Кейінгі уақытта Балқаш көлінің болашағына алаңдаушылар көбейді. Мәселеге байбаламмен емес, байыппен үңілгендердің де базынасы баршылық. Жаман айтпай жақсы жоқ, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан айдынды көл Аралдың күйін кешіп қалмай ма? Бұл мәселе жөнінде Экология министрлігі не дейді?
Балқаш көлінің қадір-қасиеті мен қажеттілігі туралы әмбеге аян десе де болады. Сондықтан сипатына емес, қазіргі ахуалына мән берсек. 2000 жылдары теңіз деңгейінен 346 метр жоғары тұрған көл бүгінде 4-5 метрдей тартылған. Тұйық көлдің басты мәселесі сырттан келетін су деңгейіне байланысты. Әсіресе, Балқаштың батыс бөлігіне кұятын Іле өзенінің маңызы орасан. Бұл тұстағы судың тұщы болатыны содан. Бұдан бөлек, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз секілді өзендер де қосылады. Соған қарамастан, көл көлемінің өзгеріске ұшырауына түрлі фактор әсер етуі ықтимал. Іленің Тянь-Шань тауынан бастау алатын Текес пен Күнес және Қас өзендерінің қосылуынан пайда болатынын ескерсек, мәселенің түйіні әріде жатқан сыңайлы. Осындай себептерге байланысты бірнеше жылдан бері Қазақстан мен Қытай трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссия жұмысын ұйымдастырып келеді. Келіссөздер барысында қазақстандық тарап қайнар көзін Қытай аумағындағы таулардан алатын өзен ағысына Балқаш көлінің тәуелді екенін жасырмаған. Өйткені Балқаш көлін Іле өзенінсіз елестету мүмкін емес. Ал сол өзен бойын жағалай орналасқан жұрт тіршілік нәрінің азайып бара жатқанын айтуда. Бір ғана мысал, 2020 жылдың тамыз айының басында Іле трансшекаралық өзеніндегі су деңгейінің төмендігінен Қапшағай қаласының халқы ауыз су және суармалы судың тапшылығына душар болды.
Мәселе «Қазсушар» РМК-ның Алматы филиалы 1,5 шақырымдық қосымша жеткізуші канал-құбырын салғаннан кейін ғана шешімін тапқан. Осы секілді ірілі-ұсақты мәселелердің кезігіп жататыны жасырын емес.
– Өзен-көлдерден айырылып қалу қалыпты тенденцияға айналып барады. Экологияның өзгеруі мен сұраныстың артуына байланысты су ресурстарымыз зардап шегіп жатыр. Мәселен, зауыттар мен фабрикалардың зиянын айтпағанның өзінде, оңтүстігіміздегі алпауыт көршімізден келетін Іле өзенін тұтынушылар саны қарқынды өсуде. Өзен суы азайған сайын Балқаштан айырылу қаупі де соншалықты көбейеді. Бұл іске геосаяси жағдайға араласа алатын ықпалды орта кіріспесе оң шешімін табар емес. Мүмкін, Мемлекет басшысы өз бақылауына алуы керек шығар. Тіпті болмаса, біз секілді ұйымдар партияға айналып жатса, көрші елдің компартиясымен мардымды жұмыс істер еді. Біз қоғамдық ұйым болғанымызға қарамастан айтылған мәселелердің алғышартын іске асырып жатырмыз. Мұндай шаруаға жайбарақат қарауға болмайды, – дейді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматxан Әміртай.
Әрине, қос ел мамандары ортақ өзендерге қатысты шаруаларды шешуде қол қусырып отыр деуге келмейді. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында 2015 жылдан бастап трансшекаралық өзендер суын бөлу жайында келісім жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданғаны белгілі. Осыған дейін бірлескен комиссияның 17 отырысы өткізілген. 2019 жылдың қазан айында Бейжіңде өткен Бірлескен комиссияның 17-ші отырысында Қытай тарапы аталған келісім жобасын талқылау кезінде тараптардың экожүйелерін дамыту мен сақтау мүдделерін ескеруге келіскен болатын. Демек аймақтағы табиғи өзгерістерді қытайлықтар да қаламайтын болып тұр.
Пандемия кезіндегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, су бөлу жөніндегі келісім жобасын мақұлдау бойынша жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Жобаға сай жұмыс күрделі және ғылыми зерттеулер жүргізуді талап ететін көрінеді. Мұны бұрын Су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев та құптап отыр:
– Балқашты қазіргі деңгейінен түсірмеуіміз керек. Әйтпесе, расымен де Аралдың күйін кешуі мүмкін. Бұл – басқаларына қарағанда тереңдігі жағынан тайыз көл. Сәл-пәл өзгерістің өзі жағдайын күрт ушықтырып жіберуге қауқарлы. Осы мәселені біздің мамандар Қытаймен арадағы келісімдер кезінде негізге алып отыр. Қысқасы, бұл жағдайды ел игілігіне қаратып, оңтайлы шешу үшін білімді мамандар сауатты әрі ғылыми түрде іске араласып, комиссия жұмысын жандандыруы қажет, – дейді ол.
Экс-министрдің аталған сала төңірегінде айтар уәжі де жоқ емес. Оның ойынша, Қазақстанда су саласына жауапты республикалық деңгейдегі қуатты мекеме жоқ. «Мұндай құрылымдар Қытайда, Ресейде, Өзбекстан мен Түркіменстанда бар. Оның құзырына елді тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері мен өзен-көлдерді сақтап қалу секілді басқа да жұмыстар енгізілуі керек», дейді су саласының білгірі.
Мұндай идея 2010 жылы Парламент Сенатында да айтылған. Ол кезде су қорын пайдалану және қорғау саласындағы бақылау, рұқсат беруге жауап беретін мемлекеттік орган Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында болды. Сол уақыттағы сенатор Қуаныш Айтаханов жоғары билік құрылымында Мелиорация және су шаруашылығы агенттігін құру қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде Су комитеті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайды. Қазіргі таңда экологияға қатысты барлық мәселе осы министрліктің қадағалауымен шешіледі. Оның ішінде Балқаш көлінің мәселелері де бар.
Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология министрлігі басшысының орынбасары Қытай Халық Республикасымен су бөлу жөніндегі келіссөздер процесінде қазақстандық тараптың ұстанымы Іле өзенінің ағынын кемінде 12 текше метр көлемінде ұстап тұру екенін мәлімдеді. Арадағы атқарылған жұмыстарға тоқталуды да ұмытпады. Сондай-ақ жиында қоғамда талқыланып жатқан Балқаш көлінің ахуалы жайлы пікірге нақты жауап берді.
– Айта кетейік, соңғы он жылда көл деңгейі Балтық жүйесі бойынша 340 метр деңгейінен төмен түскен жоқ. Жыл сайын Балқашқа 12 текше шақырым су құйылса, көлдің тұрақты қалыпта сақталуына кепілдік беріледі. Сонымен бірге Добын шекара бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау Іле өзенінің орташа ұзақ мерзімді ағыны 2001 жылдан 2020 жылға дейін 13,8 текше шақырымды құрағанын көрсетті. Арал тағдыры қайталанатындай Балқаш көліне қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.
Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақ артқалы бері Қорғас өзенінде бірлескен ортақ су торабын салу және Сүмбе өзеніндегі су тарату құрылысын қайта құру сияқты бірқатар бірлескен жобалар іске асырылғанын тілге тиек етті. Нәтижесінде өзендердің су ресурстарын 50 де 50 етіп бөлісуге болатынын айтты. Сол сияқты Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су тарату құрылысын салу жөнінде уағдаластық бар. Қазіргі уақытта тараптар осы өзеннің гидрологиялық режімін зерттеп жатыр.
Серік Қожаниязовтың айтуынша, Қытай көршілес Ресей, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Вьетнам, Бангладеш, Непал, Солтүстік Корея, Бутан, Камбоджа сияқты мемлекеттердің ешқайсысымен су бөлісу жөнінде бірде-бір халықаралық шарт жасаспаған. Ал жалғыз келіссөз жүргізіп жатқан Қазақстанмен арадағы келісім жобасының 25% мәтіні мақұлданып үлгерген.
Ескеретіні – мәселеге мән беріп, келісімде кеш қалмау. Бабы келіскен істің бағы жанатын болса, Балқаш көлінің бағы тая қоймас...