• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Сәуір, 2021

Өмірмен қоштасуға медициналық тұрғыдан көмектесу

534 рет
көрсетілді

Принстон Университетінің биоэтика профессоры Питер Сингер «Өлуге медициналық көмектесу» атты мақаласында жазылмайтын дертке шалдыққан, аурудан тәні мен жаны қиналған науқастардың фәни дүниемен өз еркімен қоштасуы қажет пе деген мәселені талқылайды. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлемнің бірқатар елінде мұндай тәсілге рұқсат етілген. Бірақ бұл физикалық тұрғыда зардап шегетіндерге ғана берілген құқық. Автор психикалық тұрғыда қиналатындарға да осындай мүмкіндік берілу қажет деп есептейді. Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

МЕЛЬБУРН. Адамның өз еркімен өлуіне көмектесу құқығы әлі де талқыланып келеді. Өткен айда Испания парламенті биылғы мамырда күшіне енетін заң қабылдады. Құжатқа сәйкес, ересек науқастар жанын қинайтын ауыр және жазылмайтын ауруға шалдықса, дәрігерлерге олардың бұл фәнимен қоштасуына көмектесуге рұқсат етілмек. Дәрігер дозасы өлтіруге жететін дәрі тағайындай алады, ал оны пациенттердің өздері қабылдайды. Мұндай әдіс түрлі терминдермен белгілі: өлімге медициналық көмектесу, ерікті түрде өлу, физикалық суицид. Немесе науқасқа өлім инъекциясын салады. Бұл ерікті эвтаназия атауымен белгілі.

Ақпан айында Португалия парламенті айықпас дертке шалдыққан науқастарға ерікті эвтаназия жасауға рұқсат беретін заң жобасын қабылдады. Португалия президенті Марсело Ребело де Суса құжат анық жазылмағанын алға тартып, оны Конституциялық сотқа жіберді. Парламент түзетілген нұсқаны қайта қабылдауды жоспарлаған. Құжат жыл соңына дейін заңға айналуы тиіс.

Басқа елдер бұдан асып түсті. Канада 2016 жылдан бастап табиғи өлімі уақыт еншісіндегі жазылмайтын науқастардың еркімен өлуіне медициналық көмек көрсетуге, яғни дәрігердің көмегімен суи­цидке де, ерікті эвтаназияға да рұқ­сат берді. Заңнама Канада Жоғарғы соты­ның өзіне өзі қол жұмсауға және ерікті эвтаназияға тыйым салу Құқықтар мен бостандық жөніндегі Канада хартиясын бұзады деген шешіміне жауап еді.

Канадалықтар заңнаманы қолдады. Бірақ сауалдамаға сүйенсек, 10 респон­денттің сегізі құжаттың шектеу­лері тым көп деп есептейді. 2019 жылы Квебекте қозғалған істе провинцияның Жоғарғы соты табиғи өлімі болжанған пациент­терге өлімге көмек көрсетуді шектеу Құқықтар хартиясын бұзады деген шешім шығарды.

Наурызда жалпы қоғамдық кеңес­терден, парламенттік пікірталастардан кейін Канада парламенті «ауыр және жазылмайтын медициналық жағдайы» бар пациенттердің өлуіне медицина­лық көмек беру жөніндегі түзетуді қабылдады. Бұл былай түсіндірілді: «ауыр және жазылмайтын дертке, ауруға немесе мүгедектікке душар болған; қабілеті қалпына келмейтіндей дамуы­на шектеу келсе; жан төзгісіз ауырт­палық тартып, қазіргі жағдайынан жазылуы мүмкін емес физикалық немесе пси­хологиялық азапты бастан кешіру».

Құжатта табиғи өлімін болжау мүмкін емес пациенттер қазір қай­тыс болуына көмек алу құқығына ие екені­не қарамастан, науқастардың өтініш­тері қосымша тексеруден өтуі керек. Мәселен, 90 күндік міндетті кезең бері­леді. Осы уақытта пациенттің ден­сау­лы­ғына бақылау жасалады. Бәлкім, осы мерзім ішінде оның беті бері қарауы мүмкін.

2016 жылғы заңнаманы бес жылдан кейін қайтадан парламенттік шолу қажет болды. Оған қоса, шолуда заңның қалай жұмыс істейтініне жалпы тексеруден басқа, өлімге медициналық көмек көрсету жөніндегі қоғамдық талқылау­ды қалыптастыруға көмектесетін екі мәселе қарастырылмақ. Біріншісі, алдын ала сұраныстарға рұқсат беру керек пе? (Мысалы, адам деменцияның алғашқы сатысында өмірдің ләззатын көруге қабілетті, бірақ бұл қабілет жоғалған сәттен бастап өмір сүргісі келмейді). Шолу­да қаралатын келесі мәселе – өлуге меди­циналық көмектесу жан төзгісіз, жазылмайтын психикалық ауытқуы бар науқастарға қолжетімді бола ма?

Өлуге медициналық көмектесуді алдын ала сұрауға рұқсат беру мәселесі тұрғындар қартайған сайын, адамдарда деменция көбейген сайын өзекті бола түседі. Өткен жылы Голландияның Жоғарғы соты дәрігерлер жазбаша келісімін берген, бірақ кейіннен келісім қабілетін жоғалтқан пациенттерге эвтаназия жасағаны үшін жауапкершілікке тартылмайды деген шешім шығарды.

Бұған рұқсат берудің басты себебі – деменцияның алғашқы сатысындағы пациенттердің өмірлерінен ләззат алуға мүмкіндігі бар. Осылайша, егер қабілеті бола тұрып өзіне қол жұмсаса, алдын ала сұранысты қолдайтын канадалық Гиллиан Беннетше айтқанда, олар «бос қабаққа» айналуынан қорықпайды. Беннетт өз өмірін қиды, өйткені оған деменция диагнозы қойылды. Сон­дық­тан ол ләззатын сезінбейтін өмір­ді жалғастырғысы келмеді. Әрі мейірби­ке­лердің жазылып кететін науқастарға көмектесуіне кедергі келтіріп, оларды өзіне қаратып қойғысы келген жоқ.

Канадада 2021 жылы қабылданған заң­ға сәйкес, психикалық ауруы бар­лардың өлуіне медициналық көмек­тесуге тыйым салынды. Бірақ екі жылдан кейін тыйымның мерзімі аяқталады. Бұл парламентке берілген мерзім. Осы уақыт аралығында олар қайтыс болу­ға көмек сұраған психикалық науқас­тардың қайғы-қасіреті шынымен де жазылмайтынына қандай кепілдіктер қажет екенін шешуге тиіс.

Кей психикалық науқастың емделуі мүм­кін емес әрі қатты зардап ше­ге­тініне күмәндануға болмайды. Бірақ ем­делмейтін, бірақ айықпас физи­калық ауруға шалдыққандардың өлуіне меди­циналық көмектесу рұқсат етілсе, жазылмайтын психикалық дертке шал­дық­қандардың тартар зардабы да сондай болса, неге өлуіне медициналық көмектесу рұқсат етілмейтіні түсініксіз. Сонымен қатар емделуге келмейтін депрессиямен немесе басқа психикалық дертке шалдыққан адамдарға эвтаназияға рұқ­сат беру өмірді жеңілдетер еді.

Психикалық ауру Бельгия мен Нидер­ландта эвтаназия жасауға жеткілікті болып саналады. Бельгиядағы 100 пси­хиатриялық пациентке жасалған зерттеуге сүйенсек, психологиялық азап шегу­ден құтылу мақсатында эвтаназияға жү­гінген пациенттердің 48-нің өтініші қабыл­данған. Бірақ 8 пациент бұл процедураны кейінге қалдырған немесе бас тартқан. Өйткені олар мұндай мүм­кіндіктің болуы олардың жүрегін ты­ныш­тандырып, одан әрі еркін өмір сүруі­не жағдай жасаған.

Қалған жалғыз сұрақ – пациенттің психикалық ауруы емделмейтіні және жалғаса беретіні туралы психиатриялық бағалау қаншалықты сенімді? Қалай деген­мен де пациент қана азаптың қан­шалықты төзімсізін, емделуді жалғас­тыру қажет пе, әлде өмірден бас тарту қажет пе – оны өзі шешеді.

 

Питер СИНГЕР,

Принстон Университетінің биоэтика профессоры, коммерциялық емес «Сіз сақтай алатын өмір»

ұйымының негізін қалаушы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org