Өскемен, Семей және Аягөз ауданы 23 сәуірден бастап «қызыл аймаққа» енді. Аталған елді мекен тұрғындарына шектеу шаралары түсіндіріліп жатыр.
Жалпы, пандемия басталғаннан бері Шығыс Қазақстанда коронавирус инфекциясының 24 мың жағдайы тіркелді. Облыс қазір «сары аймақта». Ал Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз ауданында эпидемиялық жағдай ушығып бара жатқандықтан шектеу күшейді. Тек соңғы аптада Семейде 240 науқас анықталып, қала вирустың таралуы жағынан көш бастады. Облыс орталығы Өскеменде 209 оқиға тіркелді. Тоғыз жолдың торабында жатқан Аягөз ауданында 67 адам коронавирус жұқтырған. Сөйтіп, инфекцияның таралуы бойынша жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бұл елді мекендер «қызыл аймаққа» жатқызылды. Бұдан былай үш өңірдің тұрғындары үшін талап күшейді. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қолданыстағы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда «қызыл аймақта» аурудың таралуын ауыздықтау үшін белгілі бір шектеу шаралары енгізілген. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Әлиннің айтуынша, өзгерістер сауда, қоғамдық тамақтану, мәдениет нысандарының жұмысына қатысты.
– 23 сәуірден бастап Өскемен, Семей және Аягөз ауданында демалыс күндері супермаркеттер, гипермаркеттер, сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынады. Жұмыс күндері сағат 21.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал азық-түлік және азық-түлік емес базарлар сенбі күні сағат 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал жексенбіде олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ғимараттардың ішіндегі базарлар демалыс күндері жабық болады. Қоғамдық тамақтану орындарындағы жұмыс тәртібі сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін өзгерді. Ал азық-түлік порттарына сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін уақыт шектеуімен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Қалған уақытта тек тамақ алып кету және жеткізуге рұқсат, – деді Ғ.Әлин.
«Қызыл аймаққа» арналған қаулы негізінде мәдени нысандарға, театр мен кинотеатрлардың қызметіне тыйым салынды. Демалыс күндері сауналар, жабық спорт нысандары, фитнес-орталықтар, жаттығу залдары жұмыс істемейді. Жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін сыныптардағы балалар саны 25-тен асырылмай аралас форматта оқыту жүйесі қайтарылады. Бітіру сыныптары аптасына алты күн аралас форматта оқытылады. Аралас формат, яғни сабақтардың 70 пайызы мектепте, 30 пайызы қашықтан оқытылады. Ал қалған оқушылар онлайн режімде оқуға қайта оралады. Осы тұста айта кетерлігі, оқу жылының басынан бастап мектеп жасындағы балалар арасында коронавирус ауруының 1 723 жағдайы тіркелді. 1 172 бала қашықтан оқытылды. Дәрігерлердің пікірінше, бала үйде отырғанымен ауруды ата-анадан, туысынан жұқтырған.
– Мектеп аумағы блоктарға бөлінген. Олардың арасында жүруге тыйым салынған. Әр сыныпқа өз кабинеті бекітілді. Жұқтырудың әрбір жаңа жағдайы бойынша жұқтыру себептерін, сондай-ақ байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстары мұқият жүргізіледі, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Санитарлық нормалар сақталғанымен, сәуір айында 131 оқушы індет жұқтырған. Басым бөлігі сабақты дәстүрлі түрде оқып жүрген еді. Қатаң шектеу шаралары Өскемен, Семей қалаларына және Аягөз ауданына ғана қатысты. Облыстың қалған аудандары мен қалаларындағы нысандар «сары аймақтың» қаулысы негізінде жұмыстарын жалғастыра береді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбековтің айтуынша, өңірде коронавирус ауруының 24 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Қазір облыста 3 544 инфекциялық, 319 реанимациялық орын бар. Бұл ретте, инфекциялық стационарларға 265 пациент емдеуге жатқызылған. КВИ науқастары үшін төсек қорының жұмыспен қамтылуының жалпы пайызы 6,9 пайызды құрады.
– Эпидемиялық жағдай нашарлаған жағдайда облыста екі іс-қимыл жоспары әзірленді. «Д» жоспары аясында облыс стационарларында қосымша инфекциялық және реанимациялық төсектер орналастырылады. Осы жоспар бойынша барлығы 6 010 инфекциялық және 670 реанимациялық орын болады. Ал «Ч» жоспары іске қосылған кезде қосымша мың инфекциялық төсектік орын ашу мүмкіндігі бар. Жұқпалы аурулар ауруханаларында коронавируспен күресуге медициналық қызметкерлердің толық құрамы тартылған жағдайда, жеке қорғаныс құралдары бір айға жеткілікті, – дейді Е.Омарбеков.
Облыстың медициналық ұйымдары коронавирусты емдеуге арналған қажетті жабдықтармен 100 пайызға жабдықталған. Мәселен, өңірде 67 рентген-аппараты, 368 ӨЖТ аппараты, мыңнан астам оттегі концентраторы, 18 компьютерлік томограф бар. 12 медициналық ұйымда орталықтандырылған оттегі магистралі беріліп, оттегі стансалары орнатылды. Сонымен қатар облыста 22 ПТР зертханасы бар, оның жалпы қуаттылығы тәулігіне 14 мыңға жуық зерттеу жасай алады. Өңірде коронавирус инфекциясын емдеу үшін дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Орын мүлдем бос болмай қалған күннің өзінде қор 2 айға жетеді.
– Бізде 380 мыңнан астам ыстық түсіретін препарат, 166,5 мыңға жуық вирусқа қарсы препарат, 533,5 мың антибиотик, 245 мың антикоагулянт бар. «СҚ-фармациядан» үнемі қосымша аламыз. Сондай-ақ тұрақтандыру қорында 2 млн-нан астам вирусқа қарсы препарат бар. Аталған көлем 115 мың пациентті емдеу курсына жеткілікті, – деп атап өтті Е.Омарбеков.
Індеттің алдын алу үшін халық жаппай екпе салғызып жатыр. Сәуірдің басында ғана екпе алған азаматтардың саны 14,5 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш күннен-күнге артып отыр. Облыс басшылығының айтуынша, сәуірдің соңына дейін екпенің 72 мың дозасы жеткізіледі. Қазанның басына дейін өңірдегі халық санының 53 пайызын егу жоспарланған. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар.
Шығыс Қазақстан облысы