1857 жылы Парижде екі әдеби шығарманың тағдырына байланысты екі сот отырысы өтеді. Қаңтар айында «Бовари ханымның» авторы Гюстав Флобер сотқа тартылса, шілдеде «қоғамдық мораль нормаларын бұзғаны» үшін «Зұлымдық гүлдері» («Цветы зла») поэтикалық жинағының авторы Шарль Бодлер судья алдында жауап берді.
Арада талай жыл өтті. Заман өзгеріп, қоғам ауысты. Әдеби ортадан аласталған «Бовари ханым» – кейін нағыз француз романына айналса, «Зұлымдық гүлдері» – әлемдік поэзияға ықпал еткен француз әдебиеті тарихындағы әйгілі кітаптардың бірі деп мың мәрте мойындалды. Ең қызығы, бұл жинақ алғаш рет 1949 жылы, яғни шамамен 100 жыл өткен соң қайта басылған. Ал оған дейін Франция цензурасы кітаптың жарыққа шығуы тіптен мүмкін емес деп білді.
Өткен 9 сәуірде сол «бүлікшіл» Шарль Бодлердің туғанына 200 жыл толыпты. Оның поэзиясын сүйіп оқуға да, оқымауға да болады: модерндік стильге деген көзқарасыңызға байланысты. Бірақ ақынның сурет өнеріндегі «импрессионистер» сияқты поэзиядағы «модерн» стилінің бастаушысы екенін жоққа шығара алмаймыз. «Моральдық құндылықтарға бағынбайтын өлеңдер» жазған Бодлер зұлымдықтан сұлулық көре алды. Бодлерсіз Францияның «қарғыс атқан» ақындары атанған – Артюр Рембо, Поль Верлен, Стефан Маллармені елестету де қиын. Тіпті орыс һәм еуропалық символизмнің арғы жағынан Бодлердің «даусы шығатындай».
Көзінің тірісінде Бодлер әдеби атақтылардың тар шеңберінде ғана белгілі болыпты. Оны Монпарнастағы бейітке жерлегенде құлпытасында тіпті есімі де жазылмаған. Онда: «Жак Опиктің өгей ұлы және Каролин Аршанбо-Дефаидың ұлы. 1867 жылы 31 тамызда 46 жасында Парижде қайтыс болған», делінген.
Ал қазір Бодлер туралы зерттеулердің саны өте көп. Оның қысқа өмірбаянындағы әрбір факт түбіріне дейін дәлелденіп, әр өлеңі көркемдік тұрғыдан талданған. АҚШ-та Бодлердің библиографиясын жинаумен айналысатын арнайы институт бар.
Бодлерді қазақ тілінде тұңғыш рет Тұманбай Молдағалиев, кейіннен Темірхан Медетбек сөйлетті. Сөз соңында оқырман қауым таразысына жас ақын Еділбек Дүйсен тәржімалаған Бодлердің бір өлеңін ұсынуды жөн көрдік.
Ауру!
Ажал!
Сенің арқаң, күлге айналды
жан-күйім,
Жалыны өшкен жүрегімнің
бұрышында қалғиын.
Бір уыс құм болғаны ғой –
үлбіреген ернің мен
мойылдайын көздеріңнің
әлди-әлди-әлдиі.
Қиқымдарға көзін сатқан мендік
Жанның жанары,
Сенің күңгірт шеңберіңдей,
күңгірт болып қалады.
О, қайдасыз,
тоғысқанда жарық пенен
жалқы сәт,
Мені тегі,
елітетін әсерлердің шарабы?!
Бірақ ол да мендей жалғыз өлер,
сезіп сыз демін,
«Уақыт» деген қаба сақал қария
бар, тынымсыз,
Жан шошырлық қанатымен
өшірер өз іздерін.
Күндерімнің жаналғышы,
Қара ойлардың қанішері
Мәңгі ойымнан шығартпады,
сәтке дейін осынау,
Паңдану мен таңғалуға бөлеп
кеткен жан, Сені!