Әсілі, батыр Олжабай әулеті, Ұзын Сүлеймен ұрпағы – ұшқан ұядан жеткен ұлылыққа дейінгі аралықта – ұзақ (үлкен) жол жүріп өтіпті. Жүрген сайын жол сілемі қырдан жонға, шоқыдан жотаға, құздан шыңға көтеріле берген екен. Енді, етегін қарағайлы орман, қалың терек, топ қайың жапқан тау басында жан-жағына көз жіберіп тұрып, сапарын есіне түсіріп, саяхатын байыптай алады.
Ницше сомдаған әдеби-философиялық қаһарман Заратуштра үстірт, қырат бетімен қыдырғанда, шыңнан шыңға аттап, құздан құзға ауысып, серуендейді екен. Ол төмен қарап келе жатады, етектегілер жүзін көтеріп, жоғары телміреді. Қарғып шыққандардың адымы үлкен, жылдамдығы қатты. Олжас биікте өмір сүрді. Ғұмыры асқақ еді, енді – ұзын болсын. Тілеуқормыз.
Қала перзенті («Я сын города, мне воевать со степью»: пассаж қырда шаһар мәдениеті өркендегенін білдіреді), геологиялық кәсіпті игеруші («Шурфы»), жорналшы («Казахстанская правда»), шайыр («Аргамаки»), поэма авторы («Земля, поклонись Человеку»), тілтанушы («АзиЯ», «Улыбка Бога», «Язык письма», «Пересекающие паралели», «Код слова»), түрколог («Тюрки в доистории»), шумеролог («Тысяче и одно слово»). Әрі депутат, ұлт қайраткері, ғарыш жыршысы, елші...
Есімізде, еңбегі ерен, есімі елге танымал ақын, оқымысты. Өрелі, ойшыл тұлға. Қандай мадақ айтылса да, қанша айтылса да аз.
Таным табалдырықтары
Соңғы екі ғасырда іргелі ғылымдар ірі табыстарға қол жеткізіп, таным алдынан жаңа көкжиектер ашылды. Метафизикада – көзқарас, философияда – құндылықтар, физикада түсініктер өзгерді.
Кезінде Батыста шіркеу табалдырығынан аттап, көшеге шыққан кітаптар тәрізді, ғылыми жетістіктер үй тіршілігінен технологиялық тұрмыс заттары түрінде көрінді. Компьютер, процессор, принтер, клавиатура, сканер, ксерокс тәрізді аппараттардың әрқайсысы бізді қоршаған күнделікті антураждарымыздың біріне айналды. Қалалық пейзаж, аула ландшафты техникалық-технологиялық комфортқа тәуелденді, әмбебап дүкендер ұзарды, тереңдеді, биіктеді, бірте-бірте шаһардың шағын үлгісіне айналды, сауда көздері ықшам аудандар құрады, адамды ғарышқа ұшырған рационалистік көзқарас, прогреске деген сенімділік, таныс ғалам пішіні, сөйтіп, үлкен постмодернистік төңкерістерге ұласты. Модерндік архитектура ақпараттық қоғам, тәуекел қоғам, жаһанданған қоғам түзілуіне септесті. Салтанатты шеру ғаламтор шеңберінде жалғасты.
Ғаламтордың пайда болуы, маңыздылығы тұрғысынан, дүниені жаратқан алапат жарылыстың салдарынан кем емес еді. Параллель әлем қалыптасты.
Иммануил Кант ақиқат құрылымын, ақыл-ой қабілет-қарымын, таным шекарасын айқындап еді, болжамдары кванттық физика аясында расқа шықты. Гейзенберг белгісіздігі жаратылыстың қаншалықты күрделі екендігін жария етті. Кезінде, Эйнштейн ғарыш кеңістігінде абсолюттік тұрақты уақыт жоқ екендігін мәлімдеді. Бүгінде электронды бөлшектердің әлі ашыла қоймаған жұмбақ қасиеттері басқаруға көніп, біздің смартфондарымызға айналып отыр. Хат та, жіберілген белгі де, ыстық-суығы да, алыс-жақыны да, бәрі электрондар қарым-қатынасынан түзіледі, қатыстылығынан құралады.
Бірақ постмодернистік ғылымнан бұрын адамға табынған рационалистік парадигмалық гносеология адамзаттың алғашқы жетістіктеріне қуана қол соғып жатты. Біз бұл жеңістеріміз үшін, кейін, жауап беретінімізді алдын ала болжай алған жоқпыз.
Модерн ғарыштары
Тәрелкелерге мінген басқапланеталықтарды үйде отырып күтіп жүріп біз, тегі, коммуникациялық дүмпуді аңғара да алмай қалдық. Пенде бойында тілдесуге деген шексіз қажеттілік бар екенін кешігіп барып байқадық, басымызға түскенде бір-ақ білдік. Көкжиектерден көрініп қалар деп дәметіп күткен әуе кемелері орнына жұрт смартфондармен құшақтасып ұйықтайтын болды.
Менің ойымша, модерн мен постмодерн арасына жүргізілген шекара – Гагарин космосқа ұшқан 1961жылдың бойымен өтеді.
Қарға тамырлы көшпелі жұрт, жерге байланған отырықшы адам планетадан бірнеше минутқа қол үзіп, сағынышын (гравитациялық күшін) жеңіп, құшағынан босап шыққанда, алдынан шет-қиырсыз шалқып жатқан алып космосты көрді.
Гагарин қазақ болса түсінер еді, әлемнің киіз үй тәрізді бұрышы жоқ, ғарыштың бетпақ дала секілді шекарасы болмайды. Үркердей топтанған шоқ жұлдыздар, тарыдай шашылған ірілі-ұсақты аспан денелері қиырда қонып отырған ауыл сияқты, алыстаған сайын жинақы, жақындаған сайын селдірейді, бөлек-бөлек, бұл шексіздік заңы, биік, асқақ нәрсе дер кезінде емес, уақыт өткен соң көрінеді. Бағаланады.
Ал бір орында тұрып, жан-жағын бақылаған субъект жұлдыздар шоғырының бір-бірінен жайлап қашықтап бара жатқанын байқар еді, бұл құбылыс, параллакс, жалпы Ғаламның ұлғайып бара жатқандығының көрінісі. Бәрі салыстырмалы. Біз космосты қашанда, қай нүктеден қарасақ та, тек өткен шақта көріп тұрамыз. Себебі алапат жарылыс үнемі алда, бізден бұрын, ілгеріде озып бара жатады. Білген, өскен сайын білмегенді өсіреді. Еселеп. Шеңбер үлкейе береді. Ешкім шексіз ғаламды түбіне шейін сарқып, танып-біліп болмайды, бірақ білуге, тануға, үйренуге құштар адам баласының білімге деген махаббаты таусыла ма, бұлағына бас қойып, қанша сусындаса да, шөлі қана ма. Бүгінде, жоғары технологиялар зерттеулер мерзімін қысқартты, таным дәлдігін күшейтті, шындық саны өсті, сәтті жүргізілген эксперименттер арқасында, тәжірибелердің оң нәтижелері көбейді. Бірақ жалпы, адам білімге тоя ма. Ғарыш бізден сырт емес, біз ғарыштың ішіндеміз. Шаңырақ – кеңістік тұрғысынан шексіз, уақыт тұрғысынан – мәңгілік.
Земля – это круг, перечеркнутый тонким крестом. Четыре дуги в центре глядят четырех сторон.
(«Қыш кітабынан», поэма).
Өз заманында пайғамбарлардың ізбасарлары шағын болатыны да сондықтан. Ұлы нәрсені дер шағында ұлықтауға орнықтылық, тиянақты түсінік керек, түсінік ұзақ жылдар бойы қалыптасатын дүние. Фридрих Ницше өзін адамзат екі жүз жыл өтіп барып тани алатынын алға тартқан еді.
Жұмыр басты пенде планетадан ғарышқа қарғыды. Құс жолына қарай алғашқы қадам жасады. Шекарадан аттады. Әлде аттанды.
Олжас – модерн түлегі. Модерндік сапары постмодернистік саяхатқа айналды. Әлемді Гагарин көзімен көрді. Күллі адамзат қуанышын жырға қосты. Поэма ақын фантазиясы не шабыты емес, Жер шарын жайлаған, адамзат көңіл күйін билеген эйфорияның бейнесі, атмосферасы, қажет десеңіз, пафосы еді.
«Адамға табын, Жер, енді!» деген поэма атауы атеистік көзқарас тұжырымдамасынан туған жоқ, ғылымды меңгерген нәсілдің алғашқы табыстарына, құдіретіне сенген, қуанған ессіз қуаныш-шаттықтың белгісі болатын. Діндар (теологиялық) һәм ділмар (философиялық) таным кезеңдерінен өтіп, позитивизм постулаттарына жеттік.
Бірақ, екінші тараптан, дүниежүзілік революцияны аңсаған коммунистер жасаған қоғамдық мораль, буржуазиялық мемлекеттердің фетишке құрылған капиталистік құндылықтары философиялық жүйелерде көрініс тауып жатқан шақ еді. Еуропада, XX ғасырда, қаптаған, қоғамтанушы ағымдар философиясы жаппай жүріп жатқан modern/postmodern үдерістерін, түзілістерін, құбылыстарын түсінуге, түсіндіруге тырысты. Техникалық, жаратылыстану ғылым салалары гуманитарлық пәндермен бірікті. Текті, тектоникалық өзгерістер жүрді, жалған салт-дәстүрлерді құлатты, жылдамдық артты, космосты сәтті игеру аспан кеңістігіне Жер серіктерін ұшыруға септесті. Байланыс космоста ілініп тұрған не айналып жүрген күрделі машиналар арқылы ұштасты. Кейін машиналар орнына компьютерлер келді. Бұл революция бүкіл әлемді өзгертіп, жаңа сатыға көтерді, алайда тағы басқа проблемалар туғызды.
Олжас жазған ғарыш жырлары жаңа ауқымды талап етті. Ницше атап көрсеткен бес анти-идеяның бірі «Құдай қазасы» тұжырымдамасы, шын мәнінде, кісі жүрегінде Құдайға деген сенімнің өлгенін, көкірегінде ұлы махаббатының нұры сөнгенін білдірді. Постмодернистер ажал тұжырымдамасын дамыта, кеңейте түсті, көптеген институт ақыры жарияланды: автор өлді, тарих таусылды, философия құрыды, ақиқат жойылды, шындық салыстырмалы. XIX ғасыр XX жүзжылдықтың мазмұнын құрады, тіпті XXI ғасырдың өзіне әсер ете бастады.
Карл Маркс, Людвиг Фейербах секілді ойшылдар еңбектері, кристиан дініне қатысты айтылған Серен Аабье Кьеркегор, Блез Паскаль ой-пайымдары иман келтіргендер қарасы сиреп келе жатқанын аңғартты.
Әлемді жайлаған құдайсыздық концепті, дәлірек имансыздық белгісі, сөйтіп Ницшенің мәтіндерінен бой көрсетті.
Мәдениеттер мен өркениеттер:
Олжастың сұрақтары
Олжас өз жауабын сомдау үшін бір-біріне өзектес тіл мен таңба арасындағы диалектикалық қарым-қатынастардың бастауын іздеп тапқысы келді. Тіл XX-XXI ғасырларда өзекті мәселеге айналды. Тілдің құрылымы, табиғаты, пішіні, әмбебаптығы, дыбыстық үлгісі мен таңбалық белгісі жаңа модельдер жасауға негіз болды.
Олжас маңызы аса зор екі мәселеге қатты көңіл аударды: бірі – тілтану, екіншісі космосты игеру. Екеуінің де шығу тегі туралы әңгіме көп, қызметі жөніндегі талас-тартыс әлі күнге шейін толастаған емес. Тілдің қайнары табылса, құрылымы да белгілі болады.
Бірақ екеуін де кім жаратты? Ана тілін ұстазсыз, оқусыз меңгеріп алатын бала қабілетінің сыры неде? Қазір тілді игеру жұмбағы төртінші инстинкт аталып отыр. Математика тілі, архитектуралық тіл, кино тілі, бағдарламалар тілі... Лингвистика алгебрамен тұтасты.
Ұлт қазынасымен қатар, дүниежүзілік мәдениет-өнер қайнарынан сусындаған, ер тұлғалы ерен ақын Олжас Сүлейменов жас адамзат заманында бәрімізге ортақ бір тіл болғаны жөнінде дәлелдерін кітаптарында келтіре бастады.
Өзі шетел әдебиетін сарқып оқып, Батыс пен Шығыс айырмашылығын жойған, әлемге, ғарыштарға, тегінде, планета жұртшылығы, бүкіл адамзат атынан сөйлеген ақын.
Бүгінде адам баласы тіл бойында тарих та, шежіре де, білім де, болашақ та жатқанын түсініп отыр. Біз космоста жалғыз емеспіз, ғалымдар айқындаған анық, ғылым тұжырған ақиқат. Тіл, мәтін – біздің шифрланған хаттарымыз. Шайыр кітабынан «цивилизация» дамуын оқып, «культура» мәнін біле аламыз.
«Культура» мен «цивилизация» сөзі – этимологиялық ізденістерге, шежіресін тарқатуға, сойы-тегін айқындауға аса қолайлы метафоралар. Діңгір танымы да көршілеріміздің бар екендігін білдіреді. Біз космоста жалғыз емеспіз.
Людвиг Витгенштейн тіл мен әлемнің бір-біріне тең екендігін негіздеді. Әлем объектілер жиынтығы емес, деректерден (факт) тұратын құрам. Дүниеде бар ақиқаттың анықтамасы да бар. Бейсана тіл тәрізді құрылған, Жак Лакан. Түсініксіз сөз таным қызметінде қолдануға жарамсыз. Ең қолайлысы – әдепкі немесе, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әншейін тіл. Тіл болмысты түгел қамтып, өзіне сыйғызып тұр. Белгі – басқаның атынан сөйлеуге қабілеті бар сілтеме, символ, дейді Чарльз Пирс, тұңғыш анықтама беруші. Ұстазы Чарльз Моррис белгілер туралы ғылым саласын ойлап тапты: семиотика немесе семиология. Фердинанд де Соссюр бойынша, тіл – белгілер жүйесі – мәтін. Жак Деррида: Мәтіннен тыс ештеңе жоқ.
Тіл әлемнің үлгісіне айналды. Демек тілдің табиғатын тану, сырын ашу – дүниетанудың негізі. Көп философтар тілдің абстракциясын күшейте отырып, реалды өмірден қол үзіп алды. Әдепкі (әшейін) тілге оралу керек. Тілді қызметіне қарап танимыз. Оның мәні – әлемнің өмір сүру формуласын табамыз. Мартин Хайдеггер: «Тіл – болмыстың алғашқы (бастапқы) атауы».
Сөйтіп, тіл таным кілті ретінде көптеген құпияның құлпын ашты. Олжас Сүлейменов тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының міндетін атқарып отыр. Оның жасаған қыруар еңбегі тілтануда, дүниетаным қалыптастыруда әлемдік маңызға ие.
Дана ойшылдың ізденістері тарихтың, лингвистиканың, философияның, этнологияның, әлеуметтанудың, логиканың, шумерологияның, әдебиеттанудың, түркологияның, славянтанудың жалпы дамуына, жаңа стратегиялар, перспективалардың ашылуына қатты әсер етті.
Ол таным көкжиегі кеңейіп, мазмұны тереңдеген интеллектуал ғасырдың (XX) туы болды, адамзаттың жүзжылдық ақыны атанып, асқар ойдың асқақ шыңына шықты, танымның терең қойнауына түсті.
Ер Олжас түркі тілдес ұлт-ұлыстардың жорық жырына, жортуылдарда салған әніне, тастаған ұранына, Тұран халқының жағалай көтерген байрақтарына айналды.
«Сайыпқыран Шыңғысхан заманында туса, Олжас қол бастаған түменбасы болар еді», деген уәж айттық.
Көп жазды. Парасатты қаламы сүрінбей, ұшан-теңіз білімі сарқылмай, жан-жағын таңғалдырып жаңа ғасырға келді, айтар ақыл-кеңесі, көрсетер көмегі таусылған жоқ. Олжастың қай кезде жазатыны жұмбақ, сосын, қалай, қайтіп көп оқығаны жұмбақ. Үнемі ел алдында, жұрт назарында, халық ортасында жүреді. Бірақ бәрін біледі. Түгел оқыған.
Ел құрметіне бөленіп, әлемдік атақ-даңққа ие болды. Еңгезердей ақын қазақтың, түркі жұртының еңсесін көтерді, көне гректер, ұлы дала абыздары, көрші дао ойшылдары тәрізді, тау тұлғалы, Толағайдай – алып-тұғын: ойы да, бойы да, сойы да.
Шынында, Олжастыкі – қайратты поэзия. Қол бастаған ер жыраулардың толғауларындай.
Бұрынғы, ілгерідегі бір эссемізде: «Олжас заманында түркология мен этимология, тіпті, Шыңғысхан жорықтары, оның шыққан тегі сәнді, нәшті тақырыптарға (модные темы), жұрт қызыққан (модные отрасли науки) ғылыми салаларға айналды», деп жаздық. Сонда, төмендегі деректі де келтіре кеткен едік.
«Америкалық «Коммунизм мәселелері» жорналы 1986 жылы «Аз и Я»-ны Солженицынның «ГУЛАГ Архипелагы» атты еңбегінен кейінгі Қайта құруды дайындаған екінші кітап деп баға берді».
Планеталық адам
Жер бетінде планеталық сана қалыптасып келе жатыр, әзірше біздің қазіргі үйімізден басқа мекеніміз жоқ, сондықтан Антуан де Сент-Экзюперидің жас ханзадасы секілді, планетамызға ұқыптап қарап, күтіп ұстауымыз керек. Өсімдігін суарып, жерін таза ұстап, түтіндетіп ауасын бүлдірмей, аспанын теспей, қамқорлығымызға алып, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдырып отыруға тиіспіз. Олжастың философиясы осы. Жұрт Олжас шығармашылығын, ғұмырнамасын, жырларын жатқа да біледі, жақсы да біледі.
Әлбетте, ақын мұрасына ғасырлар тоғысында, жаңа замандар қарсаңында, тарихи баға беретін кез келді. Көп мақтадық, бәйгеден көрдік, жеңімпаз атадық. Ол жеңген үстіне жеңе берді. Бірде Бақытжан Момышұлы: «Олжас Сүлейменов мақтауға үйреніп алған, оған ешқандай марапат әсер етпейді», деп айтып еді.
Бұл эссенің мақсаты – жекелеген шығармаларын талдау емес, жалпы шығармашылық философиясына тоқталу еді. Кісілік негіздерін түсіну, қайнар көзін табу, тақырыптарын жіктеу, жұмбақтарын шешу. Жаһандық деңгейде, жалпыадамзаттық шеңберде, дүниежүзілік ауқымда, алып теориялар аясында – Олжастың орнын іздеу.
Таласбек Әсемқұловтың айтуынша, Олжас – «основатель аналитической поэзии». Демек, синтетикалық жыр үлгілерінің алғашқы авторларының бірі. Кейбір өлеңі ғылыми гипотеза тәрізді, поэмасы, туындыларының басым көпшілігі – оқыған, білетін оқырманға арналған туындылар.
Олжастың әкелген өзгерістері көп. Жауһар жырларынан қазақ поэзиясының екпіні, күш-қуаты сезіледі. Шығармашылығы лингвистикалық ізденістерден, ақындық өнерден, тегеурінді көсемсөзден құралады. Ділмар. Шешен. Қаулап, жалындап сөйлегенде, ұйытып әкетеді,
Ол – Қайта Өрлеу, Ағарту замандары аманаттаған гуманизмді модернистік жиырмасыншы ғасырда паш еткен абыз үні. Өкінішке қарай, Рене Декарт, Огюст Конт шарттары мен талаптары үдесінен шыға алмаған космостық дәуір кванттық физика жұмбақтарын шеше алмай қалды. Адам көне гректерден күні бүгінге дейін тұрған, тұрып келе жатқан алтын тұғырынан құлады. Тас-талқаны шықты. Қылмыстар көбеймесе, азайған жоқ, машиналар қоғамның өзіне қауіп төндіре бастады, ұлы романдар адам бойына ізгілік қасиетін сіңіре алмады, бір адамзат нәсілі бірнеше дінге, ортаға, елдерге бөлінді.
Сөз түсінікті былғады. Кісілік мұраттарды көздеген қарулы мемлекеттер гуманизм атымен бейбіт қалаларды бомбылады, жазықсыз жандар, бейкүнә сәби балаларды қырды. Кісі өлтіру технологиясы ғылымға арқа сүйеді, кемелденді, күрделенді.
Ақындардың ақыны
Пафос басылды. Жаһандану кез келген жергілікті қауіп-қатерді ғаламдық деңгейге шығарды. Ортақ проблемалар саны артты. Орман өрттері, озондағы саңылаулар, террористік шағын топтар бір елдің емес, бүкіл планетаның дертіне айналды. Оны, қорқынышты бұқаралық ақпарат құралдары еселеп күшейте түсті. Смартфондар көрсеткен виртуалды әлем реалды дүниеден гөрі шынайырақ көрінді. Бұл – постмодернистік кезең. Бірақ адамзаттың алтын уақыты – модерн әлдилеген ақыл-ойдың рационалистік пафосы – әлі күнге шейін бізді басқа жақтарға, бақытты өмір сүруге шақырады.
Бірақ біз «тура қазір, дәл осы жерде» қалаймыз. Коммунистік үміттен күдер үзгелі капиталистік бақытқа сенбейміз. Нәсілдің нағыз досы Құдай ғана.
Қазіргі күнде жарнама қалалардың жанама образына айналды. Сауық мәдениеті жеңіп, билеп-төстеп келе жатыр. Ең күштісі мен, дейді медиа-жүздер, біздің фильмді тамашала, көрші тақта – жайылған дастарқан – дәм ауыз ти, сырадан көр, сырдан (ірімшік) тат, біздің асты іш, тәтті тоқаштан жеп көріңіз... Еліктіру, елту мәдениеті орнады.
Өнерге орын жоқ, ұлы кітаптар оқылмайды, көркемсөз өнерінің дәуірі, дәурені өткені ме, кім білсін, жауапты бар ма, не кінәлі?
Жоқ, пафос талғамды бұзды ма, әлде фальш эстетиканы бүлдірді ме, біз прогрестің жасампаздығына күмән келтірсек те, асқақ стильге сенеміз, бір-біріне туыс түсініктер – әсемдік те, әдемілік те, кісілік те мәңгі жасары сөзсіз. Әдемілік әдептілікке көшеді, әсемдік әділеттілікке ұласады.
Олжас Сүлейменов – әлемнің ұлы ақындарының бірі, ұлы ақындардың ұлылығы тыңдармандар сыймаған алып аудиториялардың шүпірлеп толған кеңдігінен көрінеді. Ол алып аудиториялар мінберіне көтерілгенде алапат уақиғалар, жойқын замандар, тарихи халықтар атынан сөйлейді.
Әр уақыттың өз кеңістігі, әр кеңістіктің өз уақыты бар. Бәрі өтпелі – баянсыз, берекесіз, айнымалы, тек тасқа жазылған таңбалар ғана тұрақты, қаріпте көрсетілген мазмұн ғана маңызды. Ойдың тиянақталғаны – орнықты сөздің орнын тапқаны.
Бұрын, айтылған сөз өлмейді деуші еді, қазір таңбаланған түсінік – мәңгі.
О, Дулат, человек бессилен
прервать развитие знака...
(«Қыш кітабынан», поэма)
Дидар АМАНТАЙ