Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында: «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ», деп жазған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беру қажеттігі жөнінде айтты.
Осы бағытқа сай Отырардағы «Кремль» күйдірілген кірпішінен өрілген Бердібек сарайын аяғына дейін қазып зерттеп, көпшілікке көрсету игілікті іс болар еді. Өйткені байырғы мемлекеттілігіміздің, өркениетіміздің басты белгілері – билеушілер сарайлары елімізде аз сақталған. Осы тұрғыдан Отырардағы Бердібек сарайы аса маңызды нысан болып табылады. Бұл ретте Шараф ад-дин Әли Йаздидің 1425 жылы жазылған «Зафар-наме» кітабында аталған сарайдың сәні мен салтанатына тамсана сипаттама берілгендігін айта кеткен абзал.
Былтыр біздің осы жөніндегі депутаттық сауалымызға Мәдениет және спорт министрлігінен «Бердібек сарайының орнын анықтау жөнінде ғылыми жоба әзірленуде, сосын қазу, ғылыми-реставрациялау, қалпына келтіру және туризмді дамытуға қатысты жұмыстар 2020 жылға арналған жұмыс жоспары шеңберінде жалғасатын болады. Ол іс-шараның бәрі министрліктің бақылауында тұр» деген мазмұндағы жауап алған едік.
Өкінішке қарай, министрлік айтқан ғылыми жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көңіл көншітпейді. Жаңа құрылымдардың тек сметалық құндылығы болмаса, жете ойластырылмаған, бекер іс болған сияқты. Себебі олар кейін төменгі мәдени қабаттарды зерттеуге кедергі болатыны анық. Ата-баба тарихын бағалай білетін келешек ұрпақ мұндай «ғылыми жобамен жасалған шедеврлерді» сөгіп жатса, бәрімізге ұят болатыны қынжылтады. Үйінділердің астында баға жетпес жәдігерлер, ұлы шығыс кітапханасы, қан төгіп, жан қиған Отырар каласын қорғаушылардың сүйектері жатыр. Бұлай деуімізге негіз бар: өткен жылы жерасты лабиринт жолдары және төрт адамның арнайы бөлмеге қойылған сүйек қаңқалары кездейсоқ табылған. Мұның өзі шын мәнінде керемет жаңалық еді. Әлемге жария етіп, осы салаға қызушылық танытатын ғалымдар мен туристердің құлағын елең еткізуі керек еді. Әттең... Осы жаңалықты үн-түнсіз жауып қоюдың өзі министрліктегі жауапты азаматтардың археологиялық туризмнен хабары шамалы екендігін аңғартқандай.
Отырардағы Бердібек сарайы жан-жақты зерттелсе, еліміздің туристік әлеуеті арта түсері анық.
Көне жазбаларда әлемге әйгілі тарихи тұлға – Әмір Темір соңғы күндерін осы Бердібек сарайында өткізді деген мәлімет бар. Мұндай жер шетелдік туристерді қызықтыратыны анық.
Бердібек сарайы орналасқан маңды қазу арқылы табылған көне құрылыстарды туристік бағытқа енгізу туризмді дамытуға қосымша ықпал етеді. Біз келешек ұрпақ қана емес, барша түбі бір, тарихы ортақ түркітілдес халықтар алдында аса құнды тарихи жәдігерлерді сақтап қалуға міндеттіміз. Сондықтан да Бердібек сарайы орнындағы қазба жұмыстарын жалғастыруды қамтамасыз ету қажет. Ал осы күндері жүргізіліп жатқан реставрация жұмыстары төменгі қабаттардағы археологиялық зерттеуге кедергі келтірмеуін мұқият ескерген жөн.
Бұған қоса, жас мамандарды даярлау мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің тәжірибесіне сүйене отырып, ғылыми зерттеу қазба жұмыстарына аталған білім ордасының мамандары да тартылса, тіпті ұтымды болар еді.
Құдайберген ЕРЖАН,
Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі