Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, қырағы көз бейнекамералар болмаса, қаншама тәртіп бұзушылық пен қылмыс көзден таса болып қалатыны жаға ұстатарлықтай. Мысалы, өткен жылы Қарағанды облысы бойынша олардың көмегімен 200-ден астам қылмыс ашылып, 27,5 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мүмкін болған екен.
Қарағанды облысында өткен жылы құқықтық тәртіпті қорғау мақсатында 10 мыңнан астам бейнекамера орнатылыпты. Бұдан бөлек, былтырғы қазан айында «Әмбебап нөмір» қызметі пайда болды. Енді кез келген қарағандылық учаскелік инспектордың ұялы телефонына қалалық нөмірден тегін қоңырау шала алады.
Осындай игі іс-шаралардың жүзеге асып жатқаны облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кезекті ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болды. Сонымен қатар бұл жиында полицияның қоғаммен өзара іс-қимылы және құқықтық тәртіп қызметін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда өңірде 603 учаскелік инспектор мен олардың 23 көмекшісі жұмыс істейді. Тәртіп сақшылары үшін қоғам тарапынан болатын көмек әрқашан қажет. Сол себепті олар тұрғындармен ынтымақтастық құру мақсатында онлайн режіміне өткен. Арнайы чаттар құрылған, оған ПИК төрағалары мен тұрғындар кіреді. Шағын және орта бизнес өкілдерімен ақпарат алмасу үшін де осыған ұқсас чат бар.
Қарағанды облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Арман Оразбаев аймақта құқық қорғау бағытында 135 қоғамдық құрылымның жұмыс істейтінін мәлім етті.
– Өткен жылы олардың қатысуымен 70-тен астам қылмыс ашылып, мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ерекше көзге түскен ерікті көмекшілер марапатталды, – деді ол.
Шынында да, еріктілердің полицияға көрсететін көмегі өте зор. Олар жоғалған адамдарды іздеуге, тұрмысы нашар отбасылармен жұмыс істеу сияқты ірілі-ұсақты шаруаларға атсалысады, рейдтерге бірге шығады.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыркен Әлиев қылмыстың алдын алу және оны ашуда полиция қызметін материалдық-техникалық жабдықтаудың маңызы зор екенін айтты.
– Бұл мақсатқа былтыр және биыл облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл бізге патрульдік полицияның қызметтік автопаркін 75%-ға жаңартуға мүмкіндік берді. Бүгінде патрульдік полиция қызметкерлерінің 70%-ы және учаскелік инспекторлардың 50%-ы ІІМ ақпараттық жүйелеріне қосылған планшеттермен қамтамасыз етілген, – деді ол.
Былтырғы желтоқсан айында Қарағандының патрульдік полициясы «JAK» маркалы 90 автокөлікпен қамтамасыз етіліпті. Жеке құрамды тасуға арналған 5 автобус сатып алынған. Қарағанды мен Теміртау қалалары үшін эвакуаторлар бөлінгенін де айта кеткен ләзім. Сонымен бірге елімізде баламасы жоқ 9 EkinPatrolG2 мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені пайдалануға берілді. Бүгінде кешеннің көмегімен 33 717 тәртіп бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 258 млн теңге айыппұл өндірілген.
Облыста қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жалғаса бермек. Биыл тағы 3 мыңнан астам «қырағы көз» көшелердегі тәртіпті бақылауда көмекке келмек.
Қарағанды облысы