Кеңес өкіметі орнағанға дейін Торғай өңірінде 54 мешіт болыпты. Сол кезде Алланың үйі имандылықтың ұясы ғана емес, балалар сауатын ашқан мектептің рөлін атқарды десек артық айтқандық болмас. Қызылдар билікке келгеннен кейін елдегі аузы дуалы, дәулетті азаматтармен бірге діни қайраткерлерді де қуғындады. Соның кесірінен білікті имамдар мен молдалар сырт жерге бой тасалап кетті.
Дінге тұсау салған Кеңес дәуірінде қажылыққа елімізден санаулы адам барған көрінеді. Кейде солар кім болды екен деп ойлаушы едім. Сөйтсем, біздің елден де өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында мұсылманның бес парызының бірін өтеуге Нүркей Биғабылұлы деген ақсақал барыпты.
Дінді айтса шошитын заманда Аллаға құлшылық жасап, бес уақыт намазын үзбеген Нүркей атамыз 1898 жылы қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Байғабыл ауылында туған. Бала күнінен ауыл молдасынан хат танып, Ахмет деген ауқатты ағасының тәлім-тәрбиесін алып, соның шаруашылық есебін жүргізеді. Туған жеріндегі екі жылдық орыс-қазақ мектебін тәмамдап, елдегі атқан мінген азаматтардың қатарына қосылады. Алқалы жиындарға қатысып, ағайын арасындағы даулы мәселені шешіп, би қызметін атқарған. Тіпті жұрт ол кісіге «Бес елдің тілін білген Нүркей би» деген атақ берген.
Әсіресе 1929 жылы қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы халық наразылығын туғызған Батпаққара көтерілісшілерінің біразын қуғыннан аман алып қалған бес бидің бірі болды. Кейбір тарихи деректерде осы бүлікке қатысы бар деген 600 адам ұсталып, соның ішінде130-дан аса адам ату жазасына кесілген.
1930 жылдан бастап, 1958 жылға дейін Амангелді аудандық мал өнімдерін дайындау және жинау мекемесінде сатушы, қойма меңгерушісі болып еңбек етеді. 1955 жылы адал еңбегімен көзге көрініп, жоспарды асырып орындағаны үшін «Стахановшы» атанып, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне баруға жолдама алады. Осы сапарында ол кісі КСРО Сыртқы істер министрлігінің Діни істер басқармасына бас сұғып, қажылыққа баруға өтініш жазады. Бірақ ондағы жауапты мекеменің қызметкерлері «Қазір КСРО мен Сауд Арабиясының арасындағы байланыс ушығып тұр, кейін өзіміз сізге хабарласамыз» деп шығарып салма жауап береді. Қария ауылға оралғаннан кейін де үмітін үзбейді. Қажылыққа бару үшін жауапты органдарға қайта-қайта хат жазады. Осы сүргінмен арада он бір жыл сырғиды. Неше түрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болады. Жала да жабады. Соның бірі де оған бөгесін болмайды. Ақыры, 1966 жылы сәуір айында өтініші қабылданып, КСРО басшылығы одақтас республикаларда тұратын мұсылмандарға жасаған қайырымы ретінде 17 адамға қажылыққа баруға рұқсат береді. Олар: 7 – өзбек, 4 − татар, 3 − қазақ, 2 − тәжік және 1− түрікмен. Қазақ жерінен қасиетті сапарға Нүркей Биғабылұлы, Хакім Омаров, Еркін Қозыбаев үшеуі аттанады.
– Біз әкемізді көке дейтінбіз. Салмақты, байыпты кісі болатын. Ешқашан артық-ауыз сөз сөйлемейтін. Дастарқан басында өнегелі әңгіме шертіп, Құран аяттарын жатқа айтып отыратын. Көкем қажылық сапарға Алматы арқылы аттанды. Онда біздің аталас туысымыз, көрнекті композитор Бақытжан Байқадамов тұрды. Сол кісі көкемді алыс жолға шығарып салды. Сосын Бақытжан аға Мәскеуде тұратын енесі, атақты генерал Панфиловтың әйелі Мария апайға хабарласып, әкемді күтіп ал деп өтініш айтады. Ол кісі көкемді Мәскеудің аэропортында ақ параққа «Нүркей Биғабылов» деп жазып алып тосып тұрады. Көкем оны көріп айнала қашыпты. Кейін «Қасиетті қажылыққа бара жатырмын, құдағиым болса да басқа діннің өкілі, жолыма кесірі тиер деп ойладым» деп айтып күлетін. Алайда Мария апай әкемді іздеп тауып алып, келесі ұшаққа мінгізіп жібереді. Көкем қажылықтан ерекше көңілкүймен оралды. Қасиетті жерден сыйлық ретінде ағайындарға Қағбаның суреті бар бірнеше қолдан тоқылған кілем, картина және зәмзәм суын алып келді, – дейді қажының кенже баласы Дінмұхамбет ағамыз.
Нүркей атамыз қажылыққа өзі тірнектеп жинаған қаржысымен барыпты. Сонымен бірге жақын досы Әбдік Махатов қарияның да қажылығын өтеген. Өзбек елінен барған жеті адамның бірі Зия Бабаханов кейін Өзбекстанның мүфтиятын басқарады.Нүркей ата сол кісімен жақын араласып, кейін Ташкентке барып, діни білімін толықтырады. Оны бітіргесін мүфтияттың шешімімен Торғай облысының Дін істері жөніндегі уәкілдігіне тағайындалады. Ташкентте өткен түрлі діни жиындарға барып тұрады. Ел арасында имандылықты насихаттап, ата-бабадан жалғасып келе жатқан асыл дініміз бен салт-дәстүрімізді дәріптейді. Нүркей қажы 1982 жылы 85 жасқа қараған шағында дүниеден озады. Дінмұхамбет аға «Көкем қайтыс болғанда Бақытжан ағамның зайыбы Валентина апай Алматыдан арнайы келіп, көңіл айтты» дейді. Қажы атамыздың кіндігінен Күлзипа, Табылды, Ұлзипа, Би-Батима, Айтмұханбет, Дінмұхамбет атты үш ұл, үш қыз өрбіген, қазір солардан тараған ұрпақтарының өзі бір қауым елге айналған.
Қиын-қыстау кезеңде тірлік кешсе де Алланың ақ жолынан таймай, қажылыққа барып, дін жолына саналы өмірін арнаған ақсақалдың құрметіне 2007 жылы кіндік қаны тамған Байғабыл ауылында бой көтерген мешітке Нүркей қажы есімі берілді.