Өткен аптада жаһандық жылынуға қатысты саммит өтіп, оған әлемнің бірқатар елінің басшылары қатысты.
Екі күнге созылған онлайн конференция «Жер күніне» орай ұйымдастырылды. Іс-шара АҚШ президенті Джо Байденнің мұрындық болуымен өтті. Ал Ақ үйдің бұрынғы басшысы Дональд Трамп кезінде АҚШ климаттың өзгеруіне жол бермеу мақсатында жасалған Париж келісімінен шыққан еді. Сарапшылар Джо Байденнің бастама көтеріп, 40 мемлекеттің басшысын жинап, саммит ұйымдастыруын Д.Трамптың әрекетін жуып-шаюға талпыну деп санайды.
Сонымен екі күнге созылған саммит барысында не айтылды? БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш өз сөзінде жаһандық жылынуға жол бермеу үшін атқаратын шаруа көп екеніне тоқталды. «Бүгінгі саммит климатты реттеуге бағытталған жұмыстың оңғарыла бастағанын көрсетеді. Бірақ алда әлі жұмыс көп. Келе жатқан климат дағдарысына жол бермес үшін шұғыл түрде бүгінгі айтылғандарды орындап, биылғы жылды адамдар мен планетамыз үшін тағдыршешті кезеңге айналдыруымыз қажет», деді ол.
АҚШ президенті Джо Байден 2030 жылға дейін парникті газдарды шығару көлемін азайтуды 50 пайыздан 52 пайызға дейін жеткізетінін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш Еуропалық одақ ұстанған деңгейге шамалас. Қарт құрлықтың беделді ұйымы 2030 жылға қарай көміртегі газын шығару көлемін 55 пайызға азайтуға келіскен-ді.
Әйтсе де, саммит барысында бақуатты мемлекеттердің басшыларына бірталай сын айтылды. Мәселен, дәулетті елдер климаттың өзгеруімен күресіп, кедей елдерге жәрдемдесу үшін жыл сайын 100 миллиард доллар қаражат бөліп отыруы тиіс-тұғын. Бірақ бұл уәде толық орындалған жоқ. Бутан, Габон, Бразилия секілді елдердің басшылары осы мәселеге көңіл аударды.
Антигуа мен Барбуда президенті Гастон Браун кедей елдердің қарызын жеңілдетуді сұрады. Оның айтуынша, климат дағдарысы мен коронавирус індетінен зардап шеккен мемлекеттер үшін қазіргі таңда қарыз қайтару бас ауыртар мәселеге айналып отыр.
Әлем алдында айыпты болған АҚШ жаһандық жылынумен күресуге көбірек қаражат бөлуге уәде берді. Джо Байденнің айтуынша, ресми Вашингтон бұл соманы екі есеге ұлғайтпақ. Бірақ Ақүй басшысы нақты цифр келтірген жоқ еді. Кейінірек АҚШ-тың «Жаһандық климат қорына» бөлетін қаржысы 2 миллиард долларға жететіні анықталды.
Қазіргі таңда электр энергиясын өндіруге қажетті зат – көмір. Бірақ ауаға парникті газдар шығару жөнінен осы отын түрінің зияны ерекше екені белгілі. Саммит барысында бұл мәселе де кеңінен талқыланды. Әсіресе көмірден мүлдем бас тарту – климат жылынуына жол бермеу үшін қажет.
Бүгінде Азия мен Еуропаның дамушы елдері, тіпті АҚШ та әлі күнге көмір жағып отыр. Жыл өткен сайын аталған мемлекеттер одан бас тартып, тұтыну көлемін азайтып келеді. Мәселен, 2007 жылы АҚШ-тың өндіріс көлемі 1 миллиард тоннаны құраса, 2018 жылы 700 миллион тоннаға дейін азайған.
Дегенмен, қазіргі таңда көмірді көп тұтынатын ел – Қытай. Ол жыл сайын 4,3 миллиард тонна «қара отын» жағады. Бұл әлемдік көмір тұтыну мөлшерінің шамамен жартысына жуығын құрайды. Оның үстіне, Қытайдың көмірге деген құмарлығы бәсеңдер емес.
Осыған қарамастан, саммит барысында Қытай тарапы 2025 жылға таман «қара отынды» тұтыну мөлшерін бақылауға алып, келешекте бірте-бірте азайтуға уәде берді. Айта кетерлігі, Бейжің билігі алғаш рет көмірге тәуелділікті төмендету туралы сөз қозғап отыр. Energy Foundation China компаниясының вице-президенті Дэвид Ванс Вагнердің айтуынша, осы мәлімдеме арқылы коммунистік партия маңызды әрі нақты саяси қадам жасады.
Көмірді экспорттаудан екінші орында тұрған Оңтүстік Корея көп ұзамай сыртқа сауданы азайтатынын, кейінірек мүлдем тоқтататынын жеткізді. Бірақ Жапония мен Қытай экспорт көлемін азайту туралы ләм-мим деген жоқ.
Сонымен қатар онлайн конференция барысында бірқатар мемлекет бұған дейінгі парникті газдар шығару көлемін азайту туралы жоспарына түзету енгізетінін жеткізді. Жапония көміртегі газдарын бөлу деңгейін 50 пайызға дейін азайтуға келісті. Бұған дейін ол 46 пайыздық межені уәде еткен еді.
Оңтүстік Африка 2025 жылға қарай елден бөлінетін парникті газдар көлемін бақылайтынын айтып, одан кейінгі мерзімде қадам-қадаммен төмендетуге келісті. Канада өз кезегінде 2030 жылға қарай парникті газдар көлемін 45 пайызға дейін азайтпақ.
Көміртегімен күресудің бір бағыты – оның бағасына да қатысты. Еуропалық одақ «қара отынның» бағасын арттыру арқылы парникті газдар шығарылуын азайтуды көздейді. Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Ляйеннің айтуынша, ЕО осыған басымдық беріп отыр.
«Көміртегі шығарылымының бағасын бақылау жасыл энергияға инвестиция салуда маңызға ие. Біз көміртегін бизнес жоспарымыздан сызып тастауымыз қажет», деді Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мичел.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның келтірген деректеріне сүйенсек, Канадада әр бөлінген көміртегі газы тоннасының құны шамамен 170 долларды құрайды. Бұл 2030 жылға қарай шығарылу көлемін азайтуға көмектеспек.
Франция президенті Эммануэль Макрон да мұндай бастаманы қолдап отыр. Ол көміртегінің бағасын қымбаттатпасақ, келешекте таза энергия жойылып кетуі мүмкін деген қаупін жеткізді.
Әйтсе де, саммит барысында елдің бәрі көміртегі газын азайтуға келісе кеткен жоқ. Мәселен, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди климаттың өзгеруімен күресу өмір сүру салтына да әсер ететініне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясынан кейінгі әлемді қайта қалпына келтіру кезінде тұрғындардың өмір салтын ұмытып кетпеу керек. Өйткені парникті газдар шығаруды бірден азайту олардың күнделікті тіршілігіне зиян тигізуі ықтимал.
Модидің алаңдауы орынды. Қазіргі таңда Үндістан әлемде Қытайдан кейін көмір тұтыну бойынша екінші орында тұр. Гандидің отандастары жыл сайын шамамен миллиард тоннаға жуық «қара отын» жағады. Оның үстіне, парникті газдар шығару бойынша әлемде үшінші орында тұр. Жыл сайын шамамен 3 гигатонна көмірқышқыл газ шығарады. Яғни жаһандық парникті газдарды шығарудың 7 пайызы – Үндістанға тиесілі.
Әрине ел билігі Париж келісіміне сәйкес 2030 жылға қарай парникті газдарды шығару көлемін 33-35 пайызға дейін азайтуға уәде берді. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ халықаралық стандартқа сай технология енгізіп, саны 1,4 миллиардқа жеткен халықты асырау оңайға соқпайтыны анық.
Осы орайда, мына мәселені ескере кеткен жөн. Мәселен, парниктік газды шығару көлемі қалай есептелуі тиіс? Немесе өз міндетін орындаған мемлекеттер келешекте қалай әрекет етуі керек?
Бұлай сұрақ қоюымыздың себебі мынада. Міндетін орындаған мемлекеттер ауаға көмірқышқыл газын бөлудің көбеюіне жанама әсер етіп отыр. Мысалы, Германия, Ұлыбритания және Франция секілді дамыған елдер парниктік газды шығару көлемін айтарлықтай азайтты. Осылайша, Тұманды Альбионнан тұман тарқап, Эйфель мұнарасын түтін баспай, немістер таза ауамен тыныстай бастаған. Алайда аталған елдер тұтынатын тауарлар әлемнің басқа бөлігіндегі көмірқышқыл газының артуына сеп болып отыр. Мәселен, Париж келісімінен кейін Батыс Еуропа елдерінің Қытайдан сатып алатын тауарлары күрт артқан. Бұл өз кезегінде Қытайдың парниктік газды көп шығаруына жол ашты. Сондықтан елдің географиялық шекарасынан ғана шығатын көмірқышқыл газын ғана емес, сол мемлекет тұтынатын бүкіл тауарды өндіруден шығатын парниктік газдың көлемін анықтау өте өзекті.