• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Сәуір, 2021

Ұлттың ұлы ұстазы

5461 рет
көрсетілді

Ыбырай Алтынсариннің өмірбаян­дық деректерін сөйлетсек, ұлттың ұлы ұстазының қайраткерлік, ұйымдас­тырушылық, реформаторлық, стратегтік, дипломатиялық тұлғасы айқын танылар еді. 1846 жылдың 5 наурызында атасы әскери старшын, би Балғожа Жаңбыршин Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор М.В.Ладыженскийге өтініш жазып, Орынбор мектебіне енгізген. Ыбырайды Торғайдан Жетібай Өтемісов дейтін жас нау­ша жеткізген.

Ыбырай Алтынсарин білімін одан әрі толықтыру мақсатында оқуын жал­ғастырған. Бұл 1850 жылдың 20 тамызы еді. Сағ.12.00. Салтанатты жиын. Ахун қатысқан. Сонан соң қала сыртын­да оқуға қабылданған қыр балаларына құрмет көрсетілген. 4 киіз үй тігілген. Ұлт­тық тағам, ұлттық ойын-сауық ұйым­дастырылған. Тұп-тура ауыл көрі­ністері. Сауын биелер, салт аттар, ер-тоқымдар, мал дәрігерлік керек-жа­рақтар, киім-кешектер, аяқ киімдер, қы­мыз, кітапхана бәрі-бәрісі балғын шә­кірттер үшін жа­салған.

Ыбырай оқыған мектепте орысша, татарша, арабша, парсыша білім берілді. Шығыс тілдерінің білгірі Мир Салих Бекчурин, Орынбор ахуны Усман Мусин дәріс оқыған. Балауса Ыбырай Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы, стат­тық кеңесші, шығыстанушы В.В.Гри­горьевтің (оның «О передаче звуков киргиз­ского языка буквами русской азбу­ки» деген еңбегі бар) бай кітап­ханасын пайдаланған.

Жинақтай айтқанда, сұңқардай сергек, жанартаудай отты Ыбырай 1845-1857 жылдарда Орынбор мектебінде телегей ілім-білімге сусындап, самұрықша қа­нат қақты. 1857-1859 жылдарда ақыл­ман атасы, ескінің соңы, асылдың сар­қыты Бал­ғожа бидің хатшысы, қол­ғанаты болды. Бұл да Ыбырай өмірінің өзгеше бір даналық, тағылым мектебі.

Ы.Алтынсарин 1859 жылы Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмәш, 1869 жылы Торғай қаласы маңындағы Далалық бекіністер мектебінде мұғалім, аудармашы, 1869 жылдың 2 қаңтарында Торғай уездік басқармасының хат жүргізушісі, 1870-1872, 1874 жылдарда Орынбор ге­нерал-губернаторының бұй­рығымен Торғай уездік судьясы және 1871-1872 жыл­дарда Торғай уездік бастығының аға көмекшісі әрі оның міндетін де өзі ат­қарған.

1879 жылдың 1 қыркүйегінен – 1888 жылдың 1 мамырына дейін Торғай облысы қазақ мектептерінің инспекторы. Со­нан соң Губерния хатшысының колледж кеңес­шісі. 1889 жылы 1 мамырдан бас­тап статтық кеңесші.

Ол 1865 жылдың 25 ақпанында ынталы қызметі үшін хорунжий шеніне ие болған, сондай-ақ Әулие Станислав және 2-ші, 3-ші дәрежелі Әулие Анна орден­дері­мен марапатталған.

Ыбырайдың артықша ардақты қа­сиет­тері ел көзіне ерте шалынды. Татар ға­лымы Хұсайын Фаизханов 1862 жыл­дың қаңтарында Қазан универ­сите­тінің профессоры Н.И.Иль­мин­скийге жаз­ған хатында қазақ жігіті Ыбы­рай Ал­тын­сарин жайында жақсы лебіз таныт­қан.

Хұсайын Фаизханов Петербургте Шоқан Уәлихановпен дидарласқан.

Н.И.Ильминский «Воспоминания об Ы.Алтынсарине» дейтін естелік кі­табында (Қазан, 1891) Орынбор қа­ласында Ыбырай Алтынсаринмен қыз­меттес болғанын айта отырып: «Ыбырай менің қазақ тілін үйренуіме, қа­зақтың әдебиетімен танысуыма көп әсер етті... Марабай ақынмен жете таныс­тырды. Мен 1859 жылдың қысының бас кезінде Батыс Қазақстанда тұратын суырып салма айтқыш Марабай ақын туралы естідім. Оны Орынбор қаласына шақырып алдым... Марабай «Ер Тарғын» жырын жырлап берді... Мен бұл жырды татар әрпімен жазып алдым. «Ер Тарғынды» өз алдына кітапша етіп 1862 жылы Қазан қаласында шығардым...» деп жазған.

Ал Ыбырай Алтынсарин Н.И.Иль­мин­скийге жазған хатында: «Мен Сіз бастырған «Ер Тарғынды» оқыдым. Бұған өте қатты қуанам. Қазақ тілінде еш уа­қытта кітап басылған емес. Сондықтан қазақтар өз тілінде кітап шыққанына өте қатты қуануда... Мен өзім ел арасынан біраз әдеби материалдар жинадым, оны мүмкіндігінше Сізге жіберіп те отырмақпын» дейді.

Ыбырай Алтынсарин – ұлт патрио­ты, тәлімгер – санаткері, халық қыз­метшісі. Ұлы даланың шартарабында саңқылдап естілген ұлттың ұранындай, келешектің тұлғасын өнер-білімге ынтызар еткен рухтың жанартауындай, тау­дың таза кәусарындай «Кел, балалар, оқы­лық!», «Өнер-білім бар жұрттар» дейтін классикалық жырлары – ұлттық сана, тіл, мәдениет тарихындағы баға жетпес байлық еді. Ол «Бір Аллаға сыйы­нып», «Өнер-білім бәрі де, Оқуменен табылған», «Оқу білген адамдар, Май тамызған қылыштан...» деп, «Тіреу болар», «сүйеу болар» оқудың мәнісін ыж­даһаттайды, сипаттайды. Сонан соң «Өнер-білім бар жұрттардың» өне­гесінен үйренейік, көркейейік, «Біз де бекер жатпалық!» бәйгеге түсіп, бақ сы­найық, қатардан, саптан қалмайық, сол үшін батамды сендерге бердім дейді. Қа­зағын сүйген, халқының ұлылығына бас иген дала данагөйінің ұлы тілегі мен арманы осы.

Сөз қасиеті – өсиет! Ел мұраты, ер мұраты – өркениет. Бұларды жете түсін­ген Ыбырай Алтынсарин оқудың өзегін, та­мырын, тек-төркінін түгендеу жолында тағы бір қырын көрсетеді. Ол мынау:

Оқу білген таниды,

Бір жаратқан Құдайды.

Тағы да:

Жаратты неше алуан жұрт

Бір Құдайым,

Тең етті бәрімізге Күн мен Айын.

Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айыратын!

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз!

Бұл шумақ мұсылмандық дүниета­ным­ға негізделген. Және де ғылыми дә­лелі бар. Себебі, Алла адамзатты бір кісі­­ден жаратты, таратты.

Ыбырай «Иманды ер Құдайынан ұя­лады» дейді де:

Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,

Бір әділ қазынасы кең патшаңды ізде!

Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,

Жаратқан Бір Тәңіріңнен күдер үзбе!

Мінеки, ағартушы-ұстаз Құран ілі­мі­мен қаруланған. Шындығында, «Құран – ең жоғарғы дәрежелі ілім жина­ғы (Вашингтон Ирвингтің «Хазірет Мұхам­медтің өмірбаяны» кітабынан).

Әй, достарым, жігіттерім,

Болмасқа болушы болма!

Қолыңнан келсе қыл қайыр,

Кісіден алушы болма!

(«Әй, достарым!»)

 

Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз

Азған елдің ішінен.

Алыс-алыс қашыңыздар

Зияндасты кісіден.

Жақсыны көзден салмаңыздар.

Жақсыдан ғапыл қалмаңыздар.

Өзі болған ерлердің,

Аяғынан алмаңыздар.

Әр елге, әр жұртқа

алтын сақа табылмас!

(«Әй, жігіттер!»)

Заманының, қоғамының шам­шы­ра­ғы Ы.Алтынсарин халық дәстүр­лері­нің, салт-жораларының, ырым-на­­ным­дарының білгірі, билік-кесім шы­ғарудың да әділ төрешісі болса керек. Өйт­кені, судья болған жылдардағы тө­релік айту мәдениеті жөнінде мәлі­меттер жинақталмаса да, 1870 жы­лы Россия географиялық қоғамы Орын­­­бор бөлімінің №1 жазбаларында «Орын­бор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас бе­ру дәс­түрінің очеркі» жарияланған. Мұн­да садақа (ысқат) тарату тәртібі, сим­вол­дық рәміздер сыры (ер адамның ес­керткішінің төбесіне – найза, әйелдер бейі­тіне – бақан не піспек, нәрестелерге – бесік дегендей), бейіттің өзенге жақын болуы (жүргіншілер үшін де пайдалы), басқа қара жамылу, жоқтау айту, бата оқу (жылқы я түйе жетектеп әкелу), ас беру, сауын айту турасында бағалы мәліметтер бар.

Ыбырай Алтынсарин өзі көрген, куә болған дәулетті қазақтың асын: «Мы­салы, менің өзім білетін бір байдың асында 100-ге жуық жылқы, одан әлдеқайда көп қой сойылды, 30 пұт күріш асылып, оның үстіне 30 пұт мейіз салынды, келген қонақтардың көптігі сонша, олар 200 киіз үйге орналастырылды, асқа әкелінген жүйріктердің бас бәйгесіне 40 жылқы, 4 түйе тігілді» деп суреттейді. Бұған қоса, кілем-көрпелерді, саба-саба қы­мыз теңізін, мүше тарату, палуандар сайысы салтанатын айтсаңызшы!

Бұл еңбегінен кейін 1879 жылы Россия географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің №1 санды жазбаларында «Орынбор ведомствосы қазақтарының құ­да түсу, қыз ұзату және той жасау дәс­түрлерінің очеркінде» қыз айттыру мә­нісі (көреген аталарымыз текті тайпалардан қыз айттырған, осынау ұлы идея­ның иесі Есім хан екен), қалың мал нарқы, қыз жасауы, құдалардың қо­нақ болуы (неше түрлі қызықтар жасалуы), кәделер үлестіру, ырымдар (қыз қашар, кемпір өлді, ит ырылдар, көрпе қимылдатар, сүт ақы, неке қию шар­ты, сыңсу), жыршылардың беташары, сәлем салу, отқа май құю, жас келін­нің сөз саптау мәдениеті (тұспалдап айту) жік-жігімен, рет-ретімен сипатта­лады.

Ұлы даланың қыран дауысты дарабозы, ілім-білімнің қазынасы, ұлтының тілеу­қоры Ы.Алтынсарин әдеби-мәдени, тари­хи, ғылыми дәрежесі жоғары «Қазақ хрестоматиясын» (Орынбор, 1879, 111 бет) құрастырды. Ол «халқымыз өз тілін­дегі ғылыми оқу құралдарына аса сусап отырғанына», «пайдалы нәрсенің бәрі­не жаны құмар халқымызға», «біздің әрқай­сысымыздың да борышымыз екенін» жете, жетік ұғына отырып, жанқияр­лық­пен қызмет етуіміз дұрыс дейді.

Сахара еліндегі білім беру жүйесі та­рихындағы атақты хрестоматияда елтану, жаратылыстану, ел басқару өнегесі, жер тану, шешендіктану, шежіретану, дү­ние­тану, тұлғатану, кәсіпшілік, өнер-білім, ұлттық тәлім-тәрбие, мінез-құ­лық жайында тапқырлыққа, тұспал-иша­ратқа, даналыққа, ізгілікке, ұлттық рухқа құрылған мейлінше жинақы, мағыналы, қызықты тәмсілдер мен мысал әңгімелер жинақталған. Тақырыптық ауқымы да, тарихи-географиялық шеңбері де ересен. Замандар мен дәуірлер сөйлейді. Ықы­лымдар тіл қатады. Араб, парсы, ағылшын, орыс, қазақ, француз ха­лық­тарының өмірінен таңдалып алын­ған дерек-мәліметтер бар. Мысалы, ағыл­шын елінің Броун дейтін білімдар ұс­тасы өрмекшінің өрмегін көріп, тіреу­сіз көпір салудың жобасын жасауы яғни дарияның үстіне екі ұзын шынжыр тартып, ортасына тақтай төсеп, екі жақ басына бағана орнатып көпір тұр­ғызған. («Зеректік»). Көре білу өнері, ой жүгірту, зейін-зердеге тоқудың әсері қан­дай.

Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» дей­тін төлтума әңгімесінің көркемдік-пәлса­палық қырлары не деген бай, байтақ. Үш жолаушы бұлақ басында «Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол!» дейтін жазудың шынайы мағынасын үш түрлі деңгейде түсіндіреді: 1) Сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа же­тесің дегені ме деп білемін. 2) кім-кімге де болса даяр, рақаттандырады, сусы­нын қандырады, ақы дәметпейді, біреуге жақсылық істесең, ол жақсы­лығыңды ешкімге міндет етпе дегені-ау. 3) бұлаққа қарасаң, күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көресің, көңі­лің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұр­сын дегені ме деймін.

Адамның жасағанын, істегенін екін­ші адам да жасайды. Табиғат адам баласына мол мүмкіндік, қабілет берген. Ес­ті болу – мүмкіндіктеріңді жұмсай білу. Бұл ретте «жесірге байдай, жетімге ата­дай» «Лұқпан әкім» тәмсілінде «қол – жұм­сау үшін, көз – көруге, құлақ – естуге, ақыл – ойлануға» жаралған дейтін ғиб­рат бар. Рухани жетілуге, кемелдік биігіне жеткізетін осынау жаратылыс дарытқан қасиеттер.

Ар-ожданға, рухыңа көркемдік әсері ерекше тағылымды тәмсіл-мысалдарды ақи­қат пен әділдік семсерін мұқият ұс­тап, халықтың ойлау пәлсапасының, көз­қарасының, дүниетанымының, мақ­сат-мұратының беломыртқасы еткен Ы.Алтынсарин әділдік турасында тебі­ренеді: «Петр патша және граф Шере­метьев жаулап алған жерлерден жер беріпті-міс. Осындай жердің біреуі Ри­га қаласының бір бейкүнә адамына тиіс­ті жер екен, барып патшаға шағым­да­ныпты:

«Не күнәм бар, жерімді біреу алған­дай? – деп.

Пат­ша арызын тыңдап болып, айтты:

– Арызың дұрыс болса, тиісті қазы­ларға (сотқа) арыз ет.

Ол кісі арыз берді:

– Меньшиков деген князь жерімді тар­тып алды, – деп.

Қазылар арызын алып сұрап еді, Мень­шиков жауап берді, ол жерді маған наградқа патша берді деп. Қазылар Петр патшаға да хабар беріп, патша өзі де кел­ді. Патшадан да жауап сұрап болып, ақы­рында қазылар:

– Петр патшаның бұл ісі дұрыс емес, нахақ біреудің жерін наградқа беріпті, – деп, жерді иесіне қайтаруға бұйырысты.

Патша билігін естіп болған соң, тү­ре­геліп қазылардың бетінен сүйіпті:

– Әділдіктеріңе Алла разы болсын, – деп және сол жерде айтты дейді:

– Законға мен мұнша көнгенімде, бө­тен­дер көнбестік етуді ойынан шы­ғарсын!» («Петр патшаның тергел­гені»).

Ы.Алтынсариннің қай әңгімесін оқы­саңыз да мазмұн, идея, тіл, стиль, ойшылдық жағынан мінсіз. Қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің шарттылықтары сақта­лынған. Жыраудың яки бидің тілін­дей жұ­тынып тұр. Айталық, «Қара батыр» ертегісі бастан-аяқ тал жібектей өріл­­ген, күйдей күмбірлеп төгілген жыр іс­петті.

Ыбырайдың хрестоматиясы «Мәкту­бат» деген аталыммен 1889,1896 жылдар­да Қазан қаласында жарияланған. Сонан соң «Орыс тілін қазақтарға үйрету туралы бастауыш құрал» (Орынбор, 1879) ең­бегі жарыққа шықты.

«Өнерлі өрге жүзеді» дейтін ел қа­ғида­тын ұстанып, руханият шырақ­шы­сы 1880 жылдың қаңтарында «Қазақ» газетінің 4 бөлімнен тұратын 1-ші нө­мірін шығарды. Жалғастыруға отар­шылдық саясат мұрша бермеді.

Ойшыл ұстаздың тізбек-тізбек жөң­кілген замана көшінде көнермейтін, ескір­мейтін ұлы, қуатты идеялары ел­дің, мемлекеттің, халықтың көркеюіне мәң­гілік мағына дарытары сөзсіз. Олар:

«Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы: тамаша жақсы педагоги­ка құралдары да, ең жақсы үкімет бұй­рықтары да, әбден мұқият түрде жүр­гізілетін инспектор бақылауы да оқыту­шы­ға тең келе алмайды».

Ұстаздың аудиториямен байланы­сы хақында мынадай тұжырымды па­йым­даулар өрбітеді: «оқушылардан оқы­ғандарын қайталап сұрап отыру қажет», «балалармен сөйлескенде ашулан­бай, жұмсақ сөйлесуі, әрбір нәрсені де ықы­ласпен, түсінікті етіп түсіндіру керек, мәнерлі сөз, орынсыз терминдерді қол­данбау керек» («Ақтөбе екі кластық мек­тебінің меңгерушісіне нұсқау хат»).

Ұлтын, ұрпағын, топырағын кие тұту, өбіп-мейірленіп сүю, қылдың ұшын­да, ұстараның жүзінде жүрсе де, отар­лық езгінің тұтқынына қамалса да, тұншықса да от жүрегімен, оман дария білімімен көркем қызмет жасау – Ыбырай Алтынсариннің машық-дағ­дысы. 1862 жылы Н.И.Ильминскийге жаз­ған хатында «қазақтың табиғи тілін бұзатын татаризмге» және шалағай мол­даларға қарсылық көрсетеді, «таза қазақ тіліне жаратылыс тарихынан бір нәрсе аударған болар едім» деп ағынан ақтарылады. Тағы бір хатында (1862 жыл, 26 қаңтар): «Менің ойымша, көңілдің хошы, бақыт дегеннің бәрі де ата-бабаның өмір сүрген және жер­ленген жерінде, туған ошағыңның басында жақсырақ, ал қайғы дегеннің қандайы да, тіпті, ажалдың өзі де сол жерде жеңіл болатын сияқты». Сондай-ақ өзінің ұстанымын, мұрат-мақсатын, рухани сұлулыққа жету арманын былайша мәлімдейді: «Мен азды-көпті қазақ халқына ғана пайдалы бола аламын», «жақсы адамдармен таныс болу, өзімнің ақыл-ойымды, білімімді арттыру – мұның бәрі де менің сағат сайын ойлайтын ойым еді».

Оқымысты-педагог Ыбырай Алтын­­сарин­нің 1884 жылы Қазан универ­си­­тетінің баспаханасында басыл­ған «Шариат-ул-ислам» (Мұсыл­ман­шы­лықтың тұтқасы) дейтін еңбегі, өзі айт­қандай, қазақ жұртына бағыштап, қазақ тілінде білімдарлықпен жазған діни (бұл негізінде «әдет-ғұрып, қарыз, жол, ұлт» немесе Алланың жолы деген мағынада қолданылған) һәм ғылыми шығарма. Алдымен діни заң ғылымдарының ең жоғарғы шыңына шыққан ғұламалардың (мужтаридин), сонымен қатар өз зама­нының ғылыми құндылықтарын, атап айт­қанда, француз ғалымы Реклюдің «Уақыт, құрлық және мұхит», Крю­гердің элементарлық физикасын, Герд­тің минерологиясын, Оливердің ботаникасын, Константиновичтің химия­сын, Сент-Илердің зоологиясын, Фигье­нің жаңалықтарын, Пуцковичтің геогра­фиясын, Зобовтың табиғаттануын мұ­қият түсініп қабылдаған, ұстаздық еңбегінде шеберлікпен түсіндірген, толық пайдаланған. Сөйтіп, ғасырлық ой-тәжірибелерді болмысына, рухына сіңіре отырып, «Әмин! Құдая қабыл ет!» деп, «Жер үстіндегі мүліктердің», «Көк үстіндегі періштелердің иесі», «Артық­шылықтардың иесі» Жаратқан Иенің құді­ретін, Құранның ұлы идеяларын, жара­тылыстың жұмбағын, ғаламның ғаламат үйлесіммен ойластырылғанын келісті баяндаған: Алланың әмір-құді­ретімен пайғамбарымыз «адамзатқа түзу жолды үйретіп, шын Құдайын таны­тып, шын діннің һәм дүниенің ғылым­дарын көрсетіп беріп еді» деп жазады. Және де ол мұсылман мемлекетін негіз­деуге қатысқан асхабтарымен, мұсыл­мандық құқықты мінсіз меңгерген ғұла­маларымен «таза құлық, жұмсақ шырын сөздерімен» ғибрат айтып, халықты ізгі­лік пен туралықтың, тазалық пен әділ­дік­тің жолына нұсқағанын бажайлап па­йым­дайды.

Алланың әділеті, білімі, ғылымы, діні, есебі, жүйелі әрекеті, ғайыпты болжап білуі, адамзатқа ілтипаты, нығметтері, жаратушылық энергиясы, мәңгілігі, айқын көрегендік ғибраттары теңдесі, теңеуі жоқ құбылыс. Осы орайда Ы.Алтынсариннің көрсетуінше, «бұл дүниедегі зат, мах­лұқтардың бәрін де ең әуелі барлыққа кел­тіруге ешкімнің жәрдеміне мұқтаж емес бір Иенің барлығында еш шек – шүбә жоқ болса керек. Егер біреу сұраса: Құдай тағаланың бірлігіне не дәлелің бар?» деп, жауап бермек керек: бұған да екі түрлі дәлеліміз бар, бірі – нақли, бірі – ақли. Нақли дегеніміз сол – Құдай тағала Кәләм шарифте бұйырды: (ләу кәна фиһима әлиһатан илла аллаһа лә фасадата) яғни «жерде, көкте Алладан басқа тағы Алла болса жер, көк бұзылар еді» деген. Ақли дегеніміз сол – жерде, көкте екі құдай болса бір-біріне қарсы келуі мүмкін болар еді» деген тұрлаулы тұжырым жасайды.

Білімпаз «иман» ұғымының қасиет­терін білгірлікпен салмақтайды, нақ­тылайды. «Әуелі иманды болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсыл­ман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек. Иманнан соң дін ғылымы дүр. Дін ғылымы екі жол көрсетті: бір жолы – осылай бар деп бұйырған жолы, екіншісі – бұл жолға түспе деп тыйған жол. Әуелгі жолдың баратын ұшы – ұжмақ, соңғы жолдың ұшы – тамұқ».

Ы.Алтынсариннің «иман» бітімі турасындағы жіктемесі де терең сырға, мәнге ие: «Иманның екі мағынасы бар: бірі – тіл мағынасы. Тіл мағынасы де­геніміз – әркім тілмен айтып растамақ. Мәселен, мұсылманшылығымызға бас куәлік – сөзіміз немесе араб тілінше шә­һәда (тун) – иманымыз ашһаду ан лә иләһа иллә алла уа ашһаду анна мухам­мадан аб-дуһу уа расулуһу болса керек. Яғни «куәлік беремін: жоқты бір Құдайдан бөтен құдай және куәлік бере­мін, Мұхаммед оның құлы һәм елшісі екендігіне деп, шариғат мағынасы рас­тағанда ол иманды көңілмен растамақ. Бұл растамақ дегеніміз, жалғыз Құдай таға­ла бар, Мұхаммед хақ пайғамбар деп айту ғана емес, пайғамбарды алайһи-с-салам­ның Алла тағала жанбунан алып келген қанша парыз бұйрықтары болса, мәсе­лен, намаз, руза реуішті, осылардың бәрін де тілмен рас деп айтып һәм шын көңіл­мен растығына сенбек».

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы,

профессор