• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Мамыр, 2021

Мәңгілік сауалға мәнді жауап

651 рет
көрсетілді

Сонау ілкі замандардан бері адам баласын толғандырып келе жатқан ең маңызды сауалдың қатарында «өмірдің мәні не?» деген сұрақ бар. Оған әр адам өз танымының деңгейінде жау­ап іздейді.

Әрбір жазушы өз орта­сының, қоғамының көзқа­расын, түсінігі мен пайымын ми елегінен өткізіп, оған өз топшылаулары мен тоқтамдарын, болжамдары мен тәжірибесін, сондай-ақ өмірдің, тіршіліктің заңдылықтарын қосып, өмірдің мәні жайлы туындыларды өмірге әкеледі. Бұл әсіресе, өмірден мән іздеуге шақырып тұрған экзистенциализм термині дүниеге келген жиырмасыншы ғасыр мен біздің дәуірге тән. Рухани дағдарыс пен мәдени құлдырауды бастан те­рең өткерген соңғы екі ғасырдың адам баласының арқасына артқан жүгі ауыр. Адамдар шыбындай қырылған Екінші дүниежүзілік соғыс пен мәдениеттер мен өрке­ниеттердің тағдыры шешілген жаһандану дәуірі, адамдардың тең жаратылысына күмәнмен қараушылықты тудырған капитализм адам өмірінің мәні туралы сауалды алға шығарып, әсіресе, жазушылардан, қаламгерлер­ден ойшылдықты, сұңғылалықты та­лап етті. Әйтпесе қым-қуыт өмір­дің мың түрлі бояуын бейнелеу, сан алуан тағдырдың жа­йын оқырманға жеткізу, кейіп­кердің ішкі күйін сипаттау оңай емес. Бұл тұрғыдан келгенде кейіп­керлері оқырмандардың санасында өмір сүретін қаламгерлер бақытты. Өз басымыз сондай қа­ламгерлердің қатарында нарық­тық қатынастардың адам психология­сына әсерін, адам болмысының жалғыздығын, әрбір тағдырдың оқшаулығын, санадағы ақиқат пен өмір шындығының бір-бі­ріне сәйкесе бермейтінін сәтті бе­дерлейтін Нұрғали Оразды атар ек.

Оның бір кейіпкері сиқырлы көл сияқты. Күн сәулесі бетінде жалт-жұлт ойнап, бірте-бірте жылына бастаған тұңғиық көл секілді, төңірегіне жып-жылы шуақ шаша қарайтын тостағандай қара көзді келіншекті жазушы бастан-аяқ сиқырлы көлге теңеп, ең соңында өткеннің бәрін тереңіне батырып, ешқандай белгі қалдырмай, жым-жылас қып жұтып қойып, тұп-тұнық боп мөлдіреп жатады деп сипаттайды. Оның тағы бір кейіпкері оңаша арал сияқ­ты. Шетсіз, шексіз көк айдынның бір қиырындағы кіп-кішкентай боп бұлдырап тұрған оңаша арал қалай елсіреп, құлазып тұрса, кейіпкердің қар басып, мұз қа­тып жатқан жан-дүниесі де дәл сондай құлазулы, жалғыз... Қа­ламгердің енді бір кейіпкері адас­қан жұлдыз болса, тағы біреуі бақ құсының өзінен аумайды. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын осы кейіпкерлер оқырман көңіліне мықтап орнығады. Себебі прозаик поэтикалық көркемдіктің қуатын, шендестіру, теңеу, са­лыс­тырулардың адам санасына әсерін ерекше меңгерген. Міне, сол себепті олар азан шақырып қойған атымен емес, жазушының теңеуімен есте қалады. Бір қы­зығы, осы кейіпкерлердің еш­қай­сысы қарапайым, күйбең тір­шілікті місе тұтпайды. Идеал махаббат іздейді, өткен шақты сағынады, тосын қадамдар жасайды, өз тағдырының қожасы болғысы келеді, т.б. Қысқасы, ортамен, тіршілікпен санасқысы келмейтін ерекше кейіпкерлер айналып келгенде өз өмірлерінің мәнін тапқысы кеп шарқ ұрады.

Нұрғали Ораз шығар­ма­шы­лығына тән ерекшелік ретінде оның адам болмысының жалғыздығын нәзік сыршылдықпен сипат­та­уын­да дер ек. Жазушы жалғыз­дық­ты жай ғана сезінбейді, ол жалғыздықты көреді. «Түнмен бір­ге ере келген Тыныштықтың же­тегінде Жалғыздық бар еді. Ол өзі бір қол-аяғы шидей, басы қа­зандай, бадырақ көз арық балаға ұқсайтын-ды. Міне, сол бала-жал­ғыздық қазір жан-жағына ұрлана көз салып, әлі шамы сөне қоймаған терезелерден ішке сығалап қарап келеді...» дейді жазушы. Міне сол бала-жалғыздық сәт сайын өсіп, аяқ-қолы сидиып, бойы се­рейіп, мойнын созып ұмтылып, терезелердің жақтауына жабысып алып, әрбір пәтердің ішіндегі көріністерге телміреді. Жалғыз-жалғыз адамдардың мұңдарына куә болады. Бірақ олар мұны көрсе де көрмегендей, сезсе де сез­бегендей кейіп танытады. Тіпті ма­саңдау бір әйел «әрі жүр» деп жалғыздықты қуып жібереді. Түні бойы жаны жабырқап, көңілін кіреуке басатын адамдар таңертең ештеңе болмағандай күліп оянып, шаруасына асығады екен, пәтерде жалғыз тұратын дімкәс қарттың өзі бір пакет сүт пен бөлке нан алу үшін әне дүкенге кетіп барады. Олар жалғыздықты танымайды, мойындамайды... Жа­зушы адамдардың барлығы бір­дей жалғыздықты сезіне алмайтынын, сезінсе де мойындағысы келмейтінін, тіпті оны танымайтынын, оның ар жағында олардың өз болмыстарын танымайтынын, өз-өздерінен қашатынын, өз-өздерін алдайтынын жалғыздықты бөлек болмыс ретінде бейнелеу арқылы сәтті жеткізген. Мойны қылқиған, бойы сорайған бала-жалғыздық адамдардың жалғыздық туралы таным-түсінігінің қораш­ты­ғына, жетілмегеніне де мең­зеп тұрғандай. Тіпті адам жалғыз­дық­ты мойындамау, танымау арқылы ғана тіршіліктен, өмірден ләззат алуы мүмкін деген сияқты ойлар да жасырынып жатқандай ма...

Қаламгердің «Аяқталмаған ер­тегі» әңгімесінен нарықтық өмір­дің заңдылықтарын танимыз. Отбасылы, жігіт ағасы жас­тағы ғылым кандидатының аяқ­тал­май қалған махаббат ертегісі оқыр­манды әрі-сәрі күйге түсіреді. Бір­неше жылдан соң баяғы бой­жет­­кенмен кездесуге құрған жос­парының сәтсіз аяқталуында тұр­мыстың шындығы бар еді. Яғни баяғы талшыбықтай бойжеткен Раушан жеме-жемге кел­ген­­де онымен кездесуге өзін ір­кіп қалады. Себебін, жазушы былайша түсіндіреді: «...ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қа­жы­­тып, торсиып ісініп кеткен қол­дарын қайда сыйғызарын біл­мей, онсыз да тырсылдап әрең сыйып тұрған сұр плащының етегін тартқылай берді». Яғни тұрмыстың илеуіне түскен, сөйтіп мазмұны да, пішіні де өзгерген ауылдық әйел өзінің маңдайы жарқыраған қалалық ғылым кандидатымен кездесуге лайық емес екенін дер кезінде түсінеді... Өмір шындығының қиялдағы махаббат ертегісіне қатысы жоқтығын шеберлікпен баяндаған жазу­шы адамдардың нарықтық қоғамдағы құны, мазмұны туралы толымды ой толғайды. Айналып келгенде қандай қоғамда өмір сүр­се де адамның жан дүниесі бос­тандықты, еркіндікті, махаббатты қалайтынын, сол арқылы өз өмірінен мән тапқысы келетінін жымдастыра өрнектейді.