• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Білім 19 Сәуір, 2021

Пандемия сабақтары

988 рет
көрсетілді

Цифрлы технологиялар, интеллектуалды шешімдер, жасанды интеллект, өзгермелі әлем білім беру саласының даму қарқынын да жеделдете түсті. Жаңа жағдай әр баланың дара қабілеті мен мүмкіндіктерін ескеруді талап етеді. Оқушының жеке даму траекториясын бақылауға, қажеттіліктерін анықтауға, ынталандыруға мүмкіндік беретін білім беру ортасы қоғамға қазір ауадай қажет.

Пандемия басталған кезде мұғалім­дердің 60%-дан астамы цифрлы технологияларды оқу процесіне интеграциялау үшін техникалық және педагогикалық дағ­дылардың болмауына байланысты қашықтан оқыту форматына көшуге дайын болмады. Жаңа сын-қатерлер жұмыс пен өзара іс-қимылдың жаңа ны­сандарын табуды талап етті. Бір жылдан кейін сарапшылар мұғалімдердің өз­герістерге тез бейімделіп, тәжірибесін то­лық­тыра түскенін айтуда. Міне, білім берудегі басты трендтер, мектеп рөлі­нің өзгеруі, мұғалімдерді трансфор­ма­циялау, цифрландыру және пост­ко­видтік кезеңдегі оқыту жайы «Назар­баев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған «Жа­ңа жағ­дайдағы білім беру: пандемия сабақтары» тақырыбындағы дөңгелек үс­тел барысында талқыланды. Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуы аясында өткен басқосуда «Назарбаев зият­керлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова білім берудегі жаңа жағдайдың орын алуына жаңа технологиялардың қарқынды дамуы және экономикаға (өндіріске) жылдам енгізілуі, сондай-ақ күйзелістер мен белгі­сіздікке төзімділік нәтижесіндегі келе­шектің бейнесі ықпал етіп отыр­ға­нын атап өтті.

Білім беру экономика мен қоғамдық өмір­де болып жатқан цифрлы трансфор­мациядан өтуі керек. Цифрлы трансформация білім берудің барлық дең­гейі­не әсер етеді және оның барлық қаты­сушылары – оқушылар, мұғалімдер, бас­қарма қызметкерлері, соның ішінде ата-ана­лар мен жұмыс берушілер, саясаткерлер мен қоғам өкілдерінің белсенді қатысуынсыз тіпті мүмкін емес. Бұл жұмысты бір-бірімен байланысты үш үлкен бағытқа бөлуге болады: білім бе­ру­дің цифрлы инфрақұрылымын дамыту; цифрлы бағалауды қоса алғанда, цифр­лы оқу-әдістемелік материалдар­ды, құралдар мен сервистерді дамыту; оқу жұмысын ұйымдастырудың жаңа модельдерін әзірлеу және тарату. Жетекші сарапшылардың пікі­рін­ше, біріншіден, оқушылардың ақпа­рат­тық сауаттылығын, сыни және креа­тивті ойлау дағдыларын, жаһандық құ­зы­реттіліктерін қалыптастыруға ба­ғыт­талған білім беру бағдарламасы, екін­шіден, оқу процесін ұйымдастыру, үшін­шіден, мектеп циклінің барлық пәндері бойынша бағалау және кері байланыс жүйесі, төртіншіден, оқу процесінің барлық қатысушыларының білім сапасы үшін жауапкершілікті дамытуға ықпал ететін жеке көзқарасы мен тәуелсіздікті қалып­тастыруға бағытталған оқыту әдіс­­темесі мен технологиясы, бесін­ші­ден, жасанды интеллект технология­лары мен сараптамалық жүйелерге негізд­елген, оқушылардың негізгі жеке ерекшеліктеріне «бейімделе» алатын, әртүрлі мүмкіндіктері мен қабілеттері бар балалардың материалды сәтті иге­руін қамтамасыз ететін түбегейлі жа­ңа цифрлы оқу-әдістемелік кешендер, алтыншыдан, кез келген жерде достық шырайлы, технологиялық, қауіпсіз білім беру ортасы, жетіншіден, есеп беруді түбегейлі жеңілдету және мұғалімдер мен оқу орындарының басшылары үшін күнделікті жұмыс түрлерін азайту заманауи технологиялық ше­шімдер мәселесі болмақ. Әлем төр­тінші индустриялық революцияның табал­дырығын аттады. Цифрлы технологиялар тарапынан қолдау тапқан өзара іс-қимылдың жаңа модельдері мен сце­нарийлері кеңінен таралуда.

Пандемияға байланысты экономи­калық құлдырау жағдайында технология­ның таралуы жедел қарқын алды. Дү­ние­жүзілік экономикалық форумның деректері бойынша, 2025 жылға қарай адамдар мен машиналар арасындағы жұмыс көлемі тең бөлінетін болады. Ескі мамандықтар тез жоғалады. Мектеп бұдан былай өзгеріссіз қала алмайды, оның бас­ты міндеті – адамзатты оқуға үйрету. Өйткені өмір бойы оқу – қазіргі за­манның басты талабы.

– Пандемия Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тан бері мектептердің жаппай жа­былуына әкелді. Бір түнде онлайн режімге мәжбүрлі түрде көшу, білім бе­рудің әдеттегі мектеп қабырғасынан тыс болуы бізге үлкен соққы болды. Әри­не, бәріміз – мектептер, отбасылар, мемлекеттік органдар оған дайын бол­мадық. Бірақ бұл тұрғыдан да айтар оң жетістіктеріміз бар, біз тез бағ­дар­лан­дық, барлық әрекеттерімізді, мүм­кіндіктерімізді үйлестіріп, онлайн оқы­туды бастадық. Иә, қиындықтар болды, әлі де бар. Біз қысқа уақыт ішінде кенеттен белгісіздік жағдайында өмір сүрудің маңызды мектебінен өттік. Оқу процесіне бірік­тірілген бағалау деректерін жинау және талдау өте маңызды, бұл оқу­шыға өзінің жеке прогресін көруге, ал мұғалімге оқушы одан қандай педаго­ги­калық көмек күтетінін түсінуге мүм­кіндік береді. Егер сабақта мұғалім оқу­шының қажеттіліктерін анықтаса, онда әкімшілік деңгейінде мектеп әр мұға­лімнің ерекшелігі неде және оған қан­дай қолдау қажет екенін түсінуі керек. Барлық оқушылар қай мектепте оқи­тынына қарамастан, жоғары білікті мұға­лімдерден білім алуы керек, – деді К.Шәмшидинова.

Бұл пікірді Литвадан онлайн қо­сыл­­ған дөңгелек үстелдің қа­­­ты­­сушысы – Еуропалық қайта құ­ру және даму банкінің сарапшысы Дарюс Радкявичюс жалғастырды. Өт­кен жылдың көкте­мінде бірінші лок­даун­ның барлық қиын­дықтарын бас­тан кешірген ол баласына өзі сабақ беру туралы шешімге келген. Сарапшы ин­теграцияланған оқыту жағдайында бұл қиын емес екенін алға тартады. Ол тіпті мектеп мұғалімінің қателіктерін бай­қап, оны дер кезінде, бірлесе отырып түзет­кендерін айтады:

– Балаларды оқытуда мектеп пен қоғам­ның рөлі қаншалықты өзгергені туралы көп ойландым. Алдымен бұрынғы жағ­дайға оралғым келеді, өйткені ол ковид­ке дейін де айтарлықтай өзгерген бола­тын. Яғни соңғы 5-10 жылда басым­дықтар өзгерді – бала мектепке білім алу үшін бармайды. Бірінші кезектегі басымдық – әлеуметтік қызметтер. Ең бас­ты орынға ата-аналардың жағдайы мен жайлылығы шықты. Өйткені олардың әр­қайсысы балалардан демалғысы ке­леді. Ал мектеп бұл үшін – ең жақсы орын. Яғни барлық балалар мектепке бара бастады. Баланың психикалық немесе физикалық проблемалары бар ма, жоқ па, жалпы алғанда, ол проблемалық бала ма, ол себептердің бәрі негізсіз болып қалды. Мектеп соңғы үш жылдан бері ата-аналар балаларын алып кететін уақытқа, кешке дейін жұмыс істейді. Ал сыныптарда мұғалімдер атап өтетін ең үл­кен мәселе – бұл ерекше бақылауды қажет ететін балалар. Екінші басымдық – балаларды әлеуметтендіру. Ата-аналар үшін балалардың өзара қалай қарым-қатынас жасайтыны, бір-бірін ренжітпеуі маңызды. Балаларды төбелеспеуге ғана емес, тіпті бір-бірін мазақтамауға үйрету мәселесі басты назарға алынды. Үшінші міндет қана – білім. Көпшіліктің тұжырымында білімсіз-ақ күн көруге болады. Себебі балалар әлеуметтік ба­ғытты көбірек таңдайды, ал өте аз бөлігі ғана нақты ғылымдарға ден қояды. Ен­ді жаңа жағдайға келейік. Литвада бас­тауыш мектептердің өзі бір жыл бес ай бойы жабық тұр. Бастапқыда бар­лығы «Қашықтан оқу деген қандай жақ­сы» десті. Алайда эйфория аяқталды. Біз­дің қашықтан оқытуға дайын емес еке­німіз белгілі болды. Көктемде он­лайн-оқыту болғанымен, сабақ тиісті деңгейде меңгерілмеді, бәріміз бірінші карантиндегі біліммен келесісіне қадам бас­тық. Ең жағымсыз пікір – ешкім онлайн мектеп пен дәстүрлі мектептің арасындағы айырмашылықты түсінуге мұғалімге көмектеспейді, әдістемелік және бағдарламалық көмек жоқ. Біз ХХІ ғасырдың мектептеріне емес, ХХ ғасырдың ортасындағыға ие болдық. Бірінші карантиндік шектеулерден кейін баламның экран алдында екі сағат бойы қиналып, ата-аналардың айтқанын тыңдап, өзінің барлық күш-қуатын жоғалтатынын түсіндім. Оған үй тапсырмасын орындату үшін көп уақыт пен күш қажет болатын. Екінші рет тәуекелге бармауды жөн көрдім. Менің шешімім – «homeschooling», яғни үйден өзімнің оқытуым болды. Әке ретінде Литвада интеграцияланған оқыту мен оқулықтардың болғаны қан­ша­лықты жақсы екенін түсіндім. Бұл кі­таптар арқылы оқыту маған оңай болды. Шығармашылық тапсырмалар көп еді. Мектеп мұғалімінің қателіктерін көр­­дім – бала тым асығыс. Екі ай бойы біз баланың жазуын, тілдерді ұғыну дағ­­дысын жақсарттық. Мектеп тапсырмалары өте көп, ал оны тез орындауға ба­ланың қауқары жете бермейді. Мек­тептегі тестілерде архаизм көп, яғни, не космос, не машина, тіпті трактор ту­­ралы бір сөз жоқ. Сондай-ақ өзімнің әл­сіз тұстарым бар екенін түсіндім – мен музыка сабағын үйрете алмаймын. Ең бастысы, оқушы не жоғалтады? Менің ойымша, ол мұғалімнің беделін жо­ғалтты: әкесінің айтқандары күмәнді, мұ­ғалімнің айтқаны шындық болатын. Ешбір нәрсе адамдардың көзбе-көз байланысын алмастыра алмайды. Оқу­шы тағы не жоғалтады? Ең бастысы, топ­тық жұмыста оқудың өз ләззаты, оқу­шылардың бір-бірінен алатын шабыт, қуат, бірлескен саяхат, демалысы жоғал­ды. Ал мұғалім не жоғалтады? Бұл «esprit» – шабыт, балалардың асыр салып ойнап жүргенін, олардың мұғалім мақтағандағы қуаныштарын көру.

Пандемия кезіндегі білім беру жа­ғ­дайы «паник-гогика» – «дүрбелең педа­­гогикасы» деген мысқыл терминді дү­ниеге әкелді. Қашықтан білім беруге күтпеген жерден көшу оқу процесін тү­бегейлі өзгертті. Мұғалімдер мен мектеп директорлары, балалар мен ата-аналар үлкен қиындықтарға тап болды.

– Дүниежүзілік банк сарапшылары пан­демия кезінде мұғалімдердің рөлін өзгерт­кен екі негізгі факторды көрсетеді. Бі­рін­шіден, бұл педагогиканың бейім­делуі – дәстүрлі сыныпта жұмыс іс­тейтін нәрсе онлайнда мүмкін болмай қалды. Екіншіден, пандемия мұғалім­дердің сабақ беру, оқушылармен қа­рым-қатынас және әкімшілік жұмыс ара­сындағы уақытты бөлу жүйесін өз­гертті. Қашықтан өткізілетін сабақтар қара­пайым сабақтармен салыстырғанда уақыт бойынша екі есеге, тіпті одан да көпке азайды. Сондықтан оқытушы пән­­нің мазмұнына көп көңіл бөліп, маңыздысын алға шығарып және оқу­шыны нақты кері байланысқа негізделген өз бетімен жұмыс істеуге дұрыс бағыт­тауға мәжбүр болды. Онлайн оқы­ту­дың маңызды кемшіліктерінің бірі мұ­­ға­лімнің аудиториямен толықтай эмо­­ционалды және интеллектуалды әре­­кеттесуіне мүмкіндік бермейтіні, – дейді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма тө­райымының орынбасары Светлана Испусинова.

Бүгінге дейін адамдар мектеп бағ­дарламасын кез келген уақытта және кез келген жерде оқуға болады, балалар білім ордасынан тыс жерде, тіпті ком­пьютер арқылы оқи алады деген қате сенімде келді. С.Испусинованың пікі­рінше, бүгінде көпшілігі балаларды мек­тепке жіберіп, алаңсыз жұмысқа аттанатын дәстүрлі түсініктегі мектептің қажет еке­нін түсінгендей.

– Пандемиядағы ең маңызды өзгеріс­тердің бірі – мұғалімдердің шеберлігі, шы­дамдылығы мен шығармашылығы үшін жоғары бағалануы. Мұғалім бүгінде ихтиандр – адам-амфибияға ұқсайды, ол оффлайнда өзін шебер сезінуі және ғаламтор кеңістігінде жақсы жүзуі керек. Негізінде фантаст жазушылардың идеялары бүгінде шындыққа айналды және әрине, мұғалім айналасындағы бүкіл әлем­­мен бірге өзгеріске ұшырады. Бұл мұғалімді үздіксіз кәсіби түрде дамуға мәж­бүрлейді, яғни трансформация жал­ғасуда.

Осы орайда Солтүстік Қазақстан об­­лысы Жамбыл ауданы, Қожаберген жырау атындағы орта мектеп директоры Бауыржан Мұсабаев қашықтан оқы­тудың мұғалім мен оқушы, мектеп пен ата-ана, жалпы қоғам өміріне әкелген өл­шеусіз өзгерістеріне қарамастан, басты мақсат – оқушыларға толық білім беру екенін айтады:

– Қашықтан оқыту білім беру про­цесін түбегейлі өзгерткені жасырын емес. Әр мектеп өз жағдайын ескере оты­­рып, балаларға толыққанды білім бе­ру­ді мақсат етіп қойды. Мәселен, Қо­жаберген жырау атындағы орта мек­теп­тің тәжірибесінен мұғалімдердің ауыз­­біршілігі мен жаңа дүниені игеру­ге деген құлшыныстарын айрықша атап өткім келеді. Цифрлы технология­ны ба­лалармен қоса, мұғалімдер де мең­геріп, жұмыс барысының ажырамас бөлі­гіне айналдырды. Жаңа әрі тың дү­ниені игеру оңайға соққан жоқ, дегенмен ауызбіршілік арқылы бұл қиын­дықты да еңсердік. Жаңашылдық жаңа мақсаттарға бастайды деп зор сеніммен айта аламын.

Батыс Қазақстан облысы Орал қала­сындағы Д.Қонаев атындағы №44 мек­теп-гимназиясының мұғалімі, мектеп жасындағы екі баланың анасы Айжан Жанатова қашықтан оқытуға көшкен тұс­тан бастап, оқыту процесіне ұстаз көзі­мен ғана емес, ата-ана көзімен қарау­ды үйренгенін айтады:

– Мен балаларыммен бірге қашық­тан оқытудың қыр-сырын бірге мең­гердім. Қа­шықтан оқыту бізді уақыт­пен санас­пауға, жаңа білімнен қаш­пауға үй­ретті. Балаларымның оқуға деген құл­шы­ныстарын жоғалтып алмау, олардың білім­дерінің дұрыс бағалануы мен үшін маңызды мәселелердің бірі болды. Сағаттап компьютердің алдында отыру, мұғалімнің бет-бейнесін экраннан ға­на көру, сыныптастарынан алшақ болу балаларға ауыр соққы болғаны рас. Бірақ бұл жағдайда мұғалімнен кері байланыс алудың маңыздылығына айрықша тоқ­талғым келеді. Кей кездері үй тапсырмасын кеш жіберген күндеріміз болды, бірақ мұғалімдер сол сәтте кері бай­ланыс орнатып байланысқа шығып отырды. Бұл эмоционалдық күйзеліс пен белгісіздік жағдайындағы оқушы үшін ең жоғары мотивация.

Ал Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық №1 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Нұргүл Абдул-­л­ае­ва қашықтан оқыту мұғалімді де бір сәт оқушы рөлінде көруге мүмкіндік бер­ді деп санайды:

– Қашықтан оқыту мұғалімді оқу­шы кейпіне түсірді десем артық айтқа­ным емес. Себебі ескі көзқарас пен әдіс­темеден бір сәтте бас тартып, күні кеше атаулары бейтаныс болған Zoom, MS Teams Classroom, Skype платформаларын меңгеруге тура келді. Белгісіздік жағ­дайында отырған оқушының әр сұрағын жауапсыз қалдырмау үшін бір­неше мамандықты қатар алып жүрген күн­деріміз де болды. Әр жаңа дүниенің ар­тында жаңа мақсат пен нәтиже тұрады. Қашықтан оқыту оқушылардың ғана емес, ата-аналардың да белсенділігін оят­ты. Қоғамға ұстаз еңбегінің қиын еке­нін ұғындырып, мұғалім мәртебесін бір саты жоғары көтерді. Қашықтан оқы­ту қазіргі заман талабы болса, оны ұйымдастыруда ең бастысы – элек­тронды материалдар, қашықтан оқы­тудың дидактикалық жасалымы, педа­гог-үйлестірушілерді дайындау. Бұл білік­­тілігі жоғары, зияткерлік және кәсіби дең­гейі дамыған, халықаралық дәре­жедегі бәсекеге төзімді қоғам құруға зор көмегін тигізеді.

Ғалым, оқытушы, бестселлер авторы, балалардың бақыты мен игілігі жөніндегі сарапшы Энди Коуп қатысушыларды тыныштық революциясы, яғни бақыт революциясына сапар шегуге шақырды. Ол жылдам­дығы едәуір артқан өзгерістердің қа­жет­тілігін нақты мысалдармен дәлел­дей түсті:

– Біз – педагогтер, өзгерістердің жақындап келе жатқанын және оның ауқымы кең екенін сеземіз. Бұл адамды қажытады. Мұндай ырғақта психикалық аурулар, күйзелу өмір сүру нормасына айналады. Жалғыз шешім оқу бағдар­ламасын өзгерту болуы мүмкін. Әрине, математика, жаратылыстану ғылымдары, тілдер әлі де маңызды болуы мүмкін. Бірақ бүгін сіз адамдарға өздерінің ең жақсы нұсқасы болуға, позитивті ой­лауға үйретуіңіз керек. Бізге өзінің мық­ты қасиеттерін білетін, оптимист, шығар­машыл, мақсатшыл жастар керек. Егер бұрын білім беру саласында бес жылдық жоспар құрып, оны орындауға болатын болса, қазір жағдайды импровизациялауға және әрекет етуге тура келеді. Сондықтан жаңа дағдылар жиынтығы қажет. Ұлы­бри­танияда біз математика, ағыл­шын тілі және ғылыммен қатар оқу бағ­дарламасына «Игілік» пәнін енгізуге тырысамыз. Егер жастарды, мұға­лімдерді, олардың ата-аналарын үнемі жаңа қиындықтар тудыратын әлемде мықты, көңілді, позитивті болуға үйрете алсақ, онда заман ағымына сай икем­дірек бола аламыз. Әлем бізге сынақ­­тар дайындайды, бірақ біз қарсы тұ­ратын боламыз. Менің ойымша, қазіргі әлемдегі ең маңызды нәрсе – адамдарды дағдылармен, біліммен және пси­хикалық денсаулығына қамқорлық жасау қабілетімен қамтамасыз ету, – деді Энди Коуп.

Жиынды қорытындылаған Күләш Ноғатайқызының айтуынша, пандемия жағдайында мектептің күшті психо­логиялық қызметі, сондай-ақ ата-аналармен бірге бір-бірін қолдайтын және өзара толықтыратын жұмысының маңы­зы арта түсті. Сол себепті мектептегі пси­хологиялық қызметтің нақты құрылы­мын жасау және функцияларын анықтау, оған кадрларды даярлау және қайта даярлау, ата-аналармен жұмыстың мазмұны мен бағыттарын қайта қарау қажет.

– Көп нәрсе басшылықтың санкциясымен емес, осы жаңа идеяларды тарататын мамандардың желілік өзара әрекеттесуіне байланысты болады. Яғни мектептер мен түрлі оқу орындарының мұғалімдері арасында ынтымақтастық көбірек керек. Олар оқытудың жаңа тиімді жолдарын анықтай отырып, елдің білім беру саясатына әсер етеді, бұл өз кезегінде оқу процесін басқаруда айтарлықтай өзгерістерге әке­леді. Болашақтағы білім беру осындай болуы қажет, бір таңғаларлығы оған пандемия секілді жаһандық проблема түрткі болып отыр, – деді К.Шәмшидинова.