• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 14 Сәуір, 2021

Неліктен жұрттың бәрі президент болғысы келеді?

283 рет
көрсетілді

Неліктен жұрттың бәрі президент болғысы келуі мүмкін? Елдің ең жоғарғы қызметі түрлі артықшылықтарға қарамастан, өте ауыр міндет. Вашингтондық журналист Элизабет Дрю өз мақаласында осы сұрақты қойып, оның жауабын іздейді.

Автор қазіргі АҚШ президенті Джо Байденнің президенттік лауазымға кіріскен кезі өте сәтті өткенін алға тартады. Оның пайымдауынша, Байден бастапқыда тиімді саясат жүргізе білді. Дегенмен уақыт өте келе оның әкімшілігі көптеген қиындыққа тап болды.

ВАШИНГТОН, КОЛУМБИЯ ОКРУГІ. Неліктен жұрттың бәрі АҚШ президенті болғысы келетініне негіз сіз ойлағаннан да көп. Иә, елдегі ең әлеуетті офисті басқаруға сайлану, «Шефіміз жасасын!» дегенді есту, әскери сәлемді қабыл алу, «Президент мырза» атану – даңқты мәртебе. Мемлекеттік кешкі астарда төрге шығасыз. Ешқашан кезек күтіп шаршамайсыз. Әйтсе де, уақыт өте келе президенттердің шашына ақ түскенін байқаймыз (Әрине, Джо Байденнің шашы әлдеқашан ағарып үлгерді, бірақ бұл қызмет те өз белгісін қалдыратыны анық). 

Мұндай теріс әсердің себебі бел­гілі. Ең озық жоспарлар бұрыс шығады, әр бұрыштан жа­ғым­сыз «сый» күтіп тұрады. Басын­да Байденнің әкімшілігі, әсі­ресе Дональд Трамптың түкке тұр­майтын қызметімен салыс­тырғанда, тиімділіктің үлгісі секілді көрінді. Тіпті өтпелі кезеңде де, Трамп сайлауда же­ңіс­ке жеткенін алға тартып, елді әбігерге салғанда да Байден мен оның көмекшілері басқаруға әбден дайындалғаны аңғарылды. 6 қаңтарда Капитолийға жасал­ған шабуылдан кейін Байденнің инау­гурациясы қатты күзетіліп, қа­лыпты жағдайда өтті. Бірнеше сағаттан кейін ол 17 бұйрыққа қол қойды. Сондай-ақ Трамптың ыңғайсыз саясатын өзгертуге бағытталған қарарлар қабылдады. Соның ішінде Мексикамен шекарада қабырға салу құрылысын тоқтату туралы бұйрық бар.

Байденнің алғашқы заңнама­лық және атқарушылық міндеті бақылаусыз кеткен коронавирус пандемиясына тосқауыл қою еді. Кей сарапшының пайымдауын­ша, Трамптың денсаулық сақтау сала­сындағы дағдарысқа енжар қарауы жүз мыңдаған амери­калықтың қайтыс болуына әкеліп соқты.

Байденнің алғашқы қадамдары бұрын-соңды болмаған деңгейде өзіне дейінгі президенттің саясатын жоққа шығарудан басталды. Атап айтқанда, Трамптың халық­аралық ұйымдардан шығу шешімін жою, сондай-ақ эколо­гиялық және тең құқықтар сая­сатын жүзеге асыруды қамты­ды. Ақкөңіл, тіл табысқыш Байден көпшілік күткеннен де қатал екенін көрсетті. Ол екі партиялық ұстанымын өзгерткен жоқ. Бірақ егер республикашылар онымен жұмыс істегісі келмесе (олардың келіспейтінін болжау қиын емес), Байден оларсыз-ақ алға ұмтылуға дайын екенін аңғартты.

Трампшыл республикашылар бұрынғыдан бетер біржақты бола түсіп, Капитолийдегі күзет қызметінің саны аз деп, оларды көбейту қажет екенін айтқан сарап­шылардың ұсынысын қол­даған жоқ. Тіпті кейбірі 6 қаң­тардағы Трамптың айдап салуымен жасалған, 5 адамның өмірін жалмаған Капитолийге шабуыл үлкен мәселе емесін алға тартады.

Ақпан айының ортасына таман Вашингтонда Трампқа табынушылар қатарына ілікпегендер арасында мына пікір кең таралды. Байден шалыс басқан жоқ. Бірақ содан кейін оның таң­­ғажайып президенттігі күр­делі мәселелердің астында қал­ды. Трамп­тың бастамасын тоқ­тат­қан­нан кейін Байден Орталық Америка мен Мексикада таралған қаңқу сөзге, яғни оның әкімшілігі иммигранттарға оң қабақ танытады деген сыбыстың таралуын тоқтатуға ештеңе істей алған жоқ. Нәтижесінде, сәуірдің басында шекарадан өткендер саны кейінгі 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жақындады. Соның ішінде жасөспірімдер мен ата-ана­лары жоқ балалардың саны жөні­нен антирекорд орнады. Осы­лайша, биліктің қамқорлық жа­сау мүмкіндігінен де асып түсті.

Байден ашық басқаруды жүзеге асыруға ниет білдіргені­не қарамастан, бұл оқиғаның дағдарыс емесін айтып, жыл са­йын осы мезгілде қайталанатын жағдай екенін алға тартты. Қате қадамды сирек жасайтын оның әкімшілігі шекара маңындағы кей босқындар лагеріндегі жағдайды толық айтқан жоқ.

Иммиграция – АҚШ-та ұзақ уақыт бойы шешілмеген мәселе екені тағы бір мәрте дәлелден­ді. Ал республикашылар Байден­ді аяқтан шалатын мүмкіндік ал­ды. Оның вице-президент Камала Харристі иммигранттар санын азайту жөніндегі жұмыс­ты басқаруға тағайындауы да түрліше қабылданды. Харрис­тің міндеті – негізгі себепті анық­тау. Яғни неліктен Сальвадор, Гва­темала және Гондурас мем­лекеттерінің тұрғындары үй­лерін тастап кететінін немесе балаларын солтүстікке өте қауіпті са­парға жіберетінін түсіну болатын. Мұның негізгі себептері би­­ліктің жемқорлығы, нашар эко­­номика, қарақшылық зор­лық-зом­­былық және климаттың өз­геруі деп есептеледі. Алайда олар­­­­дың ешқайсысы жақын арада тү­зетілуі неғайбыл.

Байден әкімшілігіне тағы бір қиын түйін тап келді. Қаруды оңай сатып алу мәселесі қайта көтерілді. Наурыздың аяғында бір аптаның ішінде Атлантада, содан кейін Боулдерде (Колорадо) болған екі атыс бұл проблеманы күн тәртібіне қайта шығарды. Бірақ қару-жарақты бақылау жайы Вашингтондағы сайлан­ған саясаткерлерге қарағанда ха­лық арасында әлдеқайда өзекті. Сая­саткерлер ұлттық атқыш­тар қауым­­дастығы (NRA) заңды қиын­­­­дыққа тап келгеніне қара­мас­­тан, олардың ықпалынан қауіп­тенеді.

Кейінгі жылдары қару-жарақты бақылауды қолдайтын­дар саны өсіп, өзгеріс басталды. Әр жаппай қырғыннан кейін олар осы жолы нақты мүмкіндік бар екенін айтады. Олар қазір де соны алға тартып жатыр. Ең озық ұсыныс  – мылтық сатып алу­шылардың өмірбаянын тек­серу­ді күшейту. Бірақ Боул­дер­­дегі қанқұйлы атқыш ондай тек­серуден өткен. Басқа мәсе­­ле­лер­мен қатар, Байден ша­буыл­дау­­шы қаруларға тыйым са­луды қай­таруға шешім қабыл­да­ды. Алай­да бұл мәселе басқа ба­сым­дық­тарға кедергі келтірмеуі керек.

Байденнің ең маңызды міндеті – құны 2 триллион долларды құрайтын инфрақұрылымдық бағдарлама. Менің ойымша, Бай­деннің осындай «үлкен бас­тамасы», сонымен қатар ша­ма­мен пандемиядан құтқару мақ­­сатында 2 триллион доллар бөлу жоспары Байден мен Барак Обаманың бәсекелестігін көр­сетеді. Обама өте мұқият еді. Ал оның адал лейтенанты болған Байден батыл қадамға барады. Обама ұсыныстарға қарсылық білдірген республикашылардың тілін табатын.

Байденнің инфрақұрылым тұ­жы­рымдамасы өте еркін. Көлік министрі Пит Буттииг оны «америкалықтардың өр­кен­деуіне мүмкіндік беретін негіз» деп атайды. Байден бағ­дар­ламасында ескі жолдар, кө­пір­лер, су инфрақұрылымы тұ­жы­рымдамасы кеңінен қарал­ған. Бірақ жоспардың аз бөлігі ғана климаттың өзгеруіне және қарттарға үйде күтім жа­сау­ға арналған. Мектептер мен қол­жетімді тұрғын үйді қамти­тын екінші бөлім кейінірек ұсы­ныл­мақ. Бұл бағдарламаға төленетін қаражат пен салық екі партияның да қарсылығына ұшырайды. Бірақ оны 51 дауыспен Сенатта қабылдауға мүмкіндік бар. Бұл парламенттік шешімнің Байденге тигізер көмегі мол.

Элизабет ДРЮ,

вашингтондық журналист, Washington Journal: Reporting Watergate and Richard Nixon’s Downfall кітабының авторы

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org