• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 30 Сәуір, 2021

Әулиеатадағы ең алып киіз үй

894 рет
көрсетілді

Бұған дейін қолға алып жүруге қолайлы сөмке түріндегі құрастырмалы «әсем бесігімен» көпке танылған тараздық ісмер, облыстық шеберлер қауымдастығының төрағасы Пернебек Ахметов, міне, ұлттық брендіміз – киіз үй құрылымын одан әрі жетілдіріп, жаңғыртуды қолға алып отыр. Ол жуырда баласы Аят екеуі мүдделі тараптарға «Хан сарайы» кешенінің жобасын жасап ұсынды.

Шебердің айтуынша, киіз үйдің үлкені 38, қосалқы үшеуі 24 қанат, жерасты бөлігі – тұғырымен қоса есептегенде биіктіктері тиісінше 16,5 және 15 метр көлемінде болады.

 – Бұлар кәдімгі киіз үйлер. Тез құрас­тырылады, әрі түрлі табиғи төтенше жағдайларға да төтеп бере алады. Көптен ойымда жүрген шаруа еді. Оның нақты іске асырылатын кезі келген сияқты, – дейді ол. – Визиттік орта­лыққа лайықталған киіз үй кешенінің аумағы 1400 шаршы метрді құрайды, жылу жүйесімен қамтамасыз етіледі. Астыңғы бірінші қабатына қойма, асхана, жылу орталығы секілді шаруашылық құрылымдар, екінші қабатына қонақүй, кафе бар орналастырылады. «Хан сарайы» басқа өңірде емес, 2000 жылдан астам тарихы бар көне де жаңа қала Таразда еңсесін тіктесе, құба-құп болар еді. Алдағы уақытта Жәнібек пен Керей хандар ескерткішінің маңынан бой көтергелі жатқан этноауылға орналастырылуы мүмкін. Болмаса Меркі шипажайына, Тектұрмас этнотарихи кешені аумағына қойса да болады.

Бір атап өтерлігі, киіз үйлерге табиғаттың өзгеру құбылысына қарай бейімделгіш қос шаңырақ орналастырылыпты. Олардың негізгі тірек-таянышы дәл ортасына самұрық құстың жұмыртқасы – алтын түсті шар орналасқан бәйтерек-ұстын болмақ.

Жобасы тиісті тараптардан қолдау та­уып, құрылысы қолға алынып жатса, бұл шын мәнінде де Гиннестің рекордтар кітабына кіретін-ақ дүние-ау.

 

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист

 

ТАРАЗ