МАДРИД. Дипломатия – АҚШ пен Иран арасындағы шиеленісті шешудің ақылға қонымды әдісі. Бірақ сыртқы саясат эмоция мен жасанды қулықтың ұңғыл-шұңғылына сүйенгендіктен, мемлекетті ақылды әрі мұқият басқару екінші орынға ысырылады.
АҚШ 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдардан кейін осындай жағдайды бастан өткерді. Кейінірек Дональд Трамп президенттікке сайланған соң тағы да кезікті. Мұның ең жарқын мысалы – Трамптың АҚШ-ты 2015 жылғы Иран ядролық келісімінен шығару туралы біржақты шешімі.
Ресми түрде «Бірлескен іс-қимыл жоспары» (JCPOA) деп аталатын бұл келісімге бірнеше жылға созылған күрделі келіссөздерден кейін ғана қол қойылған еді. Бірақ Трамп Иранға қарсы кеудемсоқ және қысқа мерзімді «барынша қысым» стратегиясы ретінде одан бас тартты. Президенттік орынтаққа енді Джо Байден жайғасқан соң, осы айда Венада басталған келіссөздер әлемдік державалардың келісімді сақтап қалуына дипломатиялық мүмкіндік береді.
Келіссөздер сәтті аяқталады деп үміттенеміз. Өйткені Трамптың «барынша қысым» жоспары жүзеге аспайтынына куә болдық. Иран билігі 2018 жылы АҚШ «Бірлескен іс-қимыл жоспарынан» шыққаннан кейін келісімнің кей тармақтарын бұза бастады. Содан бері Иран уранды байытуды біртіндеп арттырып, байытылған уран қорын 14 есе көбейтті. Сондай-ақ халықаралық бақылаушылардың ядролық нысандарын тексеруіне кедергі келтірді. АҚШ-тың есептеуі бойынша, кейінгі уақытта Иранның ядролық қарқыны артып, бір жылда орындайтын жұмысты 3-4 айда атқарып тастап отыр.
Трамптың дұрыс жоспарланбаған стратегиясы ядролық қарудың таралу қаупін арттырып қана қоймай, сонымен бірге, Иранның өңірдегі әскери әрекеттерін тежей алған жоқ. Парсы шығанағында, әсіресе Иракта АҚШ-Иран шиеленісі күшейіп, Иран мен Израиль арасындағы жиі-жиі болатын қақтығыстар жаңа сипат алды.
АҚШ-ты алаңдататын тағы бір мәселе – Иран билігі Қытаймен арадағы қарым-қатынасты нығайту арқылы халықаралық қоғамдастықтан оқшаулануын бәсеңдетті. Соның ішінде таяуда ғана қол қойылған 25 жылдық екіжақты келісім бар. Сол арқылы Бейжің билігі аталған елге көп мөлшерде инвестиция құяды, есесіне Иран мұнайы мен газын Қытайға арзан бағамен әрі тұрақты жеткізіп отырмақ. Қауіпсіздік пен кеңейтілген барлау жөніндегі ынтымақтастық та келісімнің бір бөлігі.
Трамп жоспарлағандай, АҚШ санкциялары Иран экономикасын тоқыратып тастады. Иран тіпті COVID-19 вакциналары мен медициналық құралдарды импорттауда да айтарлықтай қиындықтарға тап болды. Осыған қарамастан, Иран билігінің негізгі элементтері Трамппен текетірестен зиян шеккен жоқ, керісінше күшейе түсті.
Осындайда Ислам революциясы күзет корпусын атап айтқан жөн. Былтыр осы корпустың сыртқы және жасырын операциялар жөніндегі жетекшісі, генерал Кассем Сулеймани АҚШ-тың дронмен жасаған шабуылында қаза тапты. Сол оқиғадан кейін аталған корпус жеке фирмалардың банкроттығын пайдаланып, экономикаға бақылауды күшейтті. Иранның кедейлік деңгейі күрт өсіп, коронавирус індеті тарала бастаған кезде Күзет корпусы негізгі қызметтерді ұсынушы ретіндегі беделін күшейтіп, президент Хасан Руханидің салыстырмалы түрде қалыпты саналатын билігін одан әрі құлдыратты.
Маусым айында өтетін президент сайлауы қарсаңында Иранның радикалды топтары күшейіп келе жатқандықтан, ядролық келісімді қолдаушылар үшін келісімге тез арада қол қою қажет. Руханидің (оның екінші және соңғы мерзімі аяқталады) үкіметі де, АҚШ-тың жаңа әкімшілігі де мұны жақсы біледі. Сондықтан келіссөздерді тезірек орындауға әзір.
Осыған байланысты Байденнің Трамп ұстанған Таяу Шығысқа қатысты саясаттан бас тартып, оны қайта реттеуге күш салуы өте орынды болғанын айтқан жөн. Байден АҚШ-тың Сауд Арабиясымен қарым-қатынасына тепе-теңдік орнатып, арабиялық журналист Джамал Хашоггиді өлтіруге қатысы бар 76 адамға және мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салманды қорғауға тағайындалған элиталық бөлімге санкция салды. Сол секілді Байден АҚШ-ты Йемендегі Сауд Арабиясы бастаған әскери шабуылға араластырған жоқ. Трамптың Хоути көтерілісшілерін террористік топ ретінде тану шешімінің күшін жойып, қазіргі таңда әлемдегі ең қиын гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған елге азық-түлік және басқа да маңызды көмек жеткізуді жеңілдетуге күш салып отыр.
Сонымен қатар АҚШ палестиналықтарға берілетін экономикалық көмекті қалпына келтірді. Трамптың кезінде бұл іс жүзінде толықтай тоқтатылған еді. Бұл әрекеттер Байденнің өңірге қатысты жетілген және жаңашыл көзқарас ұстанатынын байқатып, одақтастарына карт-бланш бермей-ақ, қарсыластарын бұрышқа тақамай-ақ, мәселенің кілті табылатынын дәлелдейді.
Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы дипломатиялық жылымықтың алғашқы белгілері аңғарылған соң, бұл тәсілді жүзеге асыру ептілікті қажет етеді. Таяу Шығыстағы ядролық қаруды тарату сияқты ең өзекті және күрделі мәселені ойдағыдай шешудің бұдан басқа жақсы бастамасы жоқ.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі, Германия, Иран және Еуропалық Одақ қатысатын Венада өтіп жатқан ядролық келіссөздер – үлкен державалардың көпжақты ынтымақтастығы өміршең болып қала беретінін көрсетуге тамаша мүмкіндік. Еуропалық тараптың АҚШ пен Иран делегациялары арасындағы жанама келіссөздерді жеңілдетуі нәтижесінде өзекті процесс тиімді басталды. Енді негізгі кедергі АҚШ-тың алып тастауы керек санкциялардың сипатына қатысты. Сондай-ақ «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» Иранның қаншалықты сай әрекет етуін де анықтау маңызды. АҚШ та, Иран да қарсы тараптың алғашқы қадамды жасауын талап етеді.
Таяуда келіссөздер кезінде Ирандағы ең ірі Натанздағы уранды байыту зауытына жасалған шабуыл отқа май құйды. Көпшілік оған Израильді кінәлап отыр. Бұған қарсы қадам ретінде Иран уранды 60 пайыз тазартып, байыта бастайтынын мәлімдеді. Бұл осы уақытқа дейін ұстанған 20 пайыздық деңгейден үш есе жоғары (мұның өзі «Бірлескен іс-қимыл жоспарында» көрсетілген міндеттен 3,7 пайыз асып тұр). Иран ядролық бомба жасауға қажетті 90 пайыздық байыту деңгейіне жақындай түсті. Сондықтан Венада маневр жасайтын мүмкіндік тарылып барады.
Халықаралық қатынастарда идеал – жақсылықтың жауы, ал иллюзия – пайдалы өлшем емес. «Бірлескен іс-қимыл жоспары» панацея болуға арналмаған, бірақ ядролық қарудың таралуына жол бермей, өңірдегі Иранның әрекетіне қарсы тұру үшін қажет екені сөзсіз. Натанздағы шабуыл секілді диверсиялық әрекеттер дипломатиялық күш-жігерге қолайлы әрі тұрақты балама емес.
«Бірлескен іс-қимыл жоспарына» дейінгі кезеңді еске түсіріп, оны бұзғысы келгендер әрекетінің салдары туралы ойланған жөн. Кейінгі кезде шиеленістің артуы бекер емес. Оны тоқтату үшін мін-детті түрде қарқынды дипломатия қажет.
Хавьер СОЛАНА,
ЕО-ның бұрынғы сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі, НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы және Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, EsadeGeo жаһандық экономика және геосаясат орталығының президенті және Брукингс институтының құрметті профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org