Білім саласындағы жемқорлықпен күрес – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадамның бірі. Білім ұйымдарында адами құндылықтар, өмірлік ұстанымдар қалыптасатынын ескерсек, жас ұрпақ балабақшадан бастап қоғамға жат әдеттерден аулақ болғаны абзал.
Халықтың көп бөлігін қамтитын бұл салада cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және алдын алу мақсатында 2018 жылғы 18 сәуірден бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Sanaly urpaq республикалық жобасы Алматы қаласында жұмысын бастаған.
Республикалық Sanaly urpaq жобалық офисінің жетекшісі Қайыржан Токушевтың айтуынша, жобаның мақсаты – білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру. Еліміздің білім беру саласында құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, академиялық адалдықты, оқу орындарының ашықтығы бойынша жүйелі және ауқымды жұмыс жүргізуге бағытталған. Жоба тәжірибелерін сынақтан өткізіп, республиканың басқа аймақтарына таратуға Алматы қаласының таңдап алынғаны да жайдан-жай емес. Бүгінде Алматы қаласында 39 жоғары оқу орны бар, оның 8-і – ұлттық университет, 88-і – колледж. Ал 266 мектептің 205-і – мемлекеттің меншігіндегі мектептер болса, 893 балабақшаның 185-і – мемлекеттік балабақша.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, агенттіктің аумақтық департаменттері және еліміздегі білім беру саласындағы басқармалар мен білім ордалары жобаның сенімді серіктері болып келеді. «Бүгінгі таңда Sanaly urpaq жобасы аясында ел бойынша парасаттылық және адалдық қағидаттарын қалыптастыру алаңында 717209 оқушыны қамтитын 4602 Adal urpaq және 473600 студентті біріктіретін 746 Sanaly urpaq клубтары жұмыс істейді.
Білім ордаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тақырыптағы эсселер, суреттер, бейнероликтер, өлеңдер конкурстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді және жыл сайын сауалдамалар, ай сайын «Адалдық сағаттары» өткізілуде. Мысалы, Тұңғыш Президент күні қарсаңында 2019, 2020 жылдары «Мен жастарға сенемін!» форумы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми инновациялық жобалар байқауы екі мәрте өткен. Байқауды биыл да өткізу жоспарланып отыр.
Республикалық Sanaly urpaq жобалық офисі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ғылыми-зерттеу институты сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу әдістемелік құралын және білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді ішкі талдауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеген. Бұл құралдарды білім беру мекемелері пайдаланып келеді. Сонымен қатар балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында кездесуі мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, карта әзірленіп, білім саласына ұсыныстар таратылды және шешу жолдары көрсетілді. Қазіргі кезде білім беру мекемелері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шараларды жүргізуге белсенді атсалысып келеді. Осы мақсатта жобалық офис ұсынған кешенді жоспарды қабылдап, орындау үстінде», дейді Қ.Токушев.
Бүгінде жоба жұмысына БҰҰ қызығушылық танытып отыр. Осы орайда Sanaly urpaq жобасының мамандары Жапонияда өткен БҰҰ-ның 14-конгресіне арнайы шақырылған. БҰҰ-ның Әлемді тұрақты дамыту бағдарламасының 4,11,16-мақсаттарына сәйкес келетін жобаның жұмысымен шет мемлекеттер өкілдері танысып, сұрақтарына жауап алған. Өткен үш жылда жоба аясында атқарылған жұмыстар білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүйелі, мақсатты жүргізуге серпін беріп келеді.