Төбеден жай түскендей болып басталған 1941 жылғы соғыс еліміздің қиыр солтүстігіндегі Майбалық ауылының да бейбіт өмірінің тас-талқанын шығарған. Жүз шақты шаңырағы бар шағын ауыл төрт жыл ішінде майданға 150-ден артық жігіт жіберіпті. Олардың жетпістен астамы қазаға ұшыраған, ал елге тірі оралғандардың ширегі – мүгедектер. Екі-үш ұлынан айырылған, жалғызын жоғалтқан ата-аналар, жетім қалған балалар – сол кездегі ауылдың үйреншікті жағдайы еді. Ал қан майданда от кешкен жауынгерлердің қилы тағдыры кімге болсын ой салып, тағылым алғызары анық.
Екі өліп, екі тірілген
Отызға келіп қалған Қойшы Рақышев 1942 жылдың ақпанында әскер қатарына алынады. Оның атқыштар полкі көп кешікпей Калинин бағытындағы ұрыстарға араласып кетеді. Жарты жылда тіс қаққан жауынгерге айналған Қойшы жан алысып, жан беріскен қанды шайқастарда талай жауды жер жастандырып, талай жолдасынан айырылды.
Алайда тағдырдың оған деген басты сыны алда екен. Сол, 1942 жылдың қараша айының бір күніндегі шабуылда танктің артынан ілесіп келе жатқан Қойшының аяғына оқ тиеді. Жарасын таңып, сүйретіліп, қирап тұрған бір танктің астын паналайды. Бірнеше сағат бойы қансыраған жауынгердің көзіне ешкім ілікпейді. Тек кешке қарай тылға бара жатқан екі-үш солдатқа «ала кет» дегенімен, олар қауырт бұйрықтары барын айтып, өз жөндерімен кетеді. Ішінде көрші ауылдың жігіті болған соң, Қойшы: «Жарайды, өлсем елге айтып барар», деп өзін-өзі жұбатады. Бірақ көрер жарығы бар екен – әбден әлсіреген сәтінде қираған танкті кейін сүйреп әкетуге басқа бір танк келеді. Танкшілер Қойшыны танктің сыртына жатқызып, госпитальға жеткізеді.
Наркоз берердің алдында дәрігердің: «Әбден қансырап қалыпсың, солдат, гангрена басталыпты, тізеден биік кеспесе болмайды», дегенін біледі. Есін жинаса, әбден жаурап қалыпты. Дереу жан-жағын сипалап көрсе – маңайында өліктердің суық денелері жатыр екен. «Е, мені де өлді деп қоймаға шығарып тастаған екен ғой», деп болған жағдайды түсінген ол сыртқа қарап айғай салады. Біраздан кейін қақпақ сықырлап ашылып, қолына винтовка ұстаған мосқал жауынгер қорқа кіреді. «Қорықпа, мен тірімін», дегенді естіген ол жақындап, Қойшыға кеше жерлеп үлгере алмаған соң, өлгендерді ертеңге дейін осы қоймаға жинағанын айтып, сыртқа жүгіре жөнеледі. Біраздан кейін екі санитарка келіп, Қойшыны зембілге салып, қайтадан госпитальға жеткізеді. Өз кінәсін білген және жауапқа тартылам ба деп қорыққан хирург оны ерекше күтеді.
Сөйтіп 1943 жылы еліне өзі жайлы «қара қағаздың» соңынан тірі келген жігіт жарымжанмын деп үйде отырған емес, «ағаш аяқ» болса да колхоздың, кейін совхоздың жұмысынан зейнет жасы жеткенше қалған жоқ.
Бірақ Қойшыға тағы бір өмір сынағы жазылған екен. 1972 жылы көлік апатына түсіп, жұбайы Күлмәштан айырылды. Өзі жылға жуық ауруханада жатып аман қалғанымен, екінші аяғы да кесілді. Егде тартқан шағында мүсәпір жағдайда болса да, қарт майдангер ержетіп келе жатқан балаларына ұйытқы бола біліп, шаңырағын сақтап қалды.
Өмірде екі рет өліп-тірілгендей болып, мүгедектіктің тауқыметін де молынан тартқан ағамыз көзін жұмғанша артында үш бала қалдырып, немерелерін сүйгені үшін тағдырына ризашылығын айтып кеткен екен. Сол ұрпақтарының өмірдегі жетістіктерін көріп 75 жасқа дейін өмір сүрді.
Бір кезде ұрыс даласында қансырап жатып армандаған туған елінің топырағы қарт жауынгердің мәңгілік мекеніне айналды.
Әже өсиеті
Қауя Қожахметов немересін бауырына басқан әжесі Қалиманың еркесі болыпты. Әкесі Қожахмет те, анасы Зейнеп те үлкенді сыйлап ұлдарынан бойларын аулақ ұстапты. Әжесі болса, Қауяны ерекше өбектеп өсіріпті.
Соғыс басталысымен бұрын фин науқанына қатысқан үлкен ағасы Мағауя қайтадан әскерге алынып, майданға аттанады. Кешікпей оның жолымен Қабдолғани мен Мауя ағалары да соғысқа кетеді. 1942 жылдың көктемінде науқастан қайтқан әкесін жерлеген жиырма бір жасар Қауяға да кезек келеді. Шаңырақтың тірегі Қожахметтен айырылып, немересін де қимай күйзелісте жүрген Қалима әжей Қауя ауылдан аттанарда батасын беріп: «Құлыным, жерді үш айналсаң да, қайда барсаң да елден топырақ бұйырсын», деп көзіне жас алады. Кейінгі мехнатты жылдары әжесінің осы сөзі Қауяның жадынан шықпайды.
Атты әскер қатарындағы Қауя 1942 жылдың 13 мамырында Харьков бағытындағы ұрыста жараланады. Аласапыран уақытта жаралылар қамқорсыз қалып, жергілікті тұрғындар тамақтандырып, күтеді. Қызыл Армия шегініп, 26 мамырда госпитальдағылардың барлығы тұтқынға түседі. Оларды фашистер эшелонға қамап, Еуропаның батыс қиырынан бір-ақ шығарады. Бағына қарай, бірде қара жұмыста жүрген оларды француз партизандары босатып, тауға ала кетеді. Барған жерлері – Франция мен Испанияның шекаралас аймағы, тарихта белгілі король Генрих Наварскийдің туған жері По деген елді мекен екен. Сол жерде Қауя француздардың қарсыласу қозғалысына қатысып, жауды жеңуге өз үлесін қосады. Сонда Луиза атты француз қызымен көңіл қосады, одан туған қызының есімін өз анасының атымен Зейнеп деп қояды.
Соғыс біткен соң туған жерін, туыс-бауырларын, ел-жұртын сағынған Қауяның көңілі елде болады. Кейін әжесінің дүниеден өткенін естігенде көз жасын тыя алмай: «Әжемнің өсиетін орындаймын. Сол үшін неге болсын көнуге шешімге келдім», деген екен.
Сағыныштан сарғайып жүрген Қауяның шетелде жүріп қалуының негізгі себебі – тұтқында болғандарды Кеңес Одағында аямай жазалап, соттап, лагерьлерге қамайды деген үрейлі хабар жеткен. Екі жылдай жүрексінгенімен, ақыры не болса да басын тігуге шешім қабылдаған Қауя 1947 жылы Қазақстанға оралады. Француздармен бірге фашистермен соғысқаны есептелсе керек, қудалау көрмейді.
Алайда 1948 жылы Майбалық ауылында есепші болып жүргенінде азық-түлік тапшылығынан қысылған жерлестеріне дорбалап бидай берді деген жаламен түрмеге қамалады.
Қауя ағамыз 87 жасында дүниеден өткенше турашыл мінезімен ерекшеленген еді. 1959 жылы Роза есімді ауылдас қызбен шаңырақ құрып, артында ұлдары қалды.
Ахметжан ҚУАНТАЕВ,
журналист
ПЕТРОПАВЛ