Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін Шарттарды ратификациялады. Бұған қоса, сенаторлар Үкімет пен мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдап, бірқатар көкейкесті мәселені көтерді. Соның ішінде, қазіргі кезде өзектілігі артып отырған ветеринария мамандарының тапшылығы да бар.
Құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық
Сенаторлар алдымен «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылап, қабылдады. Құжатта екі мемлекет бір-біріне іздеуде жүрген азаматтарын ұстап беруге келісті. Сондай-ақ бұл Шартта ұстап беруге, бас тартуға, ұстап беруді кейінге қалдыруға және рәсімді оңайлатуға негіз болатын ережелер де қамтылған.
«Бұл Шарттың негізгі мақсаты – іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін экстрадициялау мәселесін реттеу. Шартта ұстап берудің келесі негіздері көзделген. Біріншіден, екі елдің де заңына сәйкес әрекет қылмыс саналуы тиіс.
Екіншіден, қылмыстық жауапқа тартылатын адам кемінде 1 жылға бас бостандығынан айыруға жазалануы қажет. Үшіншіден, сот үкімін орындау үшін іздеудегі адамның өтелмеген жаза мерзімі кемінде 6 ай болуы керек», деді Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов.
Баяндамашының айтуынша, қазіргі уақытта Солтүстік Македония мен Қазақстанда жасырынып жүрген қылмыскерлер жоқ. Жалпы, Қазақстан бүгінге дейін 20 мемлекетпен ұстап беру туралы шарттар жасасқан.
«Болашақта Малайзия, Доминикан, Перу, Аргентинамен осындай шарттарға қол қою жоспарланып отыр. Өткен жылы басқа мемлекеттерге елімізде жасырынып жүрген 64 шетел азаматын ұстап бердік. Ал бізге басқа елдер 56 қылмыскерді қайтарды», деді Б.Асылов.
Отырыста «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды. Аталған шарт Қазақстан мен Солтүстік Македонияның құзыретті органдарының өзара іс-әрекетіне және сотталған адамдарды беру туралы келісім жасауға мүмкіндік береді.
Құжатта экстрадициялау, ақпарат алмасу, сотталған адамдарды жеткізу шарттары жазылған. Одан бөлек, сотталған адамдарды беру кезіндегі шығындарға байланысты нормалар да қарастырылған.
Аталған заң жобасы жөнінде де баяндама жасаған Б.Асыловтың сөзіне сүйенсек, Шарттың басты мақсаты – басқа елдерде сотталған азаматтарымызға жазасын елімізде өтеуге мүмкіндік жасау. «Шартқа сәйкес сотталған адамдарды беру үшін екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс. Екі елде де қылмыс болып саналатын әрекет үшін сотталған болуы қажет. Сұрау алынған кезде үкім заңды күшіне енуі және кемінде 6 ай өтейтін уақыты қалуы тиіс. Және сотталған адамның жазбаша келісімі керек. Сондай-ақ екі ел де адамды беруге келісуі қажет», деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 970 шетел азаматы бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Шетелдерде 922 Қазақстан азаматы жауапқа тартылған.
Сонымен қатар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмектің барлық ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерін реттеу және іске асыру үшін «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды. Оның кейбір нормалары банк шоттары мен қаржылық ақпараттарды анықтау, қылмыстық істер туралы құжаттарды, материалдарды немесе заттарды және ақпараттарды алмасу мәселелеріне арналған.
«Шарттың басты мақсаты – күдікті мен айыптының кінәсін дәлелдеуге арналған процес- суалдық әрекеттерді жүзеге асыруды реттеу. Ол екі елдің өкілетті органдарына келесі тергеу амалдарын жүргізуге құқық береді. Қамауда отырған адамдарды уақытша беру, тінту, заттарды тәркілеу, сараптама жүргізу, жауап алу, ақпарат алмасу және де басқа амалдарды қамтиды. Шартта көзделген барлық тергеу әрекеті біздің Қылмыстық-процестік кодексте бар», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Б.Асылов.
Үш заң бойынша пікір білдірген Сенат Төрағасы олардың ел азаматтарының құқықтарын қорғауда маңызы зор екенін айтты. «Бүгін қабылданған заңдар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Олар қылмыскерлерді жауапкершілікке тартудың әртүрлі кезеңдерін қамтиды және қылмыспен күресті күшейту үшін мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Соған сәйкес қылмыстарды тергеу процесінде жан-жақты көмек көрсету, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадициялау, сотталған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарастырылған. Бұл заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді М.Әшімбаев.
Ветеринария саласында маман тапшы
Сенат отырысында депутаттар өз сауалдарын да жолдады. Депутат Мұхтар Жұмағазиев Үкімет Басшысына жолдаған сауалында ветеринария саласындағы маман тапшылығын сөз етті.
Оның айтуынша, жұмыс процесінің төмен деңгейде ұйымдастырылуы, еңбек етуге қарапайым жағдайдың жасалмауы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, жалақының төмендігі ветеринар мамандардың қызмет етуге ынтасының азаюына әсер етеді. Депутат келтірген ақпаратқа сай ветеринарлық стансалардың басым көпшілігі мамандардың жеке үйінде және жалға алынған ғимараттарда орналасқан.
«Ветеринарлық қызметтің негізгі міндеті – тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету. Осы орайда ветеринар мамандардың жетіспеушілігі ең басты өзекті мәселе болып тұр. Жоғары және орта-арнаулы оқу орындары жас мамандарға деген сұранысты толық қанағаттандыра алмай келеді. Ал осы салаға жұмысқа келгендер еңбек және тұрмыс жағдайы болмауы салдарынан жұмыс орындарында аса көп аялдамайды.
Назар аударатын болсақ, елімізде ветеринария бағыты бойынша мамандар даярлайтын 10 жоғары оқу орнында соңғы үш жылда 3602 адам білім алған, оның ішінде үш бейінді жоғары оқу орнында 2018 жылы – 712, ал 2020 жылы 826 адам оқу бітірген», деді сенатор. Осы саладағы мамандардың орта жасы 50-55, кей өңірлерде тіпті 59 жасқа жетіп қалғанын ескере отырып, депутат Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының жергілікті деңгейдегі квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту тапсырмасына сәйкес ветеринарлар да қысқартылып жатқандығын сынға алды.
«Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша өңірлердегі 203 ветеринарлық стансаның 104-і ғана меншікті ғимаратында орналасқан, ал 99-ы жалға алынған.
Ауылдық округтердегі 2327 ветеринарлық пункттің 696-сы өз меншіктерінде болса, 1631-і жалға алынып, 91-і мамандардың жеке үйлерінде орналасқан, немесе 30 пайызға қамтылған. Сонымен бірге мамандардың арнайы автокөліктері мен құрал жабдықтарының пайдалану мерзімдері өтіп кеткен», деді М.Жұмағазиев.
Сенатордың айтуынша, бұл мамандықтың болашағы туралы ақпарат та көңіл қуантпайды. «Болашақ» бағдарламасымен осы салада 12 адам ғана шетелдерде оқыған. Олардың басым бөлігі мамандық бойынша жұмысқа орналаспаған. Елдегі жоғары оқу орындарына ветеринария бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы 2018 жылы 79 пайыз болса, 2020 жылы 50,3 пайызды құраған.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасында қойылған мақсаттарды іске асыру шаралары ешқандай сын көтермейді. Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында небәрі 1875 жас маман жұмысқа орналасқан», деді Мұхтар Жұмағазиев.
Сенатор өз сауалында агроөнеркәсіптік кешен үшін кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша құзыретті Білім және ғылым министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді ұсынды. Осы мамандық бойынша ауыл жастары үшін гранттар санын арттырып, ветеринарлардың жалақысын өсіру, олардың материалдық-техникалық жабдықтарын жетілдіру мәселелерінің өзектілігін де атап өтті.
«Ауыл жастарына ветеринар мамандықтары бойынша квота көлемін 50 пайызға дейін көбейту, оның ішінде жергілікті бюджеттен қосымша гранттар және ауыл шаруашылығы құрылымдары есебінен оқыту тетіктерін қарастыруды ұсынамыз.
Ветеринария мамандарының жалақысын қайта қарау және зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақы төлеуді және жас мамандарды әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруді сұраймыз.
Ветеринариялық стансалар мен ветеринарлық пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету қажет. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына қызығушылық туғызу, ынтасын арттыру мақсатында мектептердегі жоғары сынып оқушыларының арасында кәсіби бағдар жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген жөн.
Оқу процесін дуальды білім беру жүйесімен интеграциялау арқылы теориялық білімді өндірістік практикамен ұштастыру жолымен оқыту бағдарламаларының практикаға бағдарлану деңгейін көтеру, болашақ жас мамандардың бейінді ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірістік тәжірибеден өту кезеңіне жалақы төлеуді қарастыру керек.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «квазимемлекеттік сектор» қызметкерлерін 25 пайызға қысқарту шараларын ветеринария саласының жергілікті кәсіпорындарына қолданбауды және елді мекендердегі ветеринариялық стансалар мен пункттердің қызметкерлерін сақтап қалуды сұраймыз», деді сенатор.
Бұдан бөлек, Ғұмар Дүйсембаев депутаттық сауалында ашық аспан астындағы музей – көне Сарайшық қалашығына қатысты қордаланған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Нариман Төреғалиев Қызылорда облысындағы Талап және Сырдария сумен қамту жүйелерін тездетіп іске қосу қажет екеніне назар аударды. Алтынбек Нұхұлы ішкі туризмді дамытуға қатысты өз пікірін білдірді. Талғат Мұсабаев авиациялық қауіпсіздік мәселелерін қозғады. Ал Андрей Лукин агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде жаңа Ұлттық жоба әзірлеу қажеттігін депутаттық сауалына арқау етті.