Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа ратификациялық заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ шетелдіктерге жер сатуға тыйым салуға қатысты заң жобасы Сенатқа жолданды.
Тарқатып айтар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және ЕАЭО органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырдағы хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Аталған мәселе жөнінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.
Құжат Қырғыз Республикасы үшін өтпелі кезеңді Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық имплементациялауға дейін ұзарту жөніндегі уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар үшінші елдерден әкелінетін кейбір тауарларға қатысты Қырғыз Республикасы қолданатын кедендік-тарифтік реттеу саласына түзетулер енгізу қамтылған.
«Экономиканы ЕАЭО-ның талаптарына бейімдеу мақсатында Қырғыз Республикасына 222 тауар бойынша бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелеріне көшу үшін бес жылдық кезең берілген. Қырғыз Республикасының алып қою тізбесіне азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар, автомобильдер, түсті металдардан жасалған кейбір бұйымдар мен жабдықтар кірді. Қырғыз тарапы неғұрлым төмен баж салығын қолданған өтпелі кезең 2020 жылғы 1 қаңтарда аяқталуы тиіс еді. Алайда мемлекеттің тұрақсыз экономикалық және әлеуметтік жағдайын ескере отырып, Қырғыз Республикасының президенті 2019 жылғы желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттері басшыларының саммиті барысында алып қою тауарларына қатысты неғұрлым төмен баждарды қолдану мерзімін ұзарту туралы өтініш жасады. Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезеңді бір жылға ұзартуға келісе отырып, ізгі ниетін білдірді. Төменгі баждардың қолдануын ұзарту көлік тобына әсер етпегенін атап өткен жөн. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қырғыз Республикасы барлық тауарларға қатысты ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелеріне көшті», деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин халықаралық шарттарды ратификациялау рәсімдерінің мерзімдері кейбір министрліктер тарапынан жүйелі түрде бұзылатынына назар аударды.
Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде осы маңызды ратификацияны келісудің мемлекетішілік рәсімдерін өткізу бір жылдам астам уақытқа созылған. Осы орайда, Нұрлан Нығматулин:«Пандемия министрліктер жұмысының қарқынын, сапасын және жауапкершілігін төмендетуге себеп болмауы тиіс. Бұл жерде басты мәселе, құзырлы министрліктер мен құрылымдардың бірлескен жұмысына байланысты. Жалпы айтқанда, халықаралық келісімдерді уақтылы ратификациялау интеграциялық процестер үшін өте маңызды», деді.
Отырыста Палата Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қосылуы туралы 2014 жылғы 10 қазандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Хаттама Армения Республикасы үшін өтпелі кезеңді Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық имплементациялауға дейін ұзарту жөніндегі уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған.
«Еуразиялық экономикалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздер нәтижесінде Армения Республикасына қосылған сәттен бастап 7 жыл ішінде 981 тауарға қатысты неғұрлым төмен кедендік әкелу баждарын қолдану мүмкіндігі берілді. Тізімге ет, жарма, химиялық өнімдер, автомобильдер, дәрі-дәрмектер, жабдықтардың, құралдардың және асыл тастардың кейбір түрлері кірді. Осы ретте осы тізбені жыл сайын қысқарту көзделген. Арменияға берілген өтпелі кезең 2022 жылы аяқталады. 2019 жылғы желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында Армения Республикасының премьер-министрі Бірыңғай кедендік тарифке көшу кезеңін ұзарту туралы өтініш жасады. Армения Республикасында қалыптасып отырған экономикалық жағдайды ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың қалған мемлекеттері неғұрлым төмен баждарды қолдану мүмкіндігін 1 жылға ұзартуға келісті. Өтпелі кезең 553 тауарға қатысты ұзартылды. Көлік тобына қатысты өтпелі кезең ұзартылмады және 2020 жылғы 1 қаңтарда аяқталды», деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Сондай-ақ Палата депутаттары жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсатын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді.
Атап айтқанда, шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар, шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындар заңды тұлға қатысушыларының құрамына кірген жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға қатысушысының Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімдері көзделген.
Айта кетерлігі, заң жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалды. Екінші оқылымда құжат жөнінде депутат Берік Оспанов баяндама жасады. «Заң жобасы 5 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Олар шетелдік жер пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізуге қатысты. Заң жобасын Палата биылғы 7 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсаттарын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылау сипатындағы түзетулер көзделген. Сондай-ақ заң жобасының ережелері бір-бірімен үйлескен. Мәжілістің барлық комитеттері осы заң жобасы бойынша оң қорытындылар ұсынды. Мүдделі уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 3 отырысы және комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Салыстырмалы кестеде қабылданған 18 позиция бар. Баяндалғанды ескере отырып, Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасын тұтастай екінші оқылымда мақұлдап, оны Парламент Сенатының қарауына жіберуді ұсынады», деді Б.Оспанов.
Талқылау барысында Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдіріп, заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары: Альберт Рау, Вера Ким, Александр Милютин, Ерлан Смайлов, Дүйсенбай Тұрғанов, Сергей Решетников, Жамбыл Ахметбеков, Қазыбек Иса, Бекболат Тілеухан, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов, Ғалымжан Елеуов, Ілияс Бұларов, Андрей Линник мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.