• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Сәуір, 2021

Сахнаның Серкесі

860 рет
көрсетілді

Адамның есімінің өзінде үлкен мән жатса керек.

Ең алғаш туған дала топырағында кәсіби қазақ театрының туын көтеріп, 1926 жылдың қаңтарында өнер әлемінде үлкен жаңалық жасаған сол кездегі жанкешті де жалынды жеті жастың қатарынан табылып, ұлттық сахна өнерінің көсегесін көгерткен сан қырлы актер Серке – Серәлі Қожамқұловтың маңдайына тұңғыш театрдың көшін бастау бақыты һәм жауапкершілігі қатар жүктеліпті. Сондықтан болса керек, Серке бастаған саңлақтар салған сахнадағы сара жол қай кезде де ұрпақтары үшін ұлағатты да тағылымға толы. Оның айқын дәлелі – өткен жұмада елорда төрінде Қарағанды облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған Қазақ музыкалық драма теат­ры Ұлттық музеймен бірлесе отырып Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» көрмесін өткізді.

Ұлық мейрам Тәуелсізді­гіміздің биылғы торқалы тойы­мен тұңғыш қазақ театрының 95 жылдық және сол кәсіби қазақ театрының негізін қалау­шылардың бірі, ҚазКСР Ха­лық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожам­құ­ловтың 125 жылдық мерей­тойының тұспа-тұс келуі жай ғана кездейсоқтық болмаса керек. Өйткені ел егемен­ді­гінің арқасында, әсіресе соңғы онжыл­дықта театрларымыз қана­тын кеңге жайып, өнердің жаңаша тынысы ашылғаны анық. Тұлға мерей­тойы қарсаңында өткен айту­лы көрме соның бір парасы болса керек.

– Ұлы актер Серке Қожамқұ­ловтың 125 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде той­ланатын атаулы күн екені баршаңызға мәлім. Серке аға­мыз­дың соңында қалған мұ­расы – ұлттық өнеріміз үшін тағы­лымы мол рухани қазына. Сол мұраны өскелең ұрпаққа табыс­тап, жастарды өнерге бау­лу қажет деп ойлаймын. Сах­­на саңлағының өмірі мен шы­­ғар­машылығына арналған бүгінгі мазмұнды көрме соның баста­масы, Қарағанды облы­сы Мәдениет, архив және құжат­тама басқармасы мен С.Қожам­құлов атындағы Жезқазған Қа­зақ музыкалық драма театры ұжымы­ның өнерсүйер қауымға ұсын­ған тамаша тартуы, – деп тұл­ғатануға арнал­ған тағылымды шараның ресми бөлімін ашып берген Мәдениет және спорт министр­лігінің Мәдениет және өнер істері депар­таментінің директоры Күміс Сейі­това­ның жү­рек­жарды лебізін одан әрі асыл­­дың сынығы, сахна саң­ла­­ғының қызы Мариям Серәлі­қызы: «Әкем 65 жыл сахнада өнер көрсетті. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында 200-ден аса рөлде ойнап, 25 фильмге түскен. Ғабит Мүсіреповтің «Серке Қожамқұлов – ел жұртқа ұстаз, періштедей таза, әділ адам» деген сөзі бар. Әкеміз біз үшін бәйтерек еді. Ол жастардың құлағында жүрсін деп 3 нәрсені айрықша айтып кетті, олар: өнер, тіл өнері, еңбек. Бүгінгі үлкен шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғыс айтамын», деп ұлы­дан қалған ұрпақ асқар тауы жай­лы естелігін ризашылық се­зім­мен одан әрі жалғады.

Өнер майталмандары, театр әртіс­тері мен мәдениет сала­­сы­­ның өкілдері қатысқан көрме­нің ресми ашылуы одан әрі тұл­ға мұрасы топтастырылған көр­ме залында жалғасын тапты. Тақы­рып­тық һәм хронологияық тұр­ғыдан жүйелі топтастырылған маз­мұнды көрмеден театр жан­күйерлері актер­­дің көзі тірісінде пайдалан­ған жеке заттары мен ойнаған спек­такль­дерінде киген кос­тюм­дерін, сондай-ақ театр сах­насы мен экранда сомдаған рөл­дерінен тізбек­телген фотосу­реттер галерея­сын тамашалап, көзайым болды.

Аңыз актер Серке Қожам­құ­­лов­­тың шығармашылығы, өнер­­дегі өрелі жолы жайлы сөз болғанда сыншылар мен әріп­тестері сахна саңлағының «кіш­кен­тай адамдардың» образын жасаудағы шебер­лігін, кейіп­керлер мінезінің комедия­лық күйі мен оның ішкі трагедиясын жет­­кізудегі ұтқыр шешімдері мен тапқырлығына ай­рық­ша тоқталады.

– Өткен ғасырдың 70-жыл­дары театрға келген біздің буын­ның үл­кен бақыты – Серағаңмен бір­ге қыз­мет істеп, ол кісінің ак­­­тер­­­­лік, адамгершілік қасиетін қа­тар көріп, ағалық мейіріміне бө­лен­ген­дігіміз дер едім. Өйткені 1926 жылы театр уығын қадасқан көптеген актердің көзін көре алмадық. Көрсек те сахнада бірге ойнап, әріптес бола алмадық. Бірақ есесіне, Серағаңмен бір сах­нада өнер көрсету бақытына ие болдық. Менің ең алғашқы серік­тесім Серке аға болғанын өнер­дегі үл­кен бақытым деп білемін. Ол кісі­нің актерлік қасиетін, қа­білет-шебер­лігін бір сөзбен жет­кізу мүмкін емес. Серағаңның ак­терлік қасиеті, менің ойымша, ақыл мен парасат, шындық пен қиялдың, трагизм мен комизмнің жоғарғы мәдени синтезінде болатын. Соны­сымен де сахнада өзгелерден ай­рықша дараланып көрінетін, – деп Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов әріптес ағасы туралы ағынынан жарылып өз естелігімен бөлісті.

Рас, Серке Қожамқұлов жайлы сөз болғанда өнер иесінің сах­­налық шеберлігінен бөлек, актер­дің театрға деген тазалығы мен адамгершілігі туралы да жиі айты­лады. Өйткені киелі сах­наға жан-тәнімен берілген ак­тердің бір рөлінің өзін жарты ғасыр бойы үздіксіз һәм үзіліссіз ойнап, шашауын шығармай, «ескіртпей», кейіпкерін замана талабына сай түрлі буын актерлерге құбылта отырып жеткізуін шеберліктің шыңы демей көріңіз. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Еспембет бей­несі сондай рөлдердің қата­рын­да. Ең алғаш қазақ театры ту көтер­ген 1926 жылдан бастап жарты ғасыр бойы Серке Қожамқұлов сомдауында елу жыл ескірмеген Еспембет рөлі актердің өнердегі бойтұмары десе де болғандай. Одан бөлек, қазақ сахнасына 1939 жылы Яго бейнесін алғаш алып шыққан актердің Серке Қожамқұлов екендігін де баса айту – парызымыз.

Ұлттық сахнамызда не­бір күр­делі бейнелерді кеме­лі­не кел­тіре кейіптеген өнер иесі­нің қазақ театр тарихы мен кине­мато­графиясының шежіресінен алар орны айрықша. Актердің сах­нада сомдаған «Реви­зор­­дағы» – Зем­ляника, «Түнгі са­рын­­дағы» – Қыдыш пен Тәнеке, «Тас­түлектегі» – Арпабай, «Алма бағын­дағы» – Дәукен, «Қозы Көр­пеш – Баян сұлудағы» – Қара­бай, «Абайдағы» – Жиренше, «Вьетанам жұлдызындағы» – Уань бейнелері өз алдына бір төбе болса, актер экранда өмір сыйлаған «Дала әндеріндегі» – батырақ, «Жұттағы» – қойшы, «Амангелдідегі» – Бекет, «Рай­хан­дағы» – Кеке, «Абай әндерін­дегі» – Баймағамбет, «Алтын кер­нейдегі» – Әділбек, «Баку жалын­дарындағы» – Қадыр Қы­рым­құл, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу­дағы» – Қарабай, «Алғашқы эше­лондағы» – Садықов, «Біздің сүйікті дәрігердегі» – Серке, «Ана туралы аңыздағы» – жылқышы, «Алдар көседегі» – Итбай сынды кейіпкерлер галереясы ұлттық кинематография қоржынына қосыл­ған қомақты олжа.

Актер шеберлігі турасын­да тағы да өнер иесінің кө­зін көр­ген әріптестерінің есте­лігі­не жү­гінетін болсақ, Сер­ке Қожам­құловтың сахна мен экрандағы ешкімге ұқсамас қолтаңбасы қа­шанда менмұндалап тұратын. Әрбір рөлдің болмыс-бітіміне сай өзіндік мінезі мен дауыс ыр­ғағын, сахналық қимыл-әре­кеті мен сөз мәнерін дәл тауып, құлпырта ойнататын ак­тер болған деседі. Әсіресе, Қожам­құловтың актерлік шеберлігі коме­диялық рөлдерде айқын кө­рінді. Ондай таңдалуы рөл­дер қатарында Талтаңбай (Май­линнің «Талтаңбайдың тәрті­бінде»), Яичница (Гогольдің «Үй­ленуінде»), Тымақбай, Қара­бай, Қоңқай (Мүсіреповтің «Аман­гелдісінде», «Қозы Көр­пеш – Баян Сұлу» мен «Ақан сері – Ақ­тоқ­тысында»), Шахтер Тай­ман (Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында»), Еспембет, Көбікті хан (Әуезовтің «Еңлік – Кебегі» мен «Қа­ра қыпшақ Қобы­ландысында») және тағы басқа кесек бейнелер бар.

Актердің бір ерекшелігі – ол әр рөлінде барлық талант қабі­леті мен өнер құдіретін сарқа жұм­сады. Міне, сондықтан да комедиялық сипаттағы бейнені жасаса көрерменін риясыз күл­­кіге бөледі, ал драмалық қа­һар­маны шынайылығы һәм те­реңдігімен есте қалады. Бір-бі­ріне кереғар образдардың қай-қай­сысын да сенімді бейнелеу хас шеберліктің белгісі екені сөз­сіз. Серке Қожамқұловтың бойы­нан табылған талант пен еңбек­қорлықтың ұшқы­ны оны қазақ өнерінің көшбасшыларының қатарына шығарып, айнымас абырой биігіне көтерді. Соның нәтижесінде сахнаның серкесі атанды. Ең бастысы, өзі бүкіл саналы өмірін арнаған туған хал­қының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленді. Ел жүрегінен өшпес орнын алды. Мәңгілік ғұмырына жол салды. Актер шығармашылығын дәріптеуге, өлмес өнерін өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан айтулы көрме соның айғағы. Серке салған сара жол өшпейді.