барлық келушілер үшін термометрия, маска режімін және әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары енгізілген. Қоғамдық тамақтану нысандарына сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Азық-түлікті жеткізу және алып кетуге уақыт шектеуі қойылмайды. Мейрамханалар мен дәмханаларда банкеттер, тойлар, еске алу және басқа да ұжымдық және естелік іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.
Балабақшаларда саны 15 адамнан аспайтын кезекші топтар ғана жұмыс істейді. Ал мемлекеттік ұйымдар мен жеке кәсіпорындарға өндірістік қажеттілікке байланысты қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс істеу форматына көшіруге кеңес берілді.
Сондай-ақ брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тұрғындарды 13 сәуір мен 12 мамыр аралығында өтетін қасиетті Рамазан айында санитарлық-карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырды.
Еске сала кететін бір жайт, Қарағанды облысында сәуірдің 10-ы күні тұрғындарды ерікті түрде жаппай вакциналау науқаны басталған болатын. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова өңірге 23 740 доза вакцина жеткізілгенін хабарлады.
– Алдағы үш күнде тағы 55 мың доза түседі. Бұрын 30 егу кабинеті бар 13 вакциналау орталығы жұмыс істейтін. Қазір біз вакцинаны біртіндеп орталық аудандық ауруханаларға, аудандарға және басқа қалаларға таратамыз. Барлық қарағандылықтар тұрғылықты жері бойынша екпе ала алады, – деді ол.
Жауапты маманның мәлімдемесінен кейін, яғни кеше Қарағанды медицина университетінде вакциналау орталығы ашылып, оқу орнының қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері ерікті түрде КВИ-ге қарсы екпе салдыра бастады.
Қарағанды облысы