• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Мамыр, 2021

Шет елдегі қазақ генералдары

4131 рет
көрсетілді

1. Дәлелхан Сүгірбаев

Қазақ жұртының жалынды азаматтарының бірі – Дәлелхан Сүгірбаевтың өмір тарихы әрқилы.

1906 жылы Монғолия жерінде дүниеге келген. 1921 жылы қызылдардан жеңіліп Қобда өлкесіне ауып барған  Бакич бастаған ақ гвардияшылардың қолына түсіп,  ағасы Дөрбетхан, інісі Мұқамен бірге ату жазасына үкім етіледі. Үкім орындалып жатқанда ғайыптың күшімен қашып құтылады. Ағасы мен бауыры оққа ұшады. Содан 1921 жылы Монғол елінде төңкеріс орнап жаңа үкімет құрылғанда оны қолдаушылар қатарында болады. 1928 жылы Ұлан-батыр қаласында өткен кезекті Құрылтайға барып қатысады. Құрылтайда байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу мәселесі сөз болады. Содан секем алған Дәлелхан бір түнде қашып Қытай еліне өтіп кетеді.

 

1940 жылы басталған Алтай қазақтарының көтерілісіне ниеттес болады. Сол үшін қамауға алынған сияқты. Жазушы марқұм Жақсылық Сәмитұлының 2000 жылы Алматыда жарық көрген «Қытайдағы қазақтар» атты еңбегінің 114 бетінде: «1941 жылы 10 қазан күні Д. Сүгірбаев тұтқындалды. Бірақ түнде жоғалып кетті» - депті. Ал, түркиялық зиялы ақсақал Дәлелхан Жаналтайдың  естеліктерінде: «1942 жылы Сарысүмбедегі Совет консулы Дәлелханды ұрлап әкетті. Қол-аяғын байлап жүк машинаға тиеп Жеменай шекерасы арқылы Алматыға апарды»-деп жазады («Қилы заман, қиын күндер»,  Алматы, 2000 ж, 55-бет).

Кеңес елі Д. Сүгірбаевты Алматыда оқытып-тоқытып 1944 жылы Ресей арқылы Монғолияның батысындағы Бай-өлке аймағына жеткізіп, одан ары Оспан бастаған көтерілісшілерге қосады. Осы жылы (1944) Алтай қазақтарының «Уақытша төңкерісшіл үкіметі» орнап, ондағы партизандар қолбасшысы болып Д. Сүгірбаев тағайындалады. 1945 жылы үш аймақ көтерілісінен пайда болған Шығыс Түркістан республикасының ұлттық армиясы атты әскерінің қолбасшысына тағайындалып, мемлекет басшысы Әлихан төренің жарлығымен генерал-майор шенін алады. 1947 жылдың ақпан айында Алтай аймағының генерал-губернаторы болады. Жоғардағы Дәлелхан Жаналтай қария өзінің естелік жазбаларында сол кездегі атау бойынша «генерал Сүгірбаев» деп жазыпты.

Алтай қазақтарының ардагер ұланы генерал Дәлелхан Сүгірбаев 1949 жыл ұшақ  апатынан қаза тапты.

2. Жайсанып Мүдәрісұлы

Атақты ұшқыш, жалынды әскери қайраткер Жайсанып (Зайсанов) Мүдәрісұлының да тағдыры сан қилы. Марқұмның  басына қойған  құлыптаста туған жылы «1910» деп жазылыпты. Туған жері мына Зайсан өңірі. 1925 жылдары Зайсан жақтан Монғол еліне өтіп кеткен. Содан 1932 жылы Монғол елі атынан Кеңес елінің Орынбор қаласындағы әуе күштері училищесіне оқуға барады. Әрине, оған жас азаматтың орыс тілін жақсы білетіндігі себеп болғаны сөзсіз.  Оқуын бітірген соң 1937-39 жылдары өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қалып қойды.

Бірақ 1939 жылдың басында Моңғол елі керішақырып алды. Себебі, 1938 жылы 1 желтоқсан күні Монғол армиясының тарихында тұңғыш рет әуе күштерінің күшейтілген полкі құрылған болатын. Соған тәжірибелі басшы қажет еді. Әрі Халкин-гол маңында Жапон миллитаристерінің шабуылдау қауіпі төніп келе жатты. 1939 жылы Халкин-голда КСРО мен Монғолия қарулы күштері бірлесіп жапондарға соққы берді. Соғысқа өз полкын бастап полковник Жайсаныпта қатысты.

Жайсанып Мүдәрісұлы  1942 жылдың 15 қазанында Монғолия Үкімет басшысының № 00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 1944 жылдың сәуір айында Ұлы Құрылтайдың № 22 жарлығымен генерал-мойор шені берілді.

1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Кеңес Одағы  жедел Жапонияға қарсы соғыс жариялады. Оған Монғолияда қатысты. Осы жорықта Жайсанып басқарған Монғол елініңұшқыштары жапондарға қарсы әжептәуір соғысқан сыңайлы. Мысалы, архивте сақталған жорық жазбаларының бірінде: «Мүгден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы  - 49 ұшақ, «Дюблестник» типтегі – 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші генерал-майор М. Зайсанов» - деп, қол қойған.

Жапония жеңілгеннен кейін орыс-монғолдың бір топ генералдарымен бірге Жайсанып Мүдәрісұлын Бас қолбасшы И.В.Сталин Мәскеуде қабылдаған. Өз қолымен Кеңес Одағының «Қызыл Ту» орденін тапсырған. Осы оқиға жайында ертерек Жайсаныптың өз аузынан жазып алған, бүгіндері аман-есен Ұлан-батыр қаласында тұрып жатқан академик-ғалым, жазушы-журналис Ислам Қабышұлы  1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Аймағым алтын ордам» атты естеліктер жинағында былай деп еске алыпты: «... орден тапсырып тұрып И.В.Сталин: – құрметті генерал сіз қай ұлттан боласыз, - депті. Жайсанып: «Мен қазақпын жолдас Бас қолбасшы!»-дейді, таза орыс тілінде. Сонда И.В.Сталин: – Сізді мен сырттай 1939 жылдан бері білемін, аз халықтың үлкен жүректі азаматы екенсіз, құттықтаймын!».

1948 жылдың 28 маусым күнгі мемлекет басшысы маршал Х. Чойбалсанның бұйрығымен генерал Жайсанып  КСРО Әуе күштері академиясына оқуға жіберіліпті. Одан кейінгі өмірі күңгірт. 1953 жылы біржола тұрып қалу үшін Алматыға ат басын бұрған көрінеді. Оған сол тұстағы жағдай сай болмаған. 1965 жылы дүниеден өткен.

3. Жекей Қалидолдаұлы

Бұл азамат 1959 жылы  тағы да Монғолия елінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келіпті. 1967-1975 жылдары орта мектепте оқып, білім алған. Одан кейін Қобда қалалық ауылшаруашылық техникумында оқып, 1979 жылы әскери борышын өтеуге атанған. Армия қатарында жүріп алғырлығымен көзге түседі. Содан астанада орналасқан Сүхе-батор атындағы әскери жоғары оқу орнының курсанты атанады. 1983 жылы аталмыш  оқу орнын бітіріп, Батыс шекарадағы  «Бұлғын» отрядына қызметке тағайындалады.

Тегеуірінді азамат шекара отрядында взвод командирі ретінде жұмысын бастап, айналасы оншақты жылдың ішінде: жылжымалы топ жетекшісі, штабтың әзірлік бөлімінің басшысы, соңында отряд командирлігіне дейін көтерілген. 1990 жылы Мәскеу қаласында шекара әскерилерінің мамандық жетілдіру курсында оқып келіп, байырғы қызметіне қайта кіріседі.

Содан 1997 жылы үкімет жолдамасымен Мәскеу қаласындағы Шекаралық әскери басқару академиясына оқуға аттанады. Осында оқи жүріп әскери ғылымның докторы атағын қорғайды. 2000 жылы академияны бітірген соң  Бай-өлке халқының қалауымен Ұлы Құрылтайға  депутат болып сайланады.

 

Жекей Қалидолдаұлы қызмет барысында «Алтын жұлдыз», «Майдан даңқы» қатарлы үкіметтік жоғары награда орден-медалдарға ие болыпты. 2004 жылы депутаттық мандаты аяталғаннан кейін Монғолия шекара әскері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады.

Өткен 2007 жылдың 27 шілде күні Моңғолия Президентінің жарлығымен бригада генералыатағы берілді.