Атақты балуан, даланың бұлшық еті атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл дата республика көлемінде кеңінен атап өтілуде. Балуан сөзі қазақ танымында ер, батыр, қайсар, күшті, халықтың қорғаны деген сияқты ұғымдарға үйлес келеді.
Байырғы қазақ балуаны дегенде әуелі, Балуан Шолақ пен Қажымұқан, одан қалды ердің сойы Иманжүсіп Құтпанұлы еске түседі. Бұлар тек дүлей күш иесі ғана емес, айтса әні бар, жүрсе сәні бар, адамның сарасы, атаның артып туған баласы болған. Тірісінде жарғақ құлақтары жастыққа тимей отарлаушылармен арпалысқан. Сол үшін Имекең мен Балуан Шолақ орыстың түрмесіне қамалса, Қажымұқан Алашорданың ту ұстаушысы болған. Қысқасы, бұрынғы қазақ балуандары қайраткер еді. Қайран арыстар өздері тап болған қоғамдық-әлеуметтік жағдайды жырға қосатын ақын, ән қылып айтатын сазгер еді ғой. Мысалы:
Балуан Шолақ:
Бойыма күш біткенге еттім шүкір,
Қажысам абақтыда бетке түкір.
Есігін екі итеріп тартқанымда
Кірпіші жерге түсті күтір-күтір.
Иманжүсіп Құтпанұлы:
Қыран едім, қор болдым торға түсіп,
Аспаныма шығармын бір күн ұшып.
Бар қатыны қазақтың ұл тапса да,
Бірі де бола алмайды Иманжүсіп!
Қажымұқан айтады:
Қажымұқанмын қазақта
күшім асқан,
Палуандықтан айтайын біраз дастан,
«Орыс палуан» атанып он екі жыл,
Жиырма төрт патшалықтың
жерін басқам.
Балуан Шолақ пен Қажымұқан
Жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» хикаятында «Балуан Шолақпен кездесу» атты бөлім бар. Осы кітапта және «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы 9-шы санында жазушы, өлкетанушы Естай Мырзахметов «Балуан Шолақтың Қажымұқанмен кездесуі» атты көлемді дүние жариялаған екен.
Жоғарыдағы авторлардың еңбегінде айтылған оқиғаға құлақ түрсек, әкесі Мұңайтпас дүниеден өтті деген хабар жеткен Қажымұқан балуан Қызылжар-Көкшетаулап еліне келе жатады. «Патша балуанын» тым болмаса түстендіріп жіберуді абырой-дәреже көрген байлар жолын тосып әлек. Бірінен соң бірі іліп әкетіп жатты. Бұл хабар Балуан Шолаққа да жетеді. Шөкең: «Маған қалайда келеді, сәлем береді», деген оймен қам жасап, қатты күтеді. Өйткені күрежол Тастыөзек қонысында отыратын балуан ауылын іргелей өтеді. Демек Қажымұқан қалайда келуі керек.
Бірақ Қажымұқанды атығай байы Әлжан мен керей болысы Сатыбай бұрып әкетеді. Бұл іс Балуан Шолақтың қытығына тиеді. «Әке қазасы қиын-ау, қайғырып келе жатқан адам емес пе, кейін оралғанда соғар!» деп күтіп отырады. Бірақ та үміті ақталмады. Қажымұқан төте Ақмолаға аттанды деген хабар алады.
Балуан Шолақ түн ішінде атқа қонады. Суыт жүріп отырып, таңға жақын Қажымұқан қонып жатқан Шортандағы Шаймерденнің үйіне тұмсық тірейді. Дүрсілдеген қақпа дауысынан оянған үй иесі Шаймерден:
– Апыр-ай, батыр, жеті түн ішінде елдің зәресін ұшырып, бұл не суыт жүріс? – деп қалжыңдай қарсы алады. Ширығып келген Шөкең басқа сөзге айналмай:
– Әлгі Қажымұқан деген көргенсіз осында ма? – деп сұрайды да, осында екенін білген соң: – Ендеше, мені қазір тура соның жатқан жеріне бастап апар. Есіңе тұт, менің кім екенімді тісіңнен шығармайсың, оның атын да ауызға алмайсың! – дейді еркін сөйлеп.
Қажымұқан қадірлі қонақтарға арналған түпкі бөлменің қақ төрінде салынған құс төсекте дөңбектей дөңкиіп жалғыз жатқан-ды. Есік ашылады. Бөлме ішіне жарқырап жарық түседі. Шөкең босағадан аттай тоқтап:
– Уа, Шаймерден, немене, үйіңде қонақ бар ма еді? Тап төріңде күмпиіп жатқан кім бұл? – дейді кім екенін жорта білмегенсіп. Үй иесі:
– Осында бір жолаушы мейман еді, – деп сылқ еткізіп қоя салды.
– Е, сонда, бір үйді бір өзі алып, үлде мен бүлдеге оранып жататын соншалықты не қылған мейман ол?
Қажымұқанның жата беруіне енді болмай қалып еді. Жорта ұйқыдан жаңа оянып кеткенсіп, көзін сығырайта ашып қарады... Босағаға сүйеніп біреу тұр, – адам емес сурет. Баста сусар бөрік, үстінде омырауы ашық жібек шапан, аяқта өкшесі сынық сүйем, күміспен күптелген көк сауырлы, кісі құны дерліктей кебіс.
– Ей, Шаймерден, малдың қарны жуан, басы үлкені – соғым, адамның қарны жуан, басы үлкені боғым деуші еді, сенің мына қонағыңның қарны кебежедей, басы қара бақырдай бірдеме екен, сірә, нағыз боғымның өзі болар...
Қажымұқанда үн жоқ. Өзіне шүйіліп, сөзбен піспектеп тұрған жанның осал емесін іші сезіп-ақ жатыр, ал бірақ дәл осы Баулан Шолақ болар-ау деген ой оған қайдан келсін?! Кім де болса ойсаң денесін көрсетіп-ақ жүрегін шайлықтырып тастамақты ойлап, көрпені төменірек ысырып, бұлшық еті білеу-білеу балуан білегін, есіктей кең кеудесін жалаңаштайды. Оны көрген Шөкең қарқ-қарқ күледі:
– Ойбай-ау, мына жаманның түріне қараңдар! Әй, осының өзі балуансымақ бірдеме болмағай... Менімен күресемісің? – дейді. Қажекең бұдан әріге шыдай алмайды. «Күрессем күресемін!» деп, шамырқанған қимылмен көрпені серпе лақтырып тастап, сілкіне тұрады. Шөкең сол босағаға сүйеніп тұрған күйі:
– Шаймерден, қане, бізге екі қыл шылбыр әкел, арбиған мәстекі неме екен, өнерін көрейін! – дейді. Екі шылбырдың бірін Шолақ Қажымұқанға «ал ұста» деп лақтырды, бірін шапан сыртынан беліне өзі байлай бастады... Қажымұқанның көзі Шолақтың аяғындағы кебісіне түседі.
– Аға, аяғыңыздағы кебісіңіздің өкшесі тым биік екен, омырылып кетер, шешсеңіз қайтеді? – дейді.
– Кет, ит, сөйлемей! – деп Шөкең қатты қайырып тастайды. – Сенімен ұстасуға жарамаған кебісті мен кисем-ау.
Бір емес, екі емес, әбден басынып біткеніне ызасы қозып, ширыға жақындай берген Қажымұқанның беліндегі шылбырға Шөкеңнің қолы сарт етіп бұрын тиіп қалады. Сол сәтте Қажекең ышқына дауыстап жіберіп:
– Ойбай, аға, сіз Балуан Шолақ емессіз бе?!
– Енді кім деп едің!
Қажымұқан еденді омырып жібергендей дүрс еткізе, жалп етіп отыра кетеді. Жалма-жан екі қолын көкірегіне басып:
– Ойбай, аға, менен бір ағаттық болды, мен жығылдым!.. Мен жеңілдім!
Сол, сол-ақ екен, Балуан Шолақ оны жерден алып, жерге салады.
– Оңбаған ит!.. Сен ит болмасаң, менің басымнан аттап кетер ме ең! Әуелі маған келмес пе ең, сәлем бермес пе ең?! Содан кейін Мұңайтпас ағам орнына сені өзім алып бармас па ем! Көркейіп бармас па ең сен!.. Сасық байлардың итаяғын жалайсың!
Қажымұқан ләм-мим демейді. Не десін, кінә өзінен. Оны осы арада ғана түсінеді. Қолынан бар келгені, ағаның аяғына жығылып, кешірім сұрау ғана.
– Қанеки, тұр-дағы, тез киін! – деп әмір етеді оған Шөкең. – Қазір жүреміз!.. Әке қазасына асығып келе жатқан Қажымұқан ләм демей балуан ағасына ілесіп жүре береді.
Бұл оқиғадан біз не түйеміз: байырғы қазақ алыптарының сыйластығы қандай? Бір-біріне деген ағалық өктемдігі мен інілік ізеті қандай? Нағыз үлгі алатын оқиға осы емес пе? Қазір ше, кілем үстінде дауласып, алакөзденіп, балуандықтың қадірін қашырып жүрген біздің азаматтар ойланса екен...
Иманжүсіптің үкімі
Қаламгер Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» атты хикаяты 1990 жылы «Жалын» журналында алғаш рет жарияланып, артынан жеке кітап болып шықты. Осы туындыда Ұлытау өңірінде атақты Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы үшеуі бас қосып, даланы ду-дырдуға бөлегені жайлы айтылады.
Бірін-бірі көріп, басқосуға ынтызар болып жүрген қазақтың арыстары алқа-қотан отырып өнер көрсетеді. Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап тастай салады. Ал Қажымұқан болса жуан рельс темірді жотасына көлденең көтеріп, жиналған халыққа «екі басына сыйғанша мініңдер!» дейді. Ел рельске жабысады. Қажымұқан рельсті айналдырғанда жұрт көбелектей шашырап ұшады.
Одан кейін Балуан Шолақ асау көк қасқа айғырға ер салып, қырық құлаш қыл арқанның ортасына ойық жасап мойнына іледі де, арқанның екі ұшын Қажымұқан інісіне ұстатады. Асау айғырды шу деп шаба жөнеледі. Айғырдың екпіні қатты. Қажымұқан қаншама тырысып тартса да, шамасы жетпейді, арқан қолынан шығып кетеді. Көк қасқаны ойнақтатып қайта оралған Балуан Шолақтың мойны қанталап кеткен екен. Ағасының алып күшіне еріксіз куә болған Қажымұқан:
– Бар әлемде бұл өнерді көрсететін сіз ғана боларсыз?! – деп басын шайқайды. Осылай қос арыстың алып күшіне халық тамсанып, таңданып, қайран қалады. Ойын қызған бір сәтте жылқысы қойнауға сыймай жатқан атақты бай Сәлімбай ортаға шығады.
– Уа, халайық, менің бір шартым бар!
– Ләббай, байеке.
– Олай болса, Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессін! Қай жеңгеніне 100 жылқы беремін!
Сәлімбайдың үкімін естіген елде ес жоқ. Тобырға қызық керек. Жер тоқпақтап шулап жатыр. «Күрессін! Күрессін!» Елірген елдің шуынан жер шайқалып тұр. Мұндай қиын сәтте кім де болсын абдырап қалары сөзсіз. Балуан Шолақ інісі Қажымұқанға қарайды, Қажекең көзін төмен салып үнсіз ыңыранады. Ат үстінде шіреніп, сусар бөрігі желбіреп Сәлімбай тұр.
Көптің айқай-сүреңінен кейін шынында күреспек болып, Балуан Шолақ пен Қажымұқан белдеріне шылбыр байлап дайындала бастайды. Осы сәтте аюдай ақырып ортаға Иманжүсіп шығады.
– Ей, халайық! Ей, Сәлімбай! Өрге тартса, сорға тартатын неткен сорлы едіңдер! Сендердің бағыңа туған екі балуан көздеріңе көп көрінді ме? Ал бұл екеуін күрестірдіңдер, бір-біріне зәбір жасауға итердіңдер! Бір-бірін майып қылса, сендерге пайда түсе ме? Неткен сорлы едіңдер!
– Ей, Шолақ, сен ұялмай артыңнан ерген жалғыз ініңді жер қаптырмақсың ба?
– Ей, Қажымұқан, сен мына елдің айтағына еріп, жалғыз ағаңның жағасына жармаспақсың ба?
Имекеңнің сөзінен кейін ел сабасына түседі. Қажымұқан болса еңіреп келіп, «Қайран ағам-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан ұстап, күнәкар болар едім», деп екі ағасын құшақтап солқылдап жылапты.
Бұл оқиғадан біз не түйеміз: Иманжүсіп болмағанда екі арыс бірін-бірі майып етуі әбден мүмкін еді. Тек майып етіп қоймай, арасына араздық түспей ме? Елдің маңдайға басқан екі арысы араз болса, ел бүлінбей ме? Міне, байырғы қазақ балуандары татулықты сақтау үшін сыйластықты бұзбаған. Қазір бізде осы Иманжүсіптер жоқ.
Құтпанұлының қамшысы
Атақты «Қоянды» жәрмеңкесі. Бір бұрышта үлкен үй тіктіріп, сал-сері, әнші-жыршылар таңды-таңға ұрып өнер көрсетеді. Ана бір жақта айбыны асқан балуандар базаршыларға бойындағы қуат-күшін паш етіп жатыр.
Жәрмеңкеге Иманжүсіп ағасына еріп Қажымұқан да келеді. Алып күш иесін көрген ел мәз. Кезек-кезек қонақ етіп күтеді. Қажекең әнші Майра Уәлиқызының сырнайлатып салған әнін тыңдап, өзі де бір дүркін жуан дауысымен Шолақ ағасының әнін айтып, реті келгенде циркте үйренген небір ғажайып өнерін көрсетеді.
Қажымұқан бір үйде тасып-шалқып, қымызға елтіп отырса, есіктен шынышақтай шал кіріп келіп:
– Әй, үйген боқ, неменеге төрде шалжиып отырсың, маған тұрып неге сәлем бермейсің? – деп шақылдайды. Істің байыбын аңғармаған балуан шақар шалды көтеріп алып, шаңырақтан шығарып жібереді. Ел күліп жырғап жатыр.
Сөйтсе, бұл шалың оңай-оспақ адам емес екен. Арқадағы қыпшақ елінің қадірлі ақсақалы. Тіпті оның бір ауыз сөзін атақты Иманжүсіптің өзі жерге тастамайтын қадірі бар. Оны Қажекең білмеген.
Шал шауып Иманжүсіпке барады:
– Ана ақымақ інің мені көптің көзінше мазақ етті?
Имекең қаһарына мінеді. Қабағынан қар жауып, ақсақалды алдына салып Қажымұқан отырған үйге келеді.
– Ей, Қажымұқан, шық үйден!
Ел абдырап қалады. Есік алдында қаршығадай шүйіліп Имекең тұр. Қажымұқан өзінен бір ағаттықтың кеткенін аңғарады. Үйдегі елге басу айтып, ағама өзім жалғыз барайын деп табалдырық аттайды.
– Алдияр аға!
Атан түйедей алп-алп басып жетіп келген інісіне Имекең: «Мына ақсақалды танисың ба?» деп қамшының ұшымен манағы қарияны нұсқайды.
– Танымадым, көке!
– Танымасаң мынау, – деп Иманжүсіп дырау қамшымен інісінің жон арқасынан жұқа тартады да атының басын бұрып жүре береді. Қамшының қуаты сондай, Қажымұқан балуан қиралаң етіп, шөке түсіп отырып қалады. Қарап тұрған қауым: «Япырым-ай, батыр сізді қатты ұрды-ау» деп жанашырлық танытады. Сонда Қажекең:
– Ағам мені қамшымен жай ғана сипап өтті емес пе, шын ұрса қақ бөлініп қалмаймын ба? – депті.
Бұл оқиғадан біз не түйеміз: аға мен інінің терең сыйластығы және қазақ дәстүрінің үздік үлгісі жатыр. Қажымұқанның: «Ағам мені қамшымен жай ғана сипап өтті емес пе, шын ұрса қақ бөлініп қалмаймын ба?» деген бір ауыз сөзінде үлкен құдірет жатыр.
Қажымұқан және белгісіз балуан
Қажымұқан балуан Семей қаласында ел құрметіне бөленіп жүрген бір отырыста оған: «Осы біздің қазақта дәл өзіңіздей күшті бар ма? Болды ма, кезікті ме?» деген сұрақ қойылыпты. Қажекең өзінен күші мығым бір адамның кезіккені жайлы айтады. Бірақ оның аты-жөнін күні бүгінге дейін ешкім білмейді. Өлкетанушы марқұм Қалихан Алтыбаев бұл адамды Молдабай балуан деп жорамал жасаса, тағы бір азаматтар Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романының кейіпкері Мардан балуан болуы мүмкін дейді. Енді Қажекеңнің жауабына кезек берейік.
– Бірде осы Семейде белгісіз азамат жалғыз өзімді қонаққа шақырды. Көбіне елге сыйлы азаматтар, әншілер мен өнерпаздар бірге ілесіп жүретін. Шақырғандар барлығын қоса шақыратын да, отырыстың өзі көңілді, қызықты өтетін. Шақырған үйдің мол дастарқанының төрінде жалғыз мен. Үй иесі сөзге сараң, әлденеге алаңдаулы. Бір уақытта пар ат жеккен пәуеске сартылдата, қатты екпіндетіп келіп, есік алдына тоқтай қалды. Одан дембелше келген жігіт түсіп: «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем бере кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған қарап:
– Қажы аға! Уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші! – деп түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім. Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда бір жігіт тайқазанға ет асып жатыр екен. Дастарқан жайып, тамақты түсіріп болған соң, мені әкелген жігіт қайықшы екеуі кетіп қалды. Аралда әлгі жігіт екеуміз ғана. Тамақ ішіп болдық. Сонда ғана әлгі бауырдың шақырған себебін түсіндіргені.
– Аға, арманым елдің даңқын көтерген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім, мені бір сынап көріңізші. Өйткені өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін, – дегені.
– Қалай, күресіп пе? – деп сұрадым.
– Иә.
Аралда екеумізден басқа ешкім жоқ болса да, ағаштардың арасындағы тасалау жердегі алаңқайға ертіп барып:
– Жол сіздікі, жасыңыз үлкен, – деп аяғын алшақтау қойып тұра қалды. Әлгіні олай-бұлай итеремін, тартамын. Тартып тұрып, итеріп қалам. Итеріп тұрып, тартып қалам. Тамырын тереңге жіберген емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғалта алмай-ақ қойдым, қақиған мойны да иілмейді.
– Ал енді өзің көр, – деп кезекті бердім. Сол-ақ екен ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүние жүзінің қаншама мықтыларымен күрессем де, ешуақытта мұндай күйге түспеген едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғыммен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейе тағзым етіп:
– Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін! – деді.
Күші асып тұр, тағы аға деп сыйлап, жықпай тұр. Басын иіп тұр. Ешкімді маңайына жолатпағаны да менің абырой-даңқыма сызат түспесін деген сақтығы екен.
Мен қазақ болып туғаныма, үлкенді сыйлаған әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.
– Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүние жүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатамын, үнемі жаныңда боламын. Дүние жүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр, менімен бірге! – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып тұр, бірақ басын шайқайды. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп ағалай береді.
– Аға! Жан аға! Дүние жүзінің балуандарын жығып, қазақты әлемге танытып жүрген сіз барсыз ғой! Мен несіне барамын? Менің жолым басқа болып тұр ғой, – дегені.
Байқағаным, аз сөйлейді. Айтқанынан қайтпайды. Қанша шақырғаныммен ермеді. Содан кейін ол жігітті жолықтыра алмадым, – деп балуан Қажымұқан сөзін аяқтаған екен.
Бұл оқиғадан біз не түйеміз: белгісіз балуанның сыйластығын қарамайсыз ба? Күші жетіп тұрып: «Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін!» дегені қандай абзал ұғым. Қазақтың байырғы балуандары қандай мәрт, ақылды болған. Халық сыйлаған адамның қадірі түспесін деп жалғыз өзін шақырғанын көрмейсіз бе?