• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Сәуір, 2021

Жақсының аты өлмейді...

1398 рет
көрсетілді

Түрік ғұламасы Жәлаладдин Руми: «Жақсы адамның қабірін жердің бетінен іздемеңдер, ол өзінің туған халқының жү­­регіне жерленеді», деген екен. Ал атам қазақ болса, «Жақсының аты өл­мейді, ғалымның хаты өлмейді» депті. Осын­дай аты да өлмеген, хаты да өшпеген жақ­сы­лардың бірі марқұм Ақселеу Сей­дім­бек еді. Жарықтық ұлт руханияты мен мә­дениетіне үлкен үлес қосты. Небір келелі кездесулерде маңдайы жарқырап, салалы саусақтары күміс тұтқалы ақ таяғын қы­сып ұстап, кең залға селкеусіз көз тас­тап отырар еді. Қазір бұл күндер келмеске кет­ті. Бірақ елдің жүрегінде Ахаңның елесі қалды.

 

Осыдан он шақты жыл бұрын елорда төрінде музыка пәнінен сабақ беретін ұстаз­дар қауымы Ақселеу Сейдімбекті шақырып, кездесу өткізді. Бұл кездесу марқұмның ұс­таз­дар қауымымен соңғы қауышуы екенін ол кезде білмедік. Ахаң уақыттың шерін қоз­ғап, қазақ музыка ілімінің сан ғасырлық тарихын көктей шолып сөйледі. Бар-жоғы жарты сағатқа созылған басқосу барысында ықылым заманның қазынасын қопарып тол­ғады. Біз сол кезде ғалымның айтқан сөзін қағазға түсіріп алған едік. Ахаң бүй деді:

– Біздің ата-бабаларымыз – көшпелілер сонау Хинганнан бастап, Батыстағы Карпатқа дейінгі 8000 шақырым даланы билеп-төс­теді. Осы аумақта 40-қа тарта түркі халқы өмір сүрді. Осылардың ішінде көшпелілікті ал­ғашқы бастаған да, ең соңында аяқтаған да қазақ. Себебі олар Ұлы даланың аса қуатты ендігінде қоныстанған.

Жылдың төрт мезгілінде жосып жүретін ата-бабаларымыз архитектура һәм бейнелеу өнерімен айналыса алмады. Бірақ сөз өнері мен күй өнерін өлшеусіз дамытты. Телегей теңіз дастандар жазды, жырлады. Орыс поэ­зиясына әрі кетсе – ІІІ ғасыр. Біздікі – бері айт­қанда V ғасыр.

 Одан кейін қолөнер тарихы скиф, сақ­тарға тіреліп тұр. Халқымыздың саз өнері (музыка) – адамзат тарихына қосқан ұлы мұра­сы. Біз ғаламға мақтансақ, музыкамен мақтана аламыз. Себебі оның жанрлық тек­тілігі, байырғылығы, саздық үні ешқандай халықта кездеспейді.

Күй жанры орыс, татар, қытай, қырымда атымен жоқ. Біз білетін кейбір күйдің тарихы 2 мың жыл бұрын тіркелген. Рим тарихшылары «түркілер қағандарын күй шертіп оятады» деп жазған. 1927 жылы Руденко дей­тін археолог скифтердің қорғанынан қо­быз аспабын тапты. Ол біздің жыл санауымыздан 5000 жыл бұрын жасалыпты. Әлгі қобызға Васильев дейтін шебер реконструкция жасап шықты. Қазіргі қобыздан аумайды. Отырар, Самарқан, Бұқара өңірлеріне жүргізілген қазба жұмыстарынан осыдан 2 не­месе 2,5 мың жыл бұрынғы ұлттық музыка аспаптарымыздың өзі болмаса да көзі та­былып жатыр.

Қытай жазбаларында «Түркінің оркес­трін әкеліп, хан сарайында ойнаттық» делінеді. Плутарх жазады: «Сақтың әскерлері садақ­тың адырнасын шертіп отырып ән салады». Ішекті аспаптардың атасы осы емес пе?!.

Ұлытаудың Жанғабыл өзенінің бойынан 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан балбал тас тауып зерттеді. Балбалдың жауырынында қобыз, қоңырау бар. Ел оны «Бақсы тас» деп атады. Бұның өзі-ақ 1600 жылдың арғы жағын меңзеп тұр.

«Ақсақ құлан» күйінің 10 түрі жеткен. Асан қайғының «Ел айырылған» күй – ХІV ғасырдың мұрасы. Қазтуғанның «Сағыныш» атты күйі жетті. Күйші Таласбек Әсем­құ­лов­­тың орындауында Байжігіттің 30 күйі­мен қайта қауыштық. Абылайдың «Қара жорғасы» – ХVIII ғасырдың туындысы…

Ал қазақтың күй жанрына келсек, шертпе және төкпе деп екіге бөліп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Мысалы, Дайрабайда шертпе де, төкпе де күйлер бар. Екіншіден, қобыз бен сыбызғы саздарын шертпе, төкпе күй деп бөле алмаймыз ғой. Шертпе – қимылды білдіреді. Төкпе – көңіл күйді білдіреді. Консерваторияда шертпе және төкпе күй кластары бар. Бұл дұрыс емес.

Қазақ күйін былай бөліп қарауға негіз бар: бірінші – қоңыр ән мен қоңыр күйлер («Сарыжайлау»). Екінші – тік ән, тік күйлер ( «Ақкиік», «Жезкиік»). Үшінші – бойлауық күйлер («Кішкентай», «Зар қосбасар»).

Оның сыртында көнеден келе жатқан тармақты күйлер бар. Ертеде 365 күнде 365 күйді 365 бала тартады екен. Осылардан ең жақсы 9 күйді таңдап алып, басқасын ұмыт­қан. Бұлар бүгінгі «Тоғыз тарау», «Аққу» секілді циклді күйлер болған. Сөзімізді түйін­деп айтқанда, мәдениет деген сейфтегі ақша емес. Ол – атадан балаға берілетін мұра. Осы мұ­рамызды сақтай алған жағдайда біз Ұлы да­ланың тұрғыны бола аламыз.