• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Сәуір, 2021

Тұрақты табыс дамуға бастайды

402 рет
көрсетілді

Жастардың бәсекеге қабілет­тілігін арттыру мақсатында бү­гінде Жамбыл өңіріндегі бір­қатар орта арнаулы оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Бұл өз кезе­гінде студенттердің кәсіби түр­де білім алуына және күні ертең кәсіби маман болып қалыптасуына да мүмкіндік береді.

 

«Жастар жылы» аясында елі­мізде «Жас маман» жобасы қол­ға алынып, атал­ған жоба жас­тарға тың ба­ғыт-бағдар берген болатын. Мұнда қазіргі кезде сұра­нысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бо­йынша еліміздегі 180 колледж бен 20 жоғары оқу ор­нын жаңғыртуды және білікті мамандарды дайындау­да халық­аралық тәжірибені енгізу сияқ­ты артық­шылықтар болды. Аталған жоба аясында металлургия, өнер­кәсіп, IT-технологиялар, қызмет көр­сету саласындағы кадр­ларды даярлаудың негізгі ба­ғыттары бойынша облыстан 11 үздік кол­­ледж анықталған еді. Өт­кен жылы 5 колледж­ге атал­ған жоба аясында 1,7 миллиард тең­ге бөлініп, орта ар­наулы оқу орын­дарында 5 құзыреттілік орта­лығы құрылған болатын.

Мәселен, Тараз сервис және технология колледжі қа­зіргі кезде «Тараз» әлеу­­­мет­­тік-кәсіпкерлік кор­порациясы» ұлттық ком­паниясы» акцио­нерлік қоға­мымен бірлесіп, аталған кол­ледждің оқу-өндірістік шеберханасында дайындалған аспаздық жартылай фабри­каттар мен кондитерлік өнім­дерін Тараз қаласындағы 15 әлеуметтік дүң­гіршекте сатуды қолға алып отыр. Ай­та кетерлігі, әзірге өнім өндіруге қажетті шикізатты кәсіп­керлік корпорациясы алып беруде екен. Алайда алдағы уақытта түскен қаржы есебінен шикізат мәселесін колледж бас­шылығының өзі реттейтін болады. Бұл өзін-өзі қаржыландыру арқылы жастардың бәсекеге қа­білет­т­ілігін одан әрі арт­тыруға ба­ғытталған мүмкіндіктің бірі. Жалпы, бұл бастаманың тиімді тұс­тары өте көп. Мә­се­лен, кез келген студент кол­­ледж қа­быр­ғасында тео­рия­лық білім мен практиканы қатар алып жүрумен қатар, қосымша ақ­ша да та­ба алады. Сонымен қатар оқы­тушылардың да ең­бекақы­сынан бөлек ақша табуына болады екен. Колледжге рес­публикалық бюджеттен 332 миллион теңге бөлініп, оған халықаралық стандарттарға сәйкес «Тамақтандыруды ұйым­дастыру» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» маман­дықтарына заманауи жабдықтар сатып алыныпты. Бүгінде мұн­да өнім өндіру және оны сау­далау жұмысы жалғасуда. «Сон­дай-ақ өнімдерімізге сұраныс артатын болса өзге де дүкен­дерді қамтамасыз етуге мүмкін­дігіміз мол. Бұдан өзге біз өнім­де­рімізді Тараз қаласының әкім­дігі ұйымдастыратын ауылшаруа­шылық тауарларының жәр­мең­­кесінде де сатылымға шығара бастадық. Сұраныс өте жоғары. Алдағы уақытта қала әкімдігі өз дүкенімізді салу үшін арнайы жер телі­мін де қарастырмақ», дейді колледж директоры Бек­бол Маймышев. Сонымен қатар колледжде «Аспаз ісі» және «Сән технологиялары» құзырет­тіліктер орталығы да құрылған.

Бүгінде колледжде дайын кондитерлік өнімдердің 10 түрі және жартылай дайындалған фабрикаттардың 6 түрі әлеу­меттік дүңгіршектердің сөреле­рінде тұр. Мәселен, Абай даңғы­лы бойындағы дәл осындай дүң­гіршекте тұшпараның бір қаптамасы 560 теңгеден, ал бәліштің 4 данасы 200 теңгеден сатылуда. Тағы бір айта кетер­лігі, өнімдердің сыртқы қапта­масы да осы колледжде да­йын­дал­ған. Негізінен колледж өнімдерінің нарыққа шығуына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясы» көмек көрсетіпті. Бүгінде аталған кәсіпкерлік кор­­пора­циясы колледждің бар­лық құжаттарын рәсімдеп, да­йын өнімдерді өздері алып кетеді екен. «Қазіргі таңда бізде 15 дүңгіршек бар. Бірлескен жұмыстың ал­ғаш­қы күні 15 түрлі өнім алдық. Ол өнімдердің сапасы өте жоғары. Мұндай жұмысты алғаш рет жүргізіп отырғандықтан, басында қор­қыныш та болды. Дегенмен, өнім­дердің сатылу қарқыны көңі­лімізден шығып отыр. Сол секілді аймақта осындай 5-6 колледж бар. Өз кезегінде олардың да дайын өнімдерін өткеруге көмектесетін боламыз», дейді «Тараз» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының» бас маманы Динара Бейсекова.

Бәсекелестік бәсін артты­ратын бұл бастама техни­калық және кәсіптік білім беру бағы­тында жұмыс істеп келе жатқан кол­ледждер үшін де тиімді болып отыр. Білім ошағының өз шебер­ханалары мен шағын цехтарында дайындалған өнімдер бүгінде нарық бәсекесінде өз орнын тауып үлгерген. Әрі халыққа қолжетімді әрі сапалы. Бұдан бөлек, Тараз сервис және технология колледжі аспаздық жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерінен бөлек, өздерінің тігін шеберханаларында да­йындалатын төсек жабындыларын өткізу бойынша да облыс орталығындағы балабақшалармен және ауру­ханалармен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Бұл бас­тама да алдағы уақытта іске асады деп күтілуде.

 

Жамбыл облысы