Ешкім жазайын деп жазбайды һәм жазбайын деп жазбай кетпейді деседі. Суреткердің қаламынан туған көркем дүниенің бәрі – өмірдің ісі. Мың сан ойды әбден қорытып, көркем тіл кестесімен оқырманға ұсынған жазушылардың айырмашылығы – бейнелі ойлайтындығында ғана. Әлқисса.
Әдеби сауалдамамыздың кезекті авторы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт.
– Жазу жағы жүдеулі. Жадаулы. Бұрнағы жылы әжептеуір еңбектеніп едік. Бір жыл бойы тыным таппағанбыз. Ұйқы-күлкі көрмегенбіз. «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы аясында, Қытай Халық Республикасының «Жібек жолы бойындағы жүз қала» жобасы бойынша және Қазақстанның «Рухани жаңғыру» бағдарына сәйкес, Қазжазодақ тапсырысымен, Ұлы Жібек жолының тарихи һәм заманауи жауһары, шуақты шаһары және өзгеше уәлаят хақында «Түркілер төрі Түркістан» атты кітап жазғанбыз. Тарихи-көркем эсселер жинағы. Қазір Қытайда тәржімаланып жатса керек.
Былтыр да Түркістан қаласы мен облысын насихаттауға публицистикалық дүниелеріміз арқылы біршама үлес қостық-ау. 2005-2010 жылдары Астанаға екі-үш ай бармасақ, танымай таңырқаушы едік қой. Бүгінде Түркістанымыз тап сондай жағдайда. Қайнап жатқан құрылысына қатыспасақ та, қаламымызбен демесек дейміз.
Ал енді «жазу жағы жүдеулі, жадаулы» деп меңзеп, кей-кейде мең-зең болатынымыздың себебіне келейік. Шынымызды айтсақ, біз пақырыңыз тек әулие жанр әңгіме жазғанда ғана қанағат тапқандай күй кешеміз. Көркем әңгіме дейтұғын дүрри-гауһар дүниені жөндеп жарата алмай, қиналып жүрген күндеріміз көбейді. Биыл ең кемі екі әңгіме жазармыз деп ойға салғанбыз. Әзірше ой-қиялдағы күйінде.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Ақшаға құнықпа, мансапқа құнықпа, әйелге құнықпа», деген ғой. «Алайда, құнықпа дегеніміз қызықпа дегеніміз емес», деп пәлсапалатып жалғастырады. Осы құнығу мен қызығу туралы бір пьеса бастап едік, жартысына жақындағанда, жыртып тастадық. Кейде қағаз жыртудың өзі жүйке тыныштандыратын секілді.
Ең негізгі ниетіміз, басты тілегіміз – туған елдің, тұтас адамзаттың амандығы. Мына пәлекет індеттен, індет артқан міндеттен ертерек арылтса екен. Ертеректе бір әдеби басылымнан оқыған мынадай тәмсіл ойға оралады осындайда. Бір салиқалы прозашы мен қызбалау ақын биік таудың басында тұрыпты. Төмендегі туған елге, туған жерге қарап, толғаныпты деседі. Арқалы ақыныңыз:
– Ай, айналайын, есіл елім-ай! Енді жүз жыл өткенде мына мендей асыл ақындарыңның асыл өлеңдерін оқымай қор қыласыңдар ғой, – депті.
Ал прозашы күрсініп:
– Ақын бауырым, мына біздей жаман жазушы перзенттерінің шығармаларын оқымаса да, жүз жылдан кейін де қайран жұртымыз, есіл еліміз есен-аман болса екен, – деген.
Асқар Сүлейменов ағамыз: «Өмір – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шыңғырады», дейді.
Тән тұншығулы, жан шыңғырулы.
Шығармашылық құпияңызбен бөліскеніңізге рахмет.