• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 29 Сәуір, 2021

Қазақ ғылымының ардагері

184 рет
көрсетілді

Қазақ білімі мен ғылымының әз ұясына айнала білген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұған дейін 12 ректор қызмет атқарған екен. Әрқайсысы атағы Алашқа белгілі тұлғалар. Әйгілі оқу ордасының беделі мен белесін биікке көтерген қайраткерлер. Солардың арасында 2001-2008 жылдары еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орнын басқарған Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов ағамыздың да абыройлы атағы көпке мәлім, жастарға үлгі.

Әрине, аса жауапты да ма­ңызды саналатын осынау қыз­метке дейін Төкең ғылыми-пе­дагогикалық, қоғамдық және әкімшілік-ұйымдастырушылық жұ­мыс­тардың сан алуан бас­палдақ­тарынан өтті. Мәселен, ол Қазақстандағы жоғары оқу орын­­дары жанындағы ең ал­ғашқы ғылыми-зерттеу инс­ти­туты болған Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ жа­нындағы Экс­перименталдық және теориялық физика ғылыми-зерт­теу институтын құрушы жә­не тұңғыш директоры. Әлем­нің қозғаушы күші саналатын фи­зиканың жаңа заманға сай қар­қынды үдерісін үлгілі деңгейге көтерген академиктің еңбегін оның ізбасарлары жаң­ғырта жалғастыруда.

Академик-ғалымның осынау өзіндік төлтумасы оның күл­лі шығармашылық және ғылы­ми қызметінің басты шам­шы­рағына айналып, қаншама игі бас­­тамалар мен жаңа ғылыми жобалардың ашылуына түрткі болғанын қазақстандық және шетелдік зиялы қауым өкілдері жақсы біледі. Осылайша, халықаралық және республикалық беделді ғылыми басылымдарда физи­каның квант­тық хромодинамика, ядро және бөл­шектер теориясы, бұдан бас­­қа бірнеше саласы бойын­ша 300-ге жуық ғылыми еңбек жариялаған академик дүниежүзі мойындаған аса танымал ғылыми мектеп құрды. Бүгінде көрнекті ғалым ағамыздың шәкірттері АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Аус­­­трия, Франция, Израиль, Ита­­лия, Жапония сын­ды шетел­дер­­дің білікті ғылыми орта­лық­тарында жемісті еңбек етіп жүр. Бұл университеттің ғана емес, Қазақстанның да ортақ мақ­танышы десек қателеспейміз. Ұлт­тың ұлағатын көрсеткен мұн­дай елеулі еңбектер еліміз үшін де бірегей табыс екені даусыз.

Ғалым ҚазҰУ-дың Физика фа­культе­тінің декандығына та­ғайындалған тұста өзі директоры болып табылатын инс­титут пен факультет құрылымдарын сәй­кестендіріп, өтпелі кезеңдегі білім беру қиындықтарын білік­тілікпен шешуге шешімді үлес қосты. Ғылым, білім сала­сындағы осындай жарқын жетіс­тіктерімен көзге түсе бастаған ға­лым азамат 1998 жылы Талдықорған қала­сындағы жоғары оқу орнының ректоры болып тағайындалды. Жетісу жеріндегі жемісті жұ­мыс­тар оны жаңа биіктерге алып келді.

«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дейді халқымыз. Өзі жақсы болып, оған ғалымдық, іскерлік қабілеттері мен өмірлік тә­жірибесі қосылса, бір кісі­­лік орын­ның мың кісілік қасиетке тати­т­ынын да жоққа шығаруға болмас. Төкең Талдықорғандағы рек­торлық қыз­метінде де іскер­лік қарым-қабілетінің мық­ты­лығын барынша жарқыратып көр­сете білді. Бұл оқу орны бі­лім мен ғы­лым са­ласы бойын­ша тың бастамаларымен көрініп, еліміз бойынша іргелі білім орда­сына айналды.

Төлеген Әбдісағиұлы ректор болған жылдары Жетісудағы оқу орны барлық жағынан дамып, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мәрте­бе­сіне ие болды. Іскер ғалым өзі­не тән та­­бандылығымен универ­си­тет ұжы­мының ынтымақ, бір­лігін нығайтты. Ма­т­ериалдық жағ­дайын жақсартты. Ұстаз­дар­дан өз қызметтік міндеттерін са­палы орындауды қатаң талап ету­мен бірге, ұжымда оңтайлы шы­­ғармашылық орта орнауына барынша ықпал жасады.

Қысқа ғана уақыт ішінде оқу корпустарын кеңейтіп, кітапхана мен жатақхана ғимараттарын қалпына келтірді. Универ­си­тет­тің бұған дейінгі қарапайым спортзалы күрес, волейбол, баскетбол, гимнастика және секциялар бойынша арнайы жаттығу орындары бар спорт кешеніне айналды. Айдынды Балқаш көлінің жағасында спорт-сауықтыру ла­гері салынып, университеттің бұл тұрғыдағы материалдық-тех­­никалық базасы едәуір түрде жоғарылады. Бұған, әрине Тө­кең­нің жастайынан спортты, өнерді жанына серік еткен ай­рықша қабілеті әсер етпей қалған жоқ.

Сол тұстағы Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Премьер-Министрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2001 жыл­дың ақ­пан айын­да Талдықорған қаласына жасаған сапары барысында І.Жан­сүгіров атындағы Жетісу мем­лекеттік университетіне ар­­найы ат басын бұрып, оның қыз­метін жоғары бағалады. Ке­шегі Премьер-Министр, бү­гінгі Президент сол кезде-ақ көр­­­некті ғалымның іскерлік-ұйым­­дастырушылық қабілетін шы­­найы көңіл көзімен тап басып, көре білген екен. Осыдан кейін көп ұзамай Төкеңнің Қазақ ұлттық университетіндегі же­місті де жеңісті басшылық қыз­меті басталған болатын.

Қаламгер Орысбай Әбділ­даұлы «Өзе­гі өлең Төлеген» деген сырлы тол­ға­уында былай деп жазғаны бар: «...Тө­леген Әб­дісағиұлы Қожамқұловтың сан­ қырлылығы ар­қасында бұ­рындары құла­зың­қы­рап, қи­налыңқырап жүр­ген уни­вер­ситеттің ұстаздар ұжымы көңілді қалыпқа түсіп, жан дүниесі сазды сырға толы жан-жақты дарынды адаммен қуа­­нышты үндері ұласып, бәрі бірге кө­ңілді хорға қосылып тұр­ғандай әдемі, әуезді шал­қыған шақ салтанат құрған-ды. Баян­ды құлаштай созып, қақ орталарында ректордың көшбасшы болып жүрісін олар қалай ұмытсын. Оны әлі талай сағынар, еске алар, сосын жер­ұйық Жетісудың дәл осындай пер­зенттері мол болғай деп сырттай лайым батагөй болып тілеуін тілеп тұрар. Облыс орталығы қай­­та оралған кіндік қалалардың бірі – Талдықорғанда да ғылым қайраткерінің ізі бар...».

Білім мен ғылымның, өмір мен өнер­дің тоғысқан тұсында жарқын жаңалық, жақсы іс­тер өркендейтінін көрсеткен Тө­кең ұжымдық бірлік пен ын­ты­­мақты қатар тоғыстырып, білім ордасының өмір ордасы екенін көрсетті. «Жақсыдан ша­­рапат» дейміз бе, Премьер-Ми­­нистрдің осы бағасынан кейін, жоғарыда айт­қаны­мыз­дай, Төкең Алатаудың бау­райындағы «Альма-Матеріне», сү­йікті ҚазҰУ-ына қайта оралды. Қиындығы мен қызығы мол ректорлық қызметтің тағы бір белесі ғалым азаматтың жаңа құл­шыныстары мен іскерлік қарым-қабілетін асыға күтіп тұрғандай еді. Туған ұясына тұйғындай болып қайта оралған Төкең қара ша­ңырақтың қасиеті мен үлгілі үрдістерін барынша кеңейтіп, оны заман талап еткен деңгейдегі білім ордасына, ғылыми ізде­ністердің, жаңалықтар мен жақ­сылықтардың ортасына, аға буын мен жас тол­қынның сабақтасқан қара ша­ңырағына айналдырды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің ректоры болған 2001-2008 жылдары Т.Қожамқұлов универ­ситетті шын мәнінде халықаралық дең­гейге шығарды. Үздіксіз із­деніс пен ты­нымсыз еңбектің нәтижесінде білікті мамандар даяр­лау мен ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын ұйым­дастырудың түбегейлі жаңа, тың тәсілдері енгізілді. ҚазҰУ дәс­түрлі құры­лым­дарымен қатар, ғы­лыми-зерт­теу институттары мен ғылы­ми орталықтар, технопарктің желісі құ­­рылған елдегі алғашқы жоғары оқу орнына айналды. Маман әзірлеудің бака­лавр, магистр, РһД докторлары сынды үш сатылы жаңа жүйесі жолға қойылды. Ғылыми кеңестердің жаңа жағдайда жұмыс істеуіне негіз қалап, еуропалық дең­гейдегі ғылыми ізденістердің тиімді де тағылымды тұғырын бекітті. Қорға­латын диссертациялардың ғылыми жа­ңалық­тарының өмір­ге, өндіріске дендеп енуіне жағ­дай жасау арқылы жас ғалым­дардың ынта-ықыласын әлемдік үрдістегі ізденістерге баулыды.

Студенттердің оқуы мен демалысы, тамақтануы, спортпен, дене шынық­ты­румен шұ­ғыл­дануы, рухани дамуы мен шы­ғармашылық ізденуі үшін за­манауи жағдайлар жасалды. Ең үздік студенттерге атау­лы 100 президенттік сти­пен­дия та­ғайындалды. Сол үз­дік сту­денттердің болашақ ғылым жо­­лына қадам басуына жан-жақты жағдай жасап, олар­дың тақырыптық-талғамдық ұмты­лыстарына жетекшілік жасады. Жас толқынды жаңа жолға салуда ұстаздық ұлағат танытты.

Төлеген Әбдісағиұлы 2003 жылы Италия­дағы Болонья қала­сында Универ­ситет­тердің ұлы хартиясына қол қой­ды. Сөйтіп ҚазҰУ Қазақстан мен Ор­та­лық Азияда Болонья процесіне қа­тысу­шы тұңғыш университет болып, Қазақ­станның жоғары оқу орындарының әлем­дік білім беру кеңістігіне тікелей интеграциялануына жол ашты.

Көп­шілікке белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев­­тың тікелей қол­дауымен 2004 жылы жаңа ректор бастамасымен ұзақ жылдар бойы тоқтап қалған ҚазҰУ қалашығы құрылысының 14 бірдей нысаннан тұратын екін­ші кезеңі басталды. Соның нәтижесі бойын­ша іргелі сәулетті кітапхана, оқу-зерт­ханалық корпустар, дәрісханалар мен спортзалдары, 500 және 800 орындық жаңа жатақханалар, бассейнді спорт сарайы, өзге де ғимараттар пайдалануға берілді. Бұл үрдіс университеттің одан әрі даму ба­рысындағы айрықша әрі ма­ңызды оқиғалардың бірі еді.

Республикамыздағы ұжым же­тіс­тік­терінің аса жарқын көр­сет­кіш­теріне бері­летін «Алтын сапа» сыйлығын 2006 жылы жоғары оқу орындарының ішін­де бірінші болып Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ жеңіп алды. Осынау мәртебесі зор биік марапатты ректорға Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың өзі тапсырды.

2014 жылы Т.Қожамқұлов Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арнайы негіздеме-хат жолдап, Қа­зақстан ғалымдарының Еу­ро­палық ядро­­лық зерттеулер ұйы­мы­мен (СЕRN, Женева, Швейцария) ын­ты­мақ­тастығына алғашқы бастамашы болып, Мемлекет басшысы тарапынан оңды қолдау тапты. Сөйтіп 2017 жылдың ақпан айында ҚазҰУ-дың Эксперименталдық және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының физик ға­лымдары бірлес­кен ғылыми-тех­никалық жобаларды жүргізу мүм­кіндігі туралы алдын ала келіс­сөздер жасау үшін СЕRN-ге ресми сапармен барды. Өз кезегінде Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы өкілдері Қазақ­станның жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарында болып, Қазақстан Парламенті Сенатының және салалық ми­нис­трліктер басшыларымен кездесті.

Көрнекті физик ғалымдардың қаты­суы­мен 2018 жылы СЕRN және Қазақстан Үкіметі арасында ха­лық­аралық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Ал 2019 жылы ел Парламенті аталған келісімді ратификациялап, Мем­лекет бас­шысы Қ.Тоқаев «Қа­зақстан Рес­публикасының Үкі­меті мен Еу­ропалық ядролық зерт­теу­лер ұйымының (СЕRN) ара­сындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты ха­лықаралық ынтымақтастық тура­лы келісімді ратификация­лау тура­лы заңға қол қойды. Бұл акт, сөз жоқ, Отанымыздың ғы­­­лыми өмірі та­рихындағы аса маңызды оқиға болды. Қа­зақ­станның СЕRN сияқты беделді ха­лықаралық ұйым ке­лі­сіміне қаты­суы жаңа білім көк­жиектеріне қолжетім­ділікті ғана емес, сонымен қатар елдегі ғылыми-зерт­теулердің деңгейін және оның халықаралық беделін көтеруге зор мүмкіндік берері ақиқат.

Осындай жоғарыда аталған және аталмаған қаншама жан­қиярлық ғылыми еңбектері нә­тижесінде Т.Қожамқұловқа 1996 жылы Қазақстан Президентінің Жар­лы­ғымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қай­раткері» атағы, «Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мем­лекеттік сыйлығы берілді. Ол «Парасат» және ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. Сон­дай-ақ Қазақстанның Құр­метті спорт қайраткері, Қазақ ұлттық музыка акаде­миясының Құрметті профессоры, тағы басқа да көптеген атақ пен медаль иеленген қадірлі ел ағасы.

2016 жылғы сәуірде Т.Қожам­құловтың 70 жасқа толған мерей­тойында сол кездегі Пар­ламент Сенатының Төрағасы, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаев өз құт­тық­тауында: «Ғы­лыми құн­дылығы аса жоғары іргелі еңбек­теріңіздің физика, математика ғылымының көкжиегін кеңейтіп, әлемдік деңгейде мойындалуы өзіңізге тән қа­жыр­лы ізденіс пен терең білімнің нәтижесі еке­ні сөзсіз. Еліміздегі жоғары оқу орны жанындағы алғашқы ғылыми-зерт­теу институтының негізін қалап, тың бастамаларға ұйытқы болуыңыз отан­дық ғылым әлеуетінің нығайып, өр­кен жаюына жол ашты. Елбасы «Білім – ғылым – иннова­ция­лар үштігі билеген пос­тин­дус­триялық әлемге қарай жылжып келеміз» деп атап өткен­дей, Сіз­­дің инновациялық зерт­теу­лер­ді арқау еткен еңбек­теріңіз ел игілігін арттыра түс­пек», деп орынды атап өтті.

Төлеген Әбдісағиұлы Қожам­құлов – физик-теоретик, өрістің квант­тық тео­риясы саласы бо­йын­ша ірі маман. Ха­лықаралық және республикалық ма­ман­дандырылған референттелген ба­сылымдардағы физиканың мынандай бөлімдері, атап айтқанда, кванттық хромодинамика, ядро және элементарлық бөлшектер теориясы, салыстырмалық және гравитация теориясы бойынша, 200-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Калибрлік өрісті стохастикалық кванттау сияқты ғылымның жаңа бағытын дамытты. Ол үш монографияның ав­торы, соның ішінде «Өріс тео­­­­риясындағы стохастикалық квант­­­тау» атты монография­сы ғылымның жаңашыл бағы­тын­­дағы құнды алғашқы ең­бек ретінде әлемнің ғылыми жұрт­шы­лығына кеңінен мойындалды.

Төлеген ағамыздың алғаш­қы ғылыми жұмыстары сту­дент­­тік кезінен жарық көре бас­та­ғанымен, оның нағыз физик-теоретик ретінде іргетасы А.Иоффе атын­­дағы ФТИ-дың аспирантурасында кандидаттық диссерта­циясын дайындап жү­ріп атақты «Л.Ландау және Е.Лиф­шиц теориялық минимумын» тапсыру барысында қа­ланды. Одан әрі оның ғалым ретінде қалыптасуына және та­биғи та­лантының жарқырап ашы­­луы­на Б.Константинов атын­дағы КСРО ҒА ЯФИ-дың жыл са­йын­ғы физикалық мектебі және Л.Ландау атындағы КСРО ҒА ТФИ-дағы академик А.Миг­дал­дың теориялық семи­­нарлары баға жетпес рөл атқарды.

Академик Т.Қожамқұлов «Заттар­дың құрылымдық өзін өзі ұйымдастыруы және сызық­тық емес үдерістер» атты Рес­публикалық жоғары оқу орын­дары аралық ізденістік және қол­данбалы зерттеулер бағдар­ламасының ғылыми жетекшісі және «Гравитациялық, элек­­тромагниттік, күшті және әлсіз әре­кет­тестікті теориялық зерттеу» атты ір­гелі зерттеулердің ба­сымдылық ба­ғыт­­тары бойын­ша Ұлттық ғылыми бағ­дар­ла­­масының да жетекшісі болды. Ол Л.Ландау атындағы ТФИ (Черноголовка қ.), ОИЯИ (Дубна қ.), РҒА Төралқасы жа­нындағы НСК (Мәскеу қ.), Б.Конс­­тантинов атындағы ЯФИ (Санкт-Петербург қ.), т.б. ірі шет­елдік-физика институтта­рымен ғылыми бір­лестікте жұ­мыс атқарып келеді, сондай-ақ ха­лықаралық конференциялар мен симпозиумдарға белсенді қатысуда.

Академик ғылыми инновацияларды оқу процесіне енгізуге де белсенді үлес қосты. Оның жетекшілігімен «Кванттық хромодинамика», «Керегекөздегі ка­либрлік теориялар» атты арнаулы жаңа курс­тар түзілді, қосалқы авторлармен бірлесіп оқулық, оқу-әдістемелік құ­ралдар», соның ішінде «Кванттық меха­ника» (2005 ж.) атты қазақ тілінде ал­ғашқы оқулық жарық көрді. Ол (PhD) док­торанттарының ғылыми жұмыс­тарына, магистрант­тар мен сту­денттердің дипломдық жұмыс­тарына жетекшілік етуде.

Оның жетекшілігімен көп­теген кан­дидаттық диссертация орындалып және 5 докторлық диссертация қорғалды. Ол әлем мойындаған ғылыми мектеп құрды.

Т.Қожамқұлов Қазақстан­ның жоғары мектебі Ғылым ака­демиясының (ЖМ ХҒА Қазақ­стандық бөлімшесі) негізгі ұйым­дас­тырушысы. Бұл акаде­мия­ның басты мақсаты – жоғары мек­­тепте ғылымның дамуына жәр­­демдесу және оның қол жет­кізген жетістіктерін қоғамның әл-ауқаты мен рухани әлеуе­тінің жо­ғарылауына барынша қолдану.

Төлеген Әбдісағиұлы Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болып қызмет атқарған жылдары Университет қалашығының көп жылға жұмысы тоқ­тап қалған ІІ кезеңінің құрылысы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ті­келей қолдауымен қайта жанданды. Бұл құрылыс: іргелі-ғылыми кітапхана, оқу-зертханалық корпустар, дәріс оқитын және спорт залдары, жатақханалар т.б. 14 нысаннан түзілетін, университетті халықаралық талаптарға сай жо­ғарғы деңгейге көтеретін бірден-бір ерекше шара болды. Жаңа кезең­нің іргетасын еліміздің Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзі қалады.

2006 жылы әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ бірінші болып егемен Қазақстан тарихын­да тұңғыш рет  Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тап­сыруымен «Алтын сапа» – дәрежесін иеленді.

Физика-математика ғылым­дарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген ғылым және техника қай­раткері, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Ха­лық­­аралық жоғары мектеп ғы­лым академиясының, Халық­­аралық шығармашылық акаде­мия­сының, Қазақстан Респуб­ликасы Инже­нерлік акаде­мия­сының, Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының академигі, Алматы облысының құрметті азаматы. Осының бәріне ерен ең­­бегімен жетіп, тәлімгер тұлға болып қалып­тасқан Төлеген Әбді­сағи­ұлының абыз жасын­дағы абыройлы кезеңі жалғаса бермек.

Төкеңнің асқаралы 60 жас­қа толған торқалы тойында қа­зақтың қадірлі Әз-ағасы, Әзілхан Нұр­шайықов былай деген екен: «Сіз туғаннан вундер­кинд – ға­жап қабілетті бала болған екен­сіз. Ғажап қабілетті ба­ланың бәрі бірдей ғажап ғалым болып шы­ға бермейді. Әрине, сізге қоғам көмектесті. Шарапатты қоғам­ның қуатымен сіз ұстаз, ғалым, композитор, ақын, әнші, күйші, домбырашы, сырнайшы, спортшы, қоғам қайраткері, университет ректоры болдыңыз. Қазаққа өзіңіздей ұл берген тағ­дырға рахмет!». Нәзік жаны жән­наттың төрінде шалқуы тиіс Әз-ағамыздың әз тілегі әлі ескір­ген жоқ деп білеміз.

Қазақ білімі мен ғылымының қара­ шаңырағы саналатын ҚазҰУ-дың қасиет­ті қабырғасында қана­ты қатайған ардагер ғалымның ең­селі тұлғасы ел назарында асқақ­тай бермек.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры