Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясы қазіргі таңда қуатты деңгейге қол жеткізді. Әлемнің беделді әскери сарапшыларының айтуынша, Қазақстан армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орынға тұрақтаған. Ұлттық армияның ең жаңа әскери техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі – осының айғағы.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің жауынгерлері өзге қарулы күштер сияқты жаяу шабуыл жасамайды. Олар басқару жүйелерінен мәліметтер алып, зениттік-зымырандық кешендер арқылы ұрыс жүргізеді. Сол себепті әуе шабуылдарына қарсы күштерінің ең басты міндеті – бейбіт және соғыс уақытында стратегиялық маңызды әскери және әкімшілік нысандарды әуе шабуылдарынан қорғау.
Бүгінде Қарулы Күштеріміздің арасында ең ұтқыр және соны техникалық жағынан жабдықталған Әуе қорғаныс күштерінің әскери жауынгерлері де өздерінің қол жеткізген жетістіктерімен ерекшеленіп жүр. Олардың еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі орасан.
Біз жастар – егемен елдің қорғанымыз. Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге отыз жыл. Ел тәуелсіздігін сақтап қалу – бүгінгі жастардың қолында. «Батырлар соғыста ғана танылады» деп бекер айтылмаған. Батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Осы сөздің астарына үңілсең, көп нәрсені аңғарасың. Бейбіт заманда да нағыз ерлік пен батырлық жасалады. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азаматтар елімізде жетерлік.
Бір кездері біздің әке, аталарымыз, аға буын азаматтық борыштарын жат жерде өтеді. Ал біз, жастар бақыттымыз. Себебі кіндік қанымыз тамған туған жердің топырағында жүріп, өз елімізде, бейбіт өмірде Отан алдындағы борышымызды атқарып келеміз. Сол себепті келешек ұрпақ әскери міндетін өтеуден жасқанбауы қажет. Өйткені түсіне білген жанға Отанды қорғау – абыройлы міндет.
Мен Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келгенмін. Ақыл тоқтатқаннан бастап болашағымды әскери саламен байланыстыруды қаладым. Бұл – менің жүрек қалауыммен жасалған таңдауым, балалық арманым еді. Қазір інім де Алматы облысында Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Шаңырағымыздың берекесі болып отырған анам мен әпкем сол екі ұлдың – ел қорғанында жүрген қос жауынгердің тілекшісі.
Сүнят СОВЕТ,
Қорғаныс министрлігі 44813-әскери бөлімінің әскери қызметшісі